Атырау, 24 қараша 11:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүрдехана қызметі де ақылы

5 623 просмотра

Мақаттықтар өлген адамның денесін кері алу үшін сот медициналық сараптама орталығының Атыраудағы филиалы ақша талап еткеніне шағымданады. Алайда филиал басшысы бұл әңгімені жоққа шығарып отыр. Көңілсіз әңгіме әрине. Бірақ бұл  ерте ме, кеш пе өзекті жан атаулының басына келетін жай болған соң елеусіз қалдырғымыз келмеді. Өйткені  жақыныңды жерлеу – оның отбасы үшін онсыз да   үлкен орыны толмас қайғы және қаржылық шығын екені белгілі.

МАҚАТТЫҚТАР ӘҢГІМЕСІ

Өткен аптада «АЖ» тілшісіне Мақат ауданынан қоңырау келіп түсті. Осы ауданның тумасы 64 жастағы Галина Вчерашняя есімді әйел қаңтардың басында  аяқ асты үйінде көз жұмады. Ол қамқоршысы жоқ, жалғызілікті қарт адам. Балалары болғанмен бірі түрмеде, екіншісі психикалық ауру. Мақат селолық әкімшілігі жәрдем көрсетіп, қаладағы сот сараптама орталығына апару үшін 6 мың теңге, ал көршілері 4 мың теңге жиыстырып беріпті. Алайда орталық қызметкерлері өлімнің себебіне тегін талдау жасаудан бас тартып, 30 мың теңге талап еткен. «Өлген адамның сүйегі де қызып тұрған сауда екен. Біз қолымызда бар болғаны 10 мың теңге бар, соған сараптама жасап бере салсаңыздаршы деп өтініп едік, сот медициналық сараптама орталығы қызметкерлері тыңдағысы келмеді. «Олай болса жұмыс күні келіңдер, сендер бізді онсыз да мерекеде мазалап отырсыңдар» деді. Ал марқұм әйел қаңтардың 4-і күні қайтыс болған. Біз оны қаңтардың 6-сы күні кешке білдік. Біздің көзімізше шымкенттік жас жігіттің мүрдесін кері алу үшін 60 мың теңге талап етіп жатты. Қасымыздағы полицияға пысқырған да жоқ» дейді сұхбаттасушым телефон арқылы. Бұл Рождество мерекесі күні болатын. Сот сараптамасы орталығы талап еткен ақшаны тауып бере алмайтын болған соң, онсыз да екі күн жатып қалған мүрдені сот медициналық сараптау орталығына тастап, келгендер кері Мақатқа жол тартқан.

«Біз мәселені ауыл әкіміне айтқан едік. Қарабатанға жете бергенімізде Атырауда қалып қойған полиция қызметкері  аудандық ішкі істер бастығының араласуымен мәселенің шешілгендігін хабарлап, «мәйітті алып кетіңдер» деп қоңырау шалды. Біз қайта кері оралып, жинаған 10 мың теңгемізді беріп, марқұмның денесін алдық. Сараптама көп уақыт алмайтын, 1 сағаттың ғана шаруасы екен. Сот медициналық сараптама орталығының қызметкерлері ренжіп, бұлтиса да қортындысын берді» деп аяқтады әңгімесін аты-жөнін жария еткісі келмеген сұхбаттасым.

МҮРДЕХАНАДАҒЫ ПРЕЙСКУРАНТ

Сот медициналық сараптама орталығының Атыраудағы филиалы  тікелей Астанаға бағынатын қазыналық мемлекеттік мекеме. Оның басшысы Нұрлан КАПИН жоғарыдағы әңгімені толықтай теріске шығарды. Оның айтуынша мұнда  үйінде немесе басқа да белгісіз жағдайларда қаза болғандардың мүрдесі құқық қорғау орындарының қаулысынсыз қабылданбайды.

- Біздерде  мүрдені сақтау, жуындыру, киіндіру, ішімдікке қатыстылығын анықтау тәрізді ақылы қызмет түрлері денсаулық сақтау министрлігінен бекітіліп келген бұйрыққа сай былтырғы қыркүйектен бері көрсетіліп келеді. Өйткені қазыналық мекеме  болғандықтан өз-өзімізді қамтамасыз етуге мәжбүрміз.Мен тек сараптаманың жүруіне ғана жауап беремін.  Ал қорытынды тегін беріледі. Сіздің айтып отырған әңгімеңіз жалған болса керек. Егер ондай жағдай орын алғаны рас болса маған неге хабарламаған?-дейді ол.

-Дегенмен ресми прейскурантпен  танысуға бола ма?

- Біз жартылай жабық мекеме болғандықтан көп ақпарат бере алмаймыз. Бірақ ресми бекітілген ақылы қызмет түрлерінің тізімімен таныстырайын: дене жарақаттарын көрсете отырып сот медициналық куәлендіру- 3186,28 теңге, ішімдіктің (қандағы, дәреттегі) мөлшерін анықтау- 3543 теңге, улы заттардың барлығын анықтау (уланып қалған жағдайларда)- 43125,95 теңге, мүрдені мұздатқыш камераларда  сақтау сағатына- 162,49 теңге, мәйітті косметологиялық өңдеу (жуындыру, киіндіру)- 2206,81 теңге. Ал сараптау өткізіліп болған соң денені ағайындары алып кетеді

Сот медициналық сараптама орталығының  Атыраудағы филиалы тағы бір   қазыналық мемлекеттік мекеме-облыстық  патологоанатомиялық бюромен бір ғимаратта орналасқан.

Бірақ мұнда  ауруханадан ауруы тарихымен бірге әкелінген мүрделер қабылданады, патогисталогиялық сараптамалар жасалып, ақылы ритуалдық қызметтер көрсетеді. 

Бюро директоры Исатай МОЛДАҒАЛИЕВ ақылы қызмет түрлерінің барлығын  жасырған жоқ. Оның сөзіне сүйенсек  облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекіткен ресми тізімде мүрдені мұздатқыш камерада сақтау тәулігіне -400 теңге, жуындыру, киіндіру- 1600 теңге, бальзамдау-3100 теңге тұрады.

-Бірақ бұл былтырғы жылдың ақысы. Ал биыл жарық, су бағасының өсуіне байланысты  ақылы қызмет  бағасы да  көтерілді, әзірге денсаулық сақтау басқармасында  бекіту үшін жіберілді,-дейді ол.

Өлімнен ешкім қашып құтылмас. Сондықтан қазыналық мекемелер құнын алдын-ала есептей берсе де болар...

Сәния ТОЙКЕН

20 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.