Атырау, 22 желтоқсан 19:30
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

4 230 просмотра

СУҒА СЕКІРУ

Алматы қаласында суға секіруден өткен ҚР чемпионатында Атырау қаласының командасы жақсы көрсеткіш көрсетті.

Атырау облысының атынан шыққан 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жүлдегері Алексей Пригоров екі алтынды қанжығасына байлады. Оның бірін ол 3 метрлік трамплинге жеке секіруден, енді бірін 10 метрлік мұнарадан секіруден алды. №1 С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернаттың түлегі, бүгінгі күні энергетика және құрылыс колледжінің оқушысы Артем Карепанов чемпионатта таңғаларлық өнер көрсетті. Роман Розыбакиевпен мәнерлеп секіруде екі медальға ие болды. Ол ересектер арасында трамплиннен және мұнарадан секірді. Сондай-ақ, А.Карепанов юнорлар арасында да бақ сынап күміс және қола жүлдені еншіледі. Ал, Валерия Бартко 4 қола медальға ие болды. Команданың аға бапкері, Украинаның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Владимир Молчановтың айтуынша, А.Карепановқа ҚР спорт шебері атағын беру жөнінде құжаттар жолданған.

***

ДЗЮДО

Қызылордада дзюдодан ҚР кубогі және чемпионат өтті

Жеке біріншілікте Атырау облысы құрамасының мүшелері Назгүл Құбашева (57 келіге дейінгі салмақта), Эльмира Самиғоллаева (78 келіге дейінгі салмақта) және Сұңғат Закарияев (90 келіге дейінгі салмақта) еліміз чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. 78 келіге дейінгі салмақта «қола» жүлдені Қалжан Тайжанова иеленді. Қола жүлде үшін болған жекпе-жекте атыраулық дзюдо мектебінің жарық жұлдызы, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Айболат Ыстыбай ұтылып қалды.

ҚР Кубогі ерлер арасында облыс құрамаларының матчтық кездесу форматында өтті. Атырау облысының құрамасы бірінші матчта Оңтүстік Қазақстан облысынан 3:2 есебімен басым түсіп, жеңіске жетті. Ал кейін осындай есеппен алаң қожайындарынан жеңіліп қалды. Одан соң біздің спортшыларымыз Алматы облысының командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді, ал «қола» үшін болған матчта 3:2 есебімен ақтөбеліктерді еңсеріп тастады.

- Облыс құрамасы мұндай жетістікке тарихта бірінші рет қол жеткізіп отыр. Бұл спорттың осы түрінің Атырауда кең дамып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді, - дейді облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Рашид ҚҰЛБАЕВ. – Облысымыздың титульды дзюдошысы Асхат Тельманов биылғы чемпионатта бірінші айналымда-ақ ұтылғанына қарамастан өзінің ұлттық құрамадағы орнын сақтай білді. Оған оның «өтпелі кезеңде», яғни, 6 келіге салмақ қосып, салмақ дәрежесін өзгерткендігі себеп болды. С.Закарияев және А.Ыстыбай ұлттық құрамадағы орындарын резервке қойды.

***

КҮРЕС

Өскемен қаласында 2001-03 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткен еліміз чемпионатында облыс құрамасы жақсы жетістіктерге қол жеткізді.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алаңға шыққан палуандар арасында Бекзат Жалғасов чемпион атанды. Ол бес жекпе-жек өткізіп, барлығында да мерзімінен бұрын жеңіске жетіп отырды. 69 келіге дейінгі салмақта белдескен Жастілек Шамарданов алтын медальды иеленді. Ал, 54 келіге дейінгі салмақта «қола» Айдос Қизатовқа бұйырды. 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Миримбек Сатаев жекпе-жектерінде қарсыластарынан басым түскенімен «қола» үшін белдескен кездесуде ұтылып қалды. Спортшыларды бапкерлер Т.Исламғазиев, А.Жаманбаев және А.Лекеров дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар дене тәрбиесі және спорт басқарамасының басшысы А.Бекет пен олимпиадалық дайындық орталығының директоры М.Жанғалиевке спортшыларды дайындауда қолдау танытқандары үшін алғыстарын білдіреді.

АМУ-нің «Жайық» спорт кешенінде Тұрлан Нұрмұхановты еске алу құрметіне орай 2000-02 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен 5-ші ашық республикалық турнир болып өтті. Жарысқа Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Өзбекстан, Қалмақстан және Қазақстаннан 15 команда қатысты.

Облыс құрамасында «алтынды» Б.Жалғасов (69 келіге дейінгі салмақта) және Абай Лұқпанұлы (100 келіге дейінгі салмақта) жеңіп алды. 76 келіге дейінгі салмақ бойынша Ж.Шамарданов күміс жүлдегер атанды, ал, «қола» Асхат Беркімбай (46 келіге дейінгі салмақта) және Ғабдикарим Шармұхамедовке (85 келіге дейінгі салмақ бойынша) бұйырды Спортшыларды бапкерлер Т.Исламғазиев, А.Жаманбаев, К.Кенжеғариев және А.Лекеров дайындады.

1 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.