18-20 қарашада «Бейбарыс» хоккей клубы Италияда Континенталды кубоктың үшінші раундында үш ойын өткізді. Осы ойындардың қорытындысы бойынша Атырау хоккей командасы Кубоктың суперфиналына шықты.
«Бейбарыстың» басты бәсекелестері – Италия чемпионы «Риттен Спорт», Белоруссия чемпионатының күміс жүлдегері «Шахтер» және Е тобындағы Континенталды кубоктың жеңімпазы польшалық «Тыхы» командалары болатын.
Кубоктағы алғашқы ойында «Бейбарыс» «Шахтермен» ойнады. Матчта белорустар 11-минутта есеп ашты. Алайда 15 секундтай уақыт өткеннен кейін есептегі айырмашылықты Дмитрий СТЕПАНОВ теңестірді. Екінші кезең аяқталуға жақын қалғанда Томаш ВАКТЫҢ берген шайбасын пайдаланған Илья МАЛЮШКИН «Бейбарысты» алға шығарды. Үшінші кезеңнің ортасында біздікілер осы матчтағы басымдықты жүзеге асырды. Илья Малюшкин Томаш Вакты шайбамен қамтамасыз етіп, чех шабуылшысы біздің артықшылығымызды көбейтті. Кездесуге Альберт ВИШНЯКОВ қорытынды жасады. Нәтижесінде – есеп «Бейбарыс» пайдасына 4:1 болды.
«Бейбарыстың» келесі бәсекесі «Риттен Спортпен» өтті. Біздікілер ойынды жақсы бастады, командалар екі рет алда болды. Бірақ, итальяндықтар есепті теңестіріп отырды. Ал матч аяқталуға бірнеше секунд қалғанда «Риттен Спорт» жеңісті қолдан алды. Ойын нәтижесі – итальяндықтардың пайдасына шешілді: 3:2.
«Бейбарыстың» негізгі ойыны 20 қарашада польшалық «Тыхы» командасымен өтті. Есеп нәтижесі – атыраулық команданың пайдасына шешілді: 4:2. Осы ойындағы жеңіс «Бейбарысты» Континенталды кубоктың суперфиналымен қамтамасыз етті.
«АЖ»-ға «Бейбарыс» ХК баспасөз атташесі Павел САМОЙЛО хабарлағандай, Кубок суперфиналының қайда өтетіндігі әзірге белгісіз, алайда біздің клубтың бәсекелестері белгілі болған екен. Қаңтарда мұз алаңында «Бейбарыс» «Ноттингеммен» (Англия), «Оденсе Бульдогспен» (Дания) және бізге таныс итальяндық «Риттен Спорт» (Италия) клубымен кездеседі.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті «Бейбарыс» ХК ұсынды