Атырау, 22 желтоқсан 12:55
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 426 просмотра

ФУТБОЛ

8 наурызда Қостанайда «Тобыл» және «Атырау» командалары арасында футболдан ел чемпионатының 1-ші турының матчы болды.

Ойын тартысты болған жоқ, алаң иелері бірден есепті 3:0 етіп, сеніммен жеңіске жетті. Хет-тректі шабуылшы Александр ЩЁТКИН (13-ші, 57-ші, 66-шы минуттарда) жасады. Айтпақшы, 2013 жылы ол «Атырау» үшін ойнаған болатын. Осы матчтағы оның бірінші салған добы футбол маусымындағы Премьер-лига үшін де алғашқы гол болды. 

«Атырау» ФК директоры Тимур НИГИМОВ чемпионаттың 9 ұпайға кем есеппен басталғандығын растады. Бұл ұпайлар бұрынғы бас бапкер Зоран ФИЛИПОВИЧ пен ойыншы Рикардо Соуза да КОСТА алдындағы берешек үшін клубтан алынған болатын.

***

ДОЙБЫ

№1 БЖСМ-де бозбалалар мен бойжеткендер арасында наурыздың аяғында Қаскелеңде өтетін ҚР чемпионатына үздік ойыншыларды іріктеу бойынша дойбыдан облыстық біріншілік өтті. 

2009 жылы туылған және одан төменгі жастағы – Зарема Бауыржанова мен Темірлан Сырым, 2007-08 жылы туылған – Эльмира Жұмалиева мен Қалыбек Кенжеғали, 2004-06 жылы туылған – Данагүл мен Бекарыс Жұмалиевтар, 2001-03 жылы туылған - Ардақ Седағұлова мен Ернұр Ермекқали чемпиондар атанды.


***

КАРАТЕ

Таразда ересектер арасында каратеден ҚР чемпионаты өтті. Атырау командасында «күміс» медальды Әсел Серікова (келіге дейін), «қоланы» Әсемгүл Қайырғалиева (55 келіге дейінгі) жеңіп алды. 

- Финалда Әсел өте жақсы соққылар жасай білді. Төрешілер (хантей) шешімімен жеңісті оның қарсыласына берді, - дейді «Қайсар» спорт клубының бапкері Сансызбай Торғаев. 

- Каратенің олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуіне байланысты ел чемпионатына қатысушылар саны екі еседен де асып түсті. Спортқа, тіпті, өз мансаптарын аяқтаған спортшылар қайта оралуда. Мұның өзі жекпе-жектердің жоғары деңгейде тартысты өтуіне себепші болды.

***

ДЗЮДО

Анталияда болған Еуропа кубогінде атыраулық дзюдошы Серікболсын Шынтас ерекше көзге түсе білді. 

Ол 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Үш жекпе-жекте жеңіске жетіп, жартылай финалда есе жіберіп алды. Нәтижесінде – «қоланы» місе тұтты. Спортшыны №1 БЖСМ жаттықтырушылары Б.Тайжанов пен Б.Жұмабаев дайындады. 

***

ШАХМАТ

«Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ректорының кубогі» үшін өткізілген 7-ші дәстүрлі шахмат фестивалі аяқталды.  Жарысқа Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан 58 шахматшы қатысты. Турнир щвейцарлық жүйе - 7 кезеңнен тұратын «рапид» номинациясы (әрбір ойыншыға партияға 25 минуттан беріледі) бойынша өткізілді. 

Абсолюттік есепте шахматтан халықаралық шебер, №1 БЖСМ қазіргі жаттықтырушысы Жәнібек Аманов жеңімпаз деп танылды. 2-ші орынды жасөспірімдер арасында ҚР үш дүркін чемпионы Нұрбол Ғалымжанұлы иеленді, ал политехникалық колледждің оқушысы Тұрар Шаймардан 3-ші орынға ие болды. 

Ардагерлер арасында Орал қаласының тұрғыны Айтқалы Ізбасаров бірінші орынды, екінші орынды Дамбыдан Әуез Шербасов, 3-ші орынды Еркінқалалық Бөкенбай Ағашин жеңіп алды. Қыздар арасында жүлделі орындарды Диляра Ғабитова, Жазира Боран, Ульяна Тарасова өзара бөлісті. Жасөспірімдер арасында Аят Абдуллаев, Әлимансур Олжа, Нұрсипат Қайрош, қыздар арасында - Зухра Сәрсенбі, Зарина Нұрғалиева, Саида Саламатовалар жеңімпаз болды. «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесімен 77 жастағы Төре Жұмағалиев және 7 жастағы Зарина Сабырбайқызы марапатталды. – Мұндай турнирлер біздің спорт түрінің халық арасында кеңінен насихатталуына мүмкіндік береді. Олардың қатарының көбейгенін қалаймыз, – дейді облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Ғайсин.








16 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.