Футбол
«Атырау» ФК футбол орталығының 2007-08 ж.т. футболшылар командасы «Тараз» ФК алғашқы президенті Айтбек Байқоразовты еске алу құрметіне өткізілген республикалық турнирде «алтын» медальды жеңіп алды.
Турнирге Қаратау қаласының «Фосфорит», Луговое қаласының «ДЮСШ», Жамбыл облысының «ДЮСШ», «Атырау» ФО, «Тараз» ФО және Тараздың «Монтажник» командалары қатысты. Ойын айналма сызба бойынша өтті. «Атырау» ФО командасы барлық матчта жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді. Турнирдің ең үздік қақпашысы Сағат Нұрбағыт болды. Ең үздік шабуылшы деп Ернұр Ғайсин танылды, ол тоғыз гол соққан. Балалардың тәлімгері Асқар Балашов Ерхан Ертілеу мен Медет Аронның үздік ойынын атап өтті.
Қазақ күресі
Аймақтық дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен қазақ күресі және самбодан 2003-04 ж.т. және таеквондодан 2000-2001 ж.т. мектеп оқушылары арасында облыс біріншіліктері өтті.
Өз салмақ дәрежелері бойынша мына спортшылар жеңімпаз деп танылды: қазақ күресі бойынша - Батырлан Амангелдиев, Бексұлтан Елеусінов, Әділет Жексенбай, Мирас Құсайынов, Аманқос Ұзақбаев, Оразбек Зинетолла, Ерсін Бекжанов, Мансур Ғалым, Әлішер Жоламанов; самбодан - Айболат Орынғалиев, Нариман Мұқан, Құрманбек Рахметов, Бейбарыс Әділжанов, Нұржан Сарсенғалиев, Әли Ғарифоллаев, Әбілмансұр Ғалым, Райымбек Базарбаев, Е.Бекжанов, А.Жоламанов; таеквондо (жасөспірімдер) - Аманжан Бекежан, Бейбарыс Нұрбаев, Станислав Сурков, Әлихан Бақытжанов, Жомарт Жамұратов, Фархат Сырымов, Артем Сильханов, Радмир Әбдіғалиев, Рамазан Әлібекұлы, Нұрхат Маратұлы; (қыздар) Әсел Мақсот, Алина Дадикенова, Әлима Мадхат, Меруерт Серікқалиева, Дильназ Жалғасова, Гүлдана Қалыбай, Нұрай Хұсайынова, Анажан Исатаева және Альмира Төлегенова.
***
Таэквандо
Қарағандыда Ауғанстанда қаза болған интернационалист-жауынгерлерді еске алу құрметіне орай таеквондодан халықаралық турнир өтті.
Бұл турнирге қазақстандықтардан басқа Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген спортшылар да қатысты. Атырау атынан бұл сынға олимпиада резервін дайындау орталығының тәрбиеленушілері шықты. 63 келіге дейінгі салмақта екінші орынды Аманжан Нұрсұлтан иеленсе, осы салмақта үшінші орын Бексұлтан Қабдрахмановқа бұйырды. Мерген Ғайниев (73 келіге дейінгі салмақта) Арыстанбек Әбдіқұлов (73 келіден жоғары) және қыздар арасынан Шынар Бисекенова (83 келіге дейінгі салмақта) турнирдің қола жүлдегерлері атанды.
***
Шахмат
Шымкентте жастар арасындағы әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов кубогі үшін шахматтан ашық республикалық турнир аяқталды.
Жарысқа Қазақстаннан, Ресей мен Қырғызстаннан жүзден аса жас шахматшылар қатысты. Біздің облыстың атынан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкер Сабырбай Ғайсин басшылық ететін команда бақ сынады.
Тоғыз жасқа дейінгі балалар арасында №13 мектептің 4-сынып оқушысы Нұрсипат Қайрош үшінші орынды жеңіп алды. Ол берілген тоғыз мүмкіндіктің ішінде 6,5 ұпай жинады. Осы топтар арасынан техникалық гимназияның 2-ші сынып оқушысы Әлимансұр Олжа жарты ұпаймен үздік деген бестік ішіне енді.
***
Муай-тай
Ақтөбеде жастар мен жасөспірімдер арасында муай-тайдан Республикалық Федерация кубогі үшін өткен жарыста облыс құрамасы үлкен олжамен оралды.
Облыс құрамасының атынан «Қайсар» және «Алан» (Доссор) клубтарының 45 өкілі шықты. Жарыс қорытындысы бойынша қараша айында болатын Әлем кубогіне қатысу үшін еліміз құрамасына іріктеу жүргізілді. Өз кезегінде Әлем кубогі келер жылдың шілдесінде Польшада өтетін Бүкіләлемдік ойындардың алдындағы соңғы біліктілік кезеңі болып табылады. Арсен Бисенбай, Ерназар Түгелбай, Әділжан Амангельдиев, Еламан Өтегенов, Нұрай Кеңес, Әбдірайым Тұрдиев, Нартай Сабырбай «алтын» медальға ие болды.
Облыс құрамасы жалпы командалық екінші орынды иеленді, бірінші орынды Алматы қаласы, ал үшінші орынды Астана құрамасы еншіледі.
***
Күрес
Петропавлда КСРО спорт шебері Уәлихан Нұркеевті еске алу құрметіне орай 2002-05 ж.т. жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық облысындағы спорт мектептерінен 20 команда қатысты. Бірінші командалық орынды Атырау қаласының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жеңіп алды. Бұл құрамда Абылай Қапен (38 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «алтын»), Бекзат Таяуғалиев (72 келіге дейінгі салмақта «алтын»), Нұрсат Лепенов (59 келіге дейінгі салмақта «күміс») және Ерсін Нұрмолдаев (65 келіге дейінгі салмақта «күміс») жүлдегер деп танылды. Жарыс мәртебесі бойынша жасөспірімдер ҚР спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. Балаларды жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Ербол Әділбаев дайындайды. Спортшылар мен олардың жаттықтырушылары спорттық зал ұсынған және қолдау танытқан И.Тайманов (Жұмыскер поселкесі) атындағы мектеп директоры Г.С.Хасанға алғыстарын білдіреді.