Кәсіпқойлар арасындағы Азия чемпионы Абзал ДҮСІПОВТІҢ жағдайы қалай? Биыл Атырау мен басқа облыстардың кикбоксшылары арасында матчтық кездесулер жоспарланып отыр ма? Осы және өзге де сауалдарға кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Данияр ЖҮСІПОВ жауап берді.
САПАРЛАР ЖӘНЕ АЛҚАЛАР
- Данияр, 2016 жылғы облыс құрамасының жетістіктері туралы айтсаңыз.
- Айтатын жетістіктер баршылық. Мамырда Шымкентте 2000-01 жылғы кадеттер арасында ҚР чемпионаты өтті. Ол жерде Аян Шомболов пен Сәлімжан Сәлімгереев алтын алқа тақты. Шілдеде Таразда 2003-04 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде Әсет Темірбаев (36 келіге дейін), Серікжан Сәлімгереев (51 келіге дейін), Аманат Сабырғали (70 келіден жоғары) чемпион атанды, Роман Зубарев қола алтынға ие болды.
1997-99 жылғы жастар арасында Өскеменде өткен ҚР чемпионатында Жанәлі Сәлімгерей (51 келіге дейін) чемпион болды. Мақсот Ильяс (67 келіге дейін) пен Бейбарыс Сәрсенбаев (81 келіге дейін) қола жүлдегерлер атанды. Атап өту керек, наурыз айында Астанада ересектер арасында өткен ел чемпионатында жақсы жетістіктермен таныла бастаған жас спортшы Ж.Сәлімгерей алтын алқаға қол жеткізген болатын. Онымен бірге Азамат Өтемісов (60 келіге дейін) жеңісін тойлады. Аллаберген Қайса (67 келіге дейін) осы салмақтағы ҚР құрамасының бірінші нөмірлі спортшысы тараздық Мақсот Усиппен тайталасқан жекпе-жекте ұтылып, «күміс» алды.
Мамыр айында Будапеште өткен Әлем кубогына Жанәлі мен Азамат қатысты. Алайда, ұйымдастырушылар сайыс бағдарламасынан 2017 жылдың жазында Лас-Вегаста өтетін Дүниежүзілік ойындар бағдарламасына енгізу үшін 51 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жекті алып тастады. Сөйтіп, Жанәліге 54 келіге дейінгі салмақта сайысуға тура келді. Ол жерде Азия чемпионы, астаналық Ерлан Шағбан ҚР құрамасының көшбасшысы болатын. Екеуі де финалға жетіп, сол жерде Жанәлі ұпай саны бойынша Ерланға жол берді.
А.Өтемісов өз «алтынын» сөзсіз ұтып алды.
Маусымда АМУ «Жайық» спорт кешенінде Атырау мен Қарағанды облыстарының құрамалары арасында матчтық кездесу және кәсіпқойлар әзірбайжандық Зухраб Азимов пен Абзал Дүсіпов арасында рейтингілік жекпе-жек өтті.
Ақпанда Қарағандыда өткен алдыңғы матчтық кездесуде біздің команда қожайындарға 1:4 есебімен жол берді. Барлық жекпе-жек нокаутсыз аяқталды. Ал «Жайықта» біздің спортшылар сол ұпайда есеп қайтарды. Тек Әсет Мейірлан қарағандылық Бақтыбек Шынтеміровпен жекпе-жекте ұтылып қалды. Ж.Сәлімгерей, Жандос Назарбеков, А.Өтемісов пен А.Қайса өз жекпе-жектерінде жеңімпаздар атанды.
Ал Абзал Дүсіпов бес раундты жекпе-жекте әзірбайжан бәсекелесінен үстем түсті. Шоуды «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының әртісі Қайрат Әділгерей жүргізді, сондай-ақ, онда «Алаш ұлы» триосы өнер көрсетті. Құрметті қонақтардың қатарында 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, ҚР кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Есентаев, ҚР WAKO-PRO және Қарағанды облыстық кикбоксинг федерациясының президенті Ерлан Сұлтанғалиев, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев және сол кездегі қала әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысты.
Шілдеде облыс құрамасының мүшелері Батумидегі халықаралық турнирге қатысты. Ж.Назарбеков «алтын», А.Қайса – «күміс» алқалар иеленді.
Қыркүйекте кадеттер мен жастар арасында Дублинде өткен ел чемпионатында Ж.Сәлімгерей күміс жүлдегер атанды. Ал оның бауыры Сәлімжан мен А.Шомболов қола алқаны місе тұтты.
Тамызда Алматыда «мықтылар турнирі» өтіп, А.Дүсіпов, Ж.Сәлімгерей мен Ж.Назарбеков жеңімпаздар болды. Осы айда Кизлярда А.Дүсіпов, Ж.Назарбеков, А.Қайса, Дәурен Керімов, Мереке Рыспаев, Махамбет Сарымолдиевтен құралған облыс құрамасы және жоғары санатты бапкер, 2005 жылғы әлем чемпионы Қуанышбек Қосақов Дағыстан құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу ойындарын өткізді. Дағыстан құрамасында әлем чемпиондары Рамазан Разаков, Башир Баждинов, Еуропа чемпионы Магомед Саидов пен Ресейдің еңбек сіңірген бапкері Ахмед Ахмедов қатысты.
Оқу-жаттығу ойынын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық кикбоксинг федерациясы қаржыландырды.
Қарашада жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы облыс құрамасы Махачкалаға барып, Дағыстанның ашық біріншілігіне қатысты. Бұл сайыстарда Серікжан Сәлімгереев, А.Шомболов, Аманқос Расул және Бақдәулет Қайырлиев жеңімпаз атанып, Р.Зубарев «күміске» ие болды. «Үздік техникасы үшін» сыйлығына С.Сәлімгереев лайық деп танылды.
Желтоқсан айында Петропавлда өткен ҚР Кубогында Ж.Сәлімгерей мен Ж.Назарбеков алтын алқалар, А.Өтемісов – «күміс», Сержан Құсайынов – «қола» иеленді. Жаңа жыл қарсаңында Бакуде облыс құрамасы Әзірбайжан құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу ойындарын өткізді. Оған Ж.Сәлімгерей, Ж.Назарбеков, А.Өтемісов пен Д.Керімов қатысты. Жиындарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қаржыландырды.
ағайынды Сәлімгереевтер
«КЕЗДЕСУЛЕРДІ КЕЛЕСІ ЖЫЛҒА ҚАЛДЫРАМЫЗ»
- Биылғы жылға облыс құрамасының жоспары қандай?
- Ақпанда Семейде оқу-жаттығу ойындарын өткізу жоспарланды. Содан кейін Челябинскідегі халықаралық турнирге барамыз. 22-26 наурыз аралығында «Атырау» ДСК-де ересектер арасында ел чемпионаты өтеді. Ол жерде қыркүйекте АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға іріктеу жүргізіледі. Сайыс өте қызықты болмақ. Бұдан басқа, наурыз бен маусым аралығында Қазақстанның түрлі қалаларында жасөспірімдер, кадеттер мен жастар арасында чемпионаттар өтеді.
- Биыл біз кәсіби аренадан Абзал Дүсіповтің қатысуымен өтетін жекпе-жекті тамашалаймыз ба?
- Абзал биыл «кәсіпқойлар» арасындағы жекпе-жекке қатысуды жоспарлап отырған жоқ. Жоспар мынадай: Абзал ҚР чемпионатына (Атырауда), Азия чемпионатына (Ашхабадта) және әлем чемпионатына (АҚШ-та) қатысатын болады. Мақсат – ҚР Еңбегі сіңген спорт шеберінің нормативін орындау. Ол үшін қоржында әлем чемпионатының екі алтын алқасы болуы керек.
Естеріңізге салсам, Абзал 2013 жылы Түркияда бір рет әлем чемпионы болды.
Сондай-ақ, ҚР мен Азия чемпионаттарында Ж.Сәлімгерейдің, Ж.Назарбековтің, А.Өтемісовтің жақсы жекпе-жек көрсететіндігіне үмітіміз зор. Егер олар сол жерде «алтын» тақса, оларға «Халықаралық санаттағы спорт шебері» атағы беріледі.
- Биыл Атырауда басқа облыстардың құрамаларымен матчтық кездесулер өткізу жоспарланып отыр ма?
- Жоспарда жоқ. ҚР, Азия және әлем чемпионаттарына әзірленуге байланысты бұған уақыт болмай отыр. Келер жылы сайыстар күнтізбесі мұндай қауырт болмайды. Сол кезде кездесу ұйымдастыруды жоспарлайтын боламыз. Облыс құрамасының спортшылары мен бапкерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетке, облыстық федерация президенті Медет Серікбаевқа және федерацияның атқарушы директоры Ерік Ботахановқа қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ