Таеквондодан облыс құрамасы 2016 жылды едәуір табыспен аяқтады. Енді биыл да айтарлықтай жетістіктерге жетуді мақсат етіп отыр. Бұл туралы облыстың аға бапкері Әнуарбек АМАНҚҰЛОВ (суретте)әңгімелейді.
- Біздің елеулі жетістіктеріміз баршылық. Ересек спортшылар да, юниорлар да табыстарға қол жеткізуде. Біз үшін бұл маңызды. Біз тек бүгінгі күнмен өмір сүріп жатқан жоқпыз.
2016 жылдың қыркүйегінде юниорлар Айдана Еділбаева (42 келіге дейін) мен Майра Сүйенбекова (68 келіден жоғары) халықаралық «Russia Open» турниріне қатысты.
Мәскеудегі бәсекелестік өте жоғары деңгейде болды. Нәтижесінде тек Айдана қола алқаға қол жеткізді. Содан кейін біздің екі спортшымыз да ҚР құрамасының құрамында қарашада Канаданың Бернаби қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Қыздар бірінші айналымда ұтылып қалды, алайда, бұл тәжірибе олар үшін пайдалы болатын.
2016 жылдың желтоқсанында Өскеменде юниорлар арасында ҚР чемпионаты өтті. Бұл жерде Жадыра Хайруллина (63 келіге дейін) чемпион, ал Мерген Ғайниев (73 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Облыстың ересектер құрамасы мамырда жыл сайын Мәскеуде өтетін Бүкілресейлік «Патриот» турниріне қатысты. Алмас Меллятов (63 келіге дейін) финалда Сахалин облысынан қатысқан Чанг Деге ұпай бойынша жол беріп, күміс алқаны місе тұтты. Қола алқа Үмбет Шәкиевтің (80 келіден жоғары) еншісіне тиді.
Қазанда өткен ел чемпионатында 2016 жылғы Олимпиадаға қатысушы Жансел Дениз (67 келіге дейін) өз дәрежесін дәлелдеп, алтын алқа тақты. Айгүл Елубай (73 келіден жоғары), Аягөз Нығметова (73 келіге дейін) және А.Меллятов (68 келіге дейін) қола жүлдегерлер атанды. Қазір Ж. Дениз Алматының тау баурайларында оқу-жаттығу жиынына қатысуда. Біз ақпанның аяғында Дубайда өтетін «Фуджейра Опен» «G1» халықаралық турниріне қатысу үшін оны облыс құрамасына қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл турнирде әлемнің мықты таеквондошылары 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін алғашқы рейтингілік ұпайларын жинау үшін сайысады.
Өткен жылдың тағы бір жетістігі – атыраулық паратаеквондошы Нұрлан Домбаевтың Варшавада өткен Еуропа чемпионатында алтын алқа тағуы. Қазір ол жаттығуын жалғастырып, кезекті сайысқа қатысуға дайындалып жүр.
Бұл күндері облыс құрамасы көп ұзамай Антальяда басталатын халықаралық «Туркиш Опен» турниріне қатысуға дайындық үстінде. Бірнеше күннен соң сол жерде клубтар арасында Еуропа чемпионаты басталады. Ж.Хайруллина, А.Елубай, А.Меллятов және Сағадат Жолдасбаев облыс құрамасының намысын қорғайды.
Наурызда Ақтауда таеквондодан ел чемпионаты мәртебесіне теңестірілген ҚР Жастар ойыны өтеді. ҚР құрамасына іріктеу жүргізіледі. Сондықтан біз мықтап дайындалудамыз.
15-16 сәуірде «Атырау» ДСК-де Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылмановтың жүлдесі үшін ІІ халықаралық Kazakhstan Open турнирі өтеді. Енді турнирге «G1» санаты берілген. Оның қатысушылары рейтингілік ұпай жинай алады. Турнирге мықты спортшылардың қатысатыны сөзсіз.
Атырауда өткен бірінші Kazakhstan Open турнирінде облыс құрамасы 3 алтын, 5 күміс және 13 қола алқаны өз қоржындарына салды. Динара Ұзақбаева, Айдана Еділбаева және Арайлым Оразақова турнирдің жеңімпаздары атанды. Сәуірдегі нәтиже де табысты болады деп үміттенеміз.
Жаңа ғана бізге Атырауда 11-13 сәуірде юниорлар арасында таеквондодан Азия чемпионаты өтетіндігі белгілі болды. Бұл турнирде жүлделі орындарға лайықты үміткерлеріміз бар. Жаңа спортшыларымыздың да бағын сынап көреміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ