Атырау, 20 сәуір 04:13
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

3 217 просмотра

БЕЛДЕСЕ КҮРЕСУ

Астанада жиырмадан астам елдердің құрамасы қатысқан белдесу күресінен әлем чемпионаты өтті.

Бұл турнирде Атырау қаласының №1 БЖСМ тәрбиеленушісі Шынар Сүйіндікова (суретте) өзін көрсете білді, ол 70 келіден жоғары салмақта бақ сынап, «күміс» медальға ие болды. Бұл жеңісті спортшымен бірге оның жеке бапкері Данияр Жақсиев және белдесу күресінен аға жаттықтырушы Асылбек Қалиев те тойлауда.

***

КАРАТЕ

Алматыда ҚР окинавиялық годзю-рю карате ассоциациясының 25 жылдығына арналған турнир және республикалық гашуку-семинары болды.

Семинар годзю-рю және кобудо бойынша өтті. Турнирдің сайыстық бөлігіне ката және ирикуми-дзю – ауыртпа тәсілдер мен лақтыру техникасы қолданылатын жекпе-жектер кірді.

Атырау облысының атынан 7 жастан 14 жас аралығындағы 14 спортшы шықты. Жерлестеріміз жеңістерімен қуантты. «Алтынға» В.Хороших, К.Жақсылық, Т.Өтеғұл, Б.Иосимов, Д.Ержігіт, Н.Байтөбетов, Н.Мадыханов; «күміске» - А.Меңдыбаев; «қолаға» - Д.Мұратов, Н.Неледов, Б.Мұратов, А.Балғымбаев, Т.Қапашевтар ие болды.

Спортшыларды бапкерлер А.Рахман, С.Торғаев, Б.Ізбасханов, А.Любин және О.Айтжанова дайындады.

***

БОКС

Степногорскіде ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 1999-2000, 2001-04 ж.т. қыздар арасында бокстан республикалық турнир өтті.

Турнирге қатысқан атыраулық боксшы қыздар арасынан алтын медальға Зарина Халиулла (60 келіге дейінгі салмақта), Құралай Исақова (57 келіге дейінгі салмақта) және Динара Зинуллина (54 келіге дейінгі салмақта) ие болса, «күмісті» - Дильназ Сұлтангереева (44 келіге дейінгі салмақта), «қоланы» - Марта Жалмұхан (57 келіге дейінгі салмақта), Арайлым Нұрқуатова (54 келіге дейінгі салмақта) және Жасмин Роговенко (32 келіге дейінгі салмақта) еншіледі. Д.Зинуллина «Үздік техникасы үшін» арнайы жүлдесіне ие болды. Қыздарды бапкерлер Алексей Юн, Мейрамғали Әбсенов және Әлібек Көшенов дайындады.

***

ВОЛЕЙБОЛ

Атыраулық отырып ойнайтын волейбол командасы Германияда жыл сайын өтетін «Лейпциг кубогі» турнирінен екінші орынды иеленіп қайтты.

- Еліміз құрамасы үшін негізгі құрам болып саналатын Атырау командасы бірінші айналымда алаң иесі «BV Leipzig» командасын 3:2 есебімен жеңіп кетті. Бұл аталмыш клуб Германия құрамасының негізін құрайтын команда болып табылады. Олар 2012 жылы Лондонда өткен Параолимпиаданың қола жүлдегерлері. Кейін олар мықты деген командалардың бірі Хорватия құрамасын да тізе бүктірген. Дегенмен, өкінішке қарай біздің команда ақтық кездесуде «BV Leipzig» командасына есе жіберіп алды, - дейді параволейболдан ҚР құрамасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ.

***

ШАХМАТ

Атырау қаласы және АМӨЗ ЖШС зейнеткерлері командалары арасында шахматтан матчтық кездесу болды.

Қала командасының құрамында Сәлімгерей Мұқанов, Сатыбалды Көпжасаров және Аман Құмаровтар бар. Ал зауыт зейнеткерлері командасының атынан Ахмеджан Иманғалиев, Владимир Вакуров және Владимир Пашкиндер ойнады. Матч шамамен үш сағатқа созылды. Нәтижесінде жеңіске зауыт ақсақалдары қол жеткізді. Жеке есеп бойынша бірінші орынды А.Иманғалиев, екінші орынды А.Құмаров, үшінші орынды - В.Вакуров және В.Пашкин иеленді.

***

ТУРНИРЛЕР

«Мұнайшы» спорт кешенінде №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ертілеу Жұбанәлиевті еске алу құрметіне арналған облыстағы спорт мектептері қызметкерлерінің арасында I ашық қалалық спорттық ойындар өтті.

Спорттық тәлімгерлер жарысына Қызылқоға, Мақат, Индер, Исатай, Махамбет аудандарының, Атырау қаласының №1 (Привокзальный) және №4 (Геолог), сондай-ақ, №1 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (Авангард) командалары қатысты.

Дойбыдан - Құрманбай Әшетов, Әйгерім Қазиева; үстел теннисінен – Ерлан Өмірбеков, Айгүл Отарова; асық-атудан – Индер БЖСМ командасы; арқан тартыстан – №4 БЖСМ; кіші футболдан – Махамбет БЖСМ командасы жеңімпаз деп танылды. Командалық есеп бойынша бірінші орынды Индер БЖСМ иеленді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.