Атырау, 22 желтоқсан 13:01
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Доссорлықтардың жеңісі және Құрметтің лайықты жеңілісі

3 393 просмотра

2016 жыл атыраулық муай-тай оғландары үшін медальға бай жыл болды. Өз тәрбиеленушілерінің жетістіктері және биылғы жылғы жоспарлары туралы облыстағы осы спорт түрінің аға жаттықтырушысы Нұрберен ӘМІРЖАНОВ (суретте)  әңгімелейді.

- Бізде үш доссорлық жігіт ҚР құрамында «А» санаты бойынша өткізілетін турнирлерде бақ сынап жүр. Қазақстанда оларға тең келетін спортшылар жоқ. Біз осындай мықты спортшыларды көптеп дайындаймыз деген сенімдеміз. Өткен жылдың наурыз айында болған ҚР чемпионатында Еламан Саясатов, ағайындылар Ищан мен Әбіл Ғалиевтер «алтын» медальға ие болған еді. Шілдеде Петропавловскіде өткен Солтүстік кубогінде Еламан кубок иегері болды. Мамырда Стокгольмде әлем чемпионатында Еламан екінші, Ищан үшінші орынды иеленді. Әбіл болса сенсация жасады: бірінші жекпе-жекте тайлық боксшыны тізе бүктірді. Ол тай боксында тайлықты жеңген бірінші қазақ! Өкінішке қарай, келесі айналымда Әбіл Украина құрамасының өкілінен ұтылып қалды. Қыркүйек айында Вьетнамдағы Жағажайлық Азия ойындарында Еламан мен Ищан күміс медальды қанжығаларына байлады. Дәл осындай көрсеткішке екі дос бір айдан соң Қазанда болған әлем кубогінде қол жеткізді.

- Басқа спортшылардың қол жеткізген табыстары қандай?

- Желтоқсанда Астанада ҚР кубогінде Ғалымжан Қалимов, Айымгүл Асанова және Бибігүл Жапашева жеңімпаз атанса, Жұмабек Мыңбай, Бауырбек Мұханжан – күміс жүлдегер атанды. Игорь Антохин мен Жұмабек Тілекбаев өздерін рингте жақсы көрсете білді, дегенмен ақтық жекпе-жектерде есе жіберіп алды.  Біз Жұмабек финалға жетеді деп есептедік, алайда, өкінішке қарай жереби бойынша оған өте мықты қарсыласпен бақ сынауға тура келді. Ол бірінші жекпе-жекте-ақ, ұтылып қалды.

Тағы бір «сәйгүлік» - Құрмет Марғұлан. Мен 18 жастағы бозбаланы жарысқа алып бардым да оған 63,5 келіген дейінгі салмақта жекпе-жекке шығатынын айттым, ол алғаш рет ересектер санатында алаңға шықты. Оған кәсібилер арасында бақ сынап жүрген еліміздің чемпионы Петропавловскіден келген Жанат Жарғақовпен айқасу мүмкіндігі туды. Жанат бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа түсірем деген ниетпен шықты. Жанат Құрметті соққының астына алып жатқанда менің бойымды қорқыныш биледі: шынымен нокаутқа түсірмек пе? Кез-келген секундта рингке тастай салуға дайын ормалды қолыма қатты қысып тұрдым.  Алайда, Құрмет үш раундта да қарсы тұра алды және кейде қарсы шабуылға да шыға білді. Әрине, бұл жекпе-жекте Жанат жеңіске жетті. Бірақ, біздің оғланымыз таяқ жейтін бозбалалар қатарынан болмай шықты. Мұның өзі бәрінен бұрын Құрметтің өзі үшін маңызды болды. Ол менің барлық нұсқауларымды орындады.

24-26 наурызда Алматыда ересектер арасында ҚР чемпионаты өтеді. Қазір біз осы чемпионатқа команда дайындап жатырмыз. Онда мамыр айында Минскіде өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ҚР құрамына мықты спортшылардың іріктеуі болады. Оған сөзсіз, Еламан, Ищан және Әбіл, сондай-ақ, Б.Мұханжан, Ж.Мыңбай, Ж.Тілекбаев, Қ.Марғұлан және Б.Жапашева барады. Біз өзіміздің доссорлық спортшыларымыз «алтын» алады деген үміттеміз. Б.Мұханжанға да сенім артып отырмыз.

- Жыл басынан бері ҚР екі чемпионаты өтті. Осы чемпионаттардағы жетістіктерге тоқтала кетсеңіз?

- Қаңтарда Алматыда 6-13 жас аралығындаға балалар арасында ҚР чемпионаты өтті. Кішкене балғындар барынша тырысып бақты, өйткені, мықтыларға Түркияда болатын әлем чемпионатына қатысу құқығы берілетін болды. Біздің балалар арасынан Әли Науанов, Қайрат Айдынғали, Арсен Бейсенбай және Сағынбек Хасанов чемпион атанса, «күміс» жүлдеге Юсуф Мухтасип, Шыңғысхан Елубаев, Әбдірайм Тұрдиев, Ізғали Әмірғали, Әділжан Амангельдиев және Ділда Жұмалиевалар ие болды, Вячеслав Ким, Нұртас Сағидолла, Әлихан Ермұханұлы, Ғанибет Боранғали, Әли Мұратов, Рамиль Маратов, Бекжан Өмірзақов және Дамир Әліп қола жүлдегерлер атанды. «Үздік техникасы үшін» жүлдесіне  Ю.Мухтасип пен А.Бесенбай ие болды.

Ақпанда кадеттер мен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты болды. Бұл жарыста Мұхамедали Мақсот чемпион атанды, «күмісті» Нұрдаулет Жұмабеков, Жұмабек Орынғалиев және Райым Тұрдиев, «қоланы» Еркебұлан Асқарұлы, Темірлан Амантаев және Еламан Өтегенов жеңіп алды.

- Муай-тай бойынша шетелдік және Атыраудың мықты деген спортшыларының қатысуымен үлкен спорттық шоу мерекесін ұйымдастыру жоспарда бар ма?  - Біріншіден, біз тамыз айында Атырауда 6 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасыенда ҚР муай-тай федерациясының кубогін өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Кубок Ақтөбе қаласында өтті, биылғы жылы біздің кезегіміз. Әсерлі шоу мерекесіне келер болсақ, қазір біз «Қайсар» СК жаттықтырушыларымен осы идеяға қатысты талқылау жүргізіп жатырмыз. Ақпанда Атырауда ҚР муай-тай федерациясының вице-президенті, танымал спортшы, актер Фархад Аманқұлов келген болатын. Ол бізге шетелдік кәсіби спортшылардың қатысуымен турнир өткізуге ұсыныс жасады. Енді сол ойлаған жоспарларымызды жүзеге асыру қана қалды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.