19-21 сәуірде «Атырау» ДСК-де облыс тарихында тұңғыш рет юниорлар арасында таеквондодан Азия чемпионаты өтуде.
Шара ҚР мемлекеттік бапкері, жерлесіміз, Олимпиада-2008 қола жүлдегері Арман ШЫЛМАНОВТЫҢ жетекшілігімен өтуде. Ол бізге былай деп әңгімеледі:
– Азия чемпионаты екі сайыста қатар өтуде – керуги (жекпе-жек) және пумзе (формальды кешен). Сайысқа 25 елдің құрамасы, барлығы 500-дей спортшы қатысуда. Кеше, 19 сәуірде бес алқа жиынтығы бәске түсті. Бүгін жетеуі, ертең сегіз алқа үшін сайысады. Сайыстың алғашқы күнінде қазақстандықтар үш қола алқа алды. Соның ішінде, 63 келіге дейінгі салмақта ҚР құрамасының құрамындағы бірден-бір Атырау өкілі Жадыра ХАЙРУЛЛИНА жүлдегер атанды.
Азия чемпионатынан кейін «Атырау» ДСК-де таеквондо мерекесі жалғасады. 22-24 сәуірде ол жерде А.Шылмановтың жүлдесіне халықаралық Kazakhstan Open турнирі өтеді. Ол Атырауда екінші рет өтейін деп отыр және жақында беделді G-1 санатына ие болды. Яғни, Олимпиада ойындарына қатысу үшін лицензия алды. Көрермендер үшін Азия чемпионатына да, Kazakhstan Open турниріне де кіру - тегін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН