КҮРЕС
№1 БЖСМ-де спорт ардагері, танымал бапкер Мұрат Қалбановтың 60 жылдығына арналған грек-рим күресінен республикалық турнир өтті.
Атырау құрамасында Иса Қожаев жеңімпаз атанды. Күміс алқамен Сүндет Базарбаев, Әділет Қайыржанов және Максим Вахутин марапатталды.
* * *
Қарағандыда грек-рим күресінен ҚР чемпионаты өтті.
Атыраулық спортшылар арасынан «алтын» медальды Нүркен Дүйсенғалиев, «күмісті» – Саламат Есенәлиев, «қоланы» – Евгений Поливадов және Мирас Рахметуллаев жеңіп алды. Спортшылар жоғары спорт шеберлігі мектебінде Е. Әділбаев, В. Тен және А. Поливадов сынды жаттықтырушыларда жаттығады.
* * *
САМБО
Қостанайда 2005-06, 07-08 ж. т. жасөспірімдер арасында самбодан республикалық турнир өтті.
Боз кілемнің үстінде еліміздің 14 аймағынан келген 355 жас самбошылар бақ сынады. Атырау облысы құрамасының активінде екі қола медаль – оны иеленгендер Асылхан Кереев (27 келіге дейінгі) және Нариман Мұқан (31 келіге дейінгі) болды. Спортшыларды Б. Қошқаров және К. Табынбаев жаттықтырады.
ДЗЮДО
Таразда 2000-01 жылғы жасөспірімдер арасында дзюдодан ел чемпионаты өтті.
Облыс құрамасы үш алқаны қоржындарына салды. 81 келіге дейінгі салмақта Серікболсын Шынтасов чемпион атанды, «қола» Мақсат Әбдірахман (55 келіге дейін) мен Жанұзақ Ермағамбетке (90 келіден жоғары) бұйырды. Жігіттерді бапкерлер: Б. Тайжанов, Е. Шынтасов, Б. Жұмабаев пен Р. Құлбаев дайындады. Азия және әлем чемпионаттарына қатысу үшін ҚР құрамасына іріктеу жүргізу Анталияда өтетін халықаралық турнирде жалғасын табады. Серікболсын сол жаққа жолдама алған болатын.
* * *
Челябинскіде дзюдодан 2000-01 жылғы жасөспірімдер арасында «Олимпке барар жол» қайырымдылық қорының сыйлығы үшін халықаралық турнир өтті.
Оған Атырау спортшылары да қатысты. Дінмұхамед Шаменов (60 келіге дейін) «күміс», М. Әбдірахман (55 келіге дейін) мен С. Шынтасов (81 келіге дейін) «қола» иеленді. Спортшыларды К. Сүлейменов, Б. Жұмабаев пен Б. Тайжанов дайындайды.
* * *
ДОЙБЫ
Атырауда жүз торкөзді дойбыдан соқырлар қоғамының біріншілігі өтті. Мұнда наурыз айында Астанада көру қабілеті бойынша мүгедек жандар арасында өткізілетін ҚР чемпионатына мықтылар іріктеледі.
Сайысқа 14 ойыншы қатысты. Ерлер арасында 1-ші және 2-орындарды Аманқос Әбдешев пен Данияр Идаятов өзара бөлісті, 3-ші орынды Нұрберген Дүйсембаев алды. Әйелдер арасында 1-ші орынды Мөлдір Қажимова, 2-ші орынды Баян Исманова, 3-ші орынды Жұпар Сәрсекенова алды.