Атырау, 22 желтоқсан 13:13
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Жеңіс тер төгумен келеді»

3 120 просмотра


Облыстық джиу-джитсу федерациясы тәрбиеленушілерінің халықаралық аренада айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүргендеріне бірінші жыл емес. 2015 жылы ересектер арасында панкратионнан әлем чемпионы атыраулық Талғат Жұмағалиев болды, одан кейін екі жылдан соң аралас жекпе-жек (ММА) бойынша жастар арасында өткен әлем чемпионатында «алтынды» тағы да біздің жерлесіміз джиу-джитсу палуаны Ерулан Қабдулов жеңіп алды. Тәрбиеленушілерінің жеңіске жетуінің құпиясымен облыстық джиу-джитсу федерациясының директоры Айбар ЕСЕНҒАЛИЕВ (суретте) бөлісті. 

- Біздің спортшылар жеңіске күн сайынғы, жылдарға созылған жаттығуларының нәтижесінде қол жеткізеді. Соған қарамастан чемпионаттардың барлығы бірдей олар үшін жеңіспен аяқтала бермейді. 2016 жылдың қазан айында біздің тәрбиеленушіміз Шыңғысхан Бозанов ҚР құрамасымен Польшаның Вроцлав қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатына қатысты, ал қарашада Ашхабадта Азия чемпионатында бақ сынады. Екі турнирде де ол шеберлігін көрсете білді, алайда, бұл оның медальға қол жеткізуіне мүмкіндік бермеді. Шыңғысхан өзіне мықты тәжірибе жинады, біз оның әлі-ақ талай жүлдеге ие боларына сенімдіміз. 

- Дарынды спортшыңыз Ерулан Қабдулов туралы айтсаңыз? 

Айбар ЕСЕНҒАЛИЕВ

- Ол Дамбыдағы «Қызыл балық» ауылынан. Ол осы ауылдағы Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте ашылған біздің секциямызда жас бапкер Мерей Қаштенбайда төрт жылдан бері жаттығып келеді. Ерулан панкратионнан еліміздің екі дүркін чемпионы. Осы жылдың ақпан айында Ярославль қаласына ММА бойынша өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына барып қайтты. Бұл оның халықаралық аренадағы алғашқы жекпе-жегі болатын. Осы кездесуде ол бірден әлем чемпионының алтын жүлдесін жеңіп алды! Ақпан айында федерацияның басқа да тәрбиеленушілері өз жетістіктерін көрсете білді. Щучинскіде қоян-қолтық ұрыстан болған ел чемпионатында MMA FCF толық нұсқасы бойынша чемпиондық белдікті панкратион бойынша 55 келіге дейінгі салмақта Талғат Жұмағалиев жеңіп алды. Осы жарыста 100 келіден жоғары салмақта Арғын Сабыров қола жүлдегер атанды. 

Алматыда жастар арасында джиу-джитсудан болған ҚР кубогінде 69 келіге дейінгі салмақта Қуандық Жаңбырбаев жеңімпаз болды. Ол жазда Афинада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Онда ол үш жекпе-жек өткізді. Алайда, медальсыз қалды. Бұл тағы да біздің спорт түрінің жеңімпазы болу көп еңбектенудің арқасында ғана мүмкін екендігін дәлелдейді. 

- Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз? 

- Жақында Астанада Ашхабадта қыркүйек айында жабық жайларда өтетін Азия ойындарына барынша дайындалған спортшыларды іріктеу бойынша ересектер арасында ҚР кубогі өтеді. Бұл турнирде жарыс екі санат - невадза (партерде күресу) және файтинг (басқа соққы тигізбей толық белдесу) бойынша өткізілді. 18-22 мамырда «Атырау» ДСК джиу-джитсудан невадза және файтинг санаттары бойынша жастар ойындары өтеді. Қыркүйек айында Семейде джиу-джитсудан ҚР чемпионаты өтеді деп жоспарланып отыр. Біз осы басты жарыстарға мұқият дайындалудамыз. Біздің тәрбиеленушілеріміз дәстүрлі түрде қоян-қолтық ұрыстарға қатысатын болады. Сәуір айында Ақтөбеде жастар арасында Душанбеде мамырда өтетін Азия чемпионатына іріктеу бойынша ел чемпионаты болады. 

- Республикалық жарыстарға лайықты спортшыларды жіберу үшін облыс чемпионатында толыққанды іріктеу жүргізу керек қой. Федерация атынан қанша спортшы қатысады және олар үшін жаттығулар қайда өткізіледі? 

- Федерацияда жаттығуларды Амангелді, Ф.Оңғарсынова атындағы мектептерде, Мұнай және газ университеті, №1БЖСМ және Қызылқоға ауданы, Сағыз селосында алты бапкер жүргізетін болады. Облыста джиу-джитсумен барлығы шамамен 200-дей спортшы айналысады және олар облыс чемпионатында өз жас ерекшеліктеріне қарай татамиде бақ сынайды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


30 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.