Атырау, 22 желтоқсан 19:17
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Бұл чемпиондыққа жету үшін жеті жылымызды арнадық»

3 161 просмотра

Футболдан Атырау облысы Жоғары лига чемпионатының алтын медальдарын «Достар» командасы жеңіп алды. Біз команда капитаны Ілияс НЫСАНОВПЕН (суретте) әңгімелестік.

- «Достар» командасы 2009 жылы менің және менің достарым Олжас Лұқманов, ағайынды Ерлан мен Аслан Төлешовтердің және Аслан Құспантаевтардың қолдауымен құрылды. Сол жылы біз команда жинап, облыс чемпионатында бақ сынадық, осылайша, соңғы орындардың біріне ие болдық. Кейін жылдан- жылға көтеріле келе, өткен маусымда чемпионаттың қола жүлдесіне ие болсақ, биыл чемпион атандық.

- Сіздер үшін салтанатты болған маусым туралы айтыңызшы?

- Демалыс күндері және жұмыстан қолымыз бос кезде «Ривьера» стадионында ойнадық. Чемпионатқа 16 команда қатысты. Екінші айналымда олардың тек тең жартысы ғана қалды. Алдын ала ойнаған кезеңде біз тек бір рет қана «Мереке» командасынан 1:2 есебімен жеңілдік, сол себепті бірінші айналымның қорытындысы бойынша турнирлік кестеде екінші орынды иелендік. Екінші айналымда біз жеті матч өткіздік. Бірінші болып өткен маусымның күміс жүлдегері атанған «Ембімұнайгаз» командасымен ойнадық. Мұнайшылар есепті ойынның 20-шы минутында ашты. Біз күшімізді жиып, оларға үш голмен жауап бердік: мен есепті бірінші таймда теңестірдім, екінші таймда екі голды менің достарым Нұрбол Ғайсин мен Қуаныш Оразғалиев салды.

Ілияс НЫСАНОВ

Екінші матчта біз «Намыс» командасымен ойнадық. Бұл команданың бұрынғы аты «Алламан», бұл 2010 жылғы облыс Жоғары лигасының чемпионы. Біздің жігіттер чемпион қарсыластарынан қаймыға қоймады, батыл шабуылдап, қақпаға үш гол салды. Ойынның 90-шы минутында біздің ойыншымыз Артур Ғалиев ереже бұзды және төреші 11 метр қашықтықта пенальти соғуға шешім шығарды. Бұл ереже бұзушылығымен Артур сары кәртішкеге ие болып, бір матчтан сырт қалды, ал бұл бізге кесірін тигізді. Екінші айналымда біздің қатарымыз «NCOC» командасының шабуылшысы Бейбіт Татишевпен толықты. Бұдан басқа біз «Олимп» командасынан Әли Өмірзақовты, Бауыржан Ержановты («Достар-2010»), Евгений Манаенконы («Дос 2010») және сол кезде еш жерде ойнамаған Айдарбек Меңдіғалиевті командаға алдық. «FIOC» командасымен болған матчты жоғарыда атап өткенімдей, Артур жіберіп алды, ал Бейбіт сырқатына байланысты екі ойынды өткізіп алды. Есеп 1:1 болған кезде алаңнан қателігі үшін біздің жартылай қорғаушымыз Арман Мұхатанов шеттетілді. Нәтижесінде ойынның 85-ші минутында «FIOC» алға шығып, бұл кездесуде жеңіске жетті.

Екінші айналымның төртінші ойынындағы «АМӨЗ» командасымен болған ойынның 25-ші минутында допты қарсылас қақпасына шығардым, сол сәтті Сағидолла Жұматаев шебер пайдалана білді, ал он минуттан соң Бейбіт допты қақпаға салды, біз 2:0 есеппен ұтып кеттік. «Мереке» командасына қарсы ойында бірінші айналымда-ақ есеп 2:0 болды. Б.Татишев ерекше ойнай білді. Алтыншы турда біздің қарсыласымыз Жоғары лига дебютанты «Нұрберген» командасы (барлық ойыншылары СМП-136 ықшам ауданынан) болды. Мықты команда, дегенмен біз 5:1 есеппен оларды да тізе бүктірдік. Соңғы турдың алдында біз «FIOC» командасынан бір ғана ұпайға басым түстік, ал алда бізді қазіргі чемпион «НСС» командасымен кездесу күтіп тұрды. Бізге тек жеңіс керек болды. Біздің жолымыз болды! Хет-трик жасаған Бейбіт Татишев үздік болды. Біз 3:0 есебімен жеңіске жетіп, облыс чемпионы болдық.

- Таяудағы жоспарларыңыз қандай?

- «Алтын» медаль бізге облыс чемпиондарымен болатын аймақтық ойындарда облыс атынан шығу құқығын береді. Наурызда алғашқы ойынымыз күтіп тұр. Қарсыласымыз әзірге белгісіз.

- Чемпиондық құрамды атап өтсеңіз?

- Қақпашылар - Аслан Сүндетқалиев, Мұхтар Байымбетов, қорғаушылар – Сәкен Рахмашев, А.Ғалиев, Әділет Тәжіғұлов, Саяхат Есқожаев, Антон Быков, Данияр Қазанғапов, Ризабек Қабдулов, Нұрлан Рысмағамбетов, жартылай қорғаушылар – А.Меңдіғалиев, С.Жұматаев, А.Мұхатанов, Нұрбол Ғайсин, А.Өмірзақов, Б.Ержанов, Нұрлыбек Таникеев, Е.Манаенко, Нұржан Қожаниязов, Қуанышбек Темірғалиев, шабуылшылар – К.Оразғалиев, Б.Татишев, И.Нсанов.

Бір қызығы осы тізімдегі футболшылардың тек 8-нің ғана футбол секцияларында жаттыққан тәжірибелері бар, ал қалғандары өз аулаларындағы алаңда ойнап жүрген футболшылар. Барлығыңызға қашанда өз армандарыңызға сеніңіздер деп айтқым келеді. Біз бұл жеңіске жету үшін жеті жылымызды арнадық. Және айтарым футболды жақсы көріңіздер, футболмен айналысыңыздар, командалар құрып ойнаңыздар! Біздің биылғы жылғы алғашқы демеушіміз «RК Tel» фирмасына (құрылтайшысы Қайрат Меңдіғалиев) алғыс білдіргіміз келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.