Атырау, 22 желтоқсан 19:34
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Дзюдо мен қазақ күресіне күш, ептілік және ақыл керек»

7 844 просмотра

24 жастағы Сұңғат ЗАКАРИЯЕВ (суретте) қазақ күресінен бүгінгі таңдағы облыстағы ең атақты спортшы. Ол өзінің кезекті алтын медалін қырғыздың Шолпан-ата қаласында қыркүйекте өткен ІІ Бүкіләлемдік көшпенділер ойынында жеңіп алды.

- Сұңғат, өзіңнің спортқа қалай келгенің туралы әңгімелеп берші?

- Мен Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тумасымын, менің әкем ауданға танымал бапкер Хисметолла Қуанаев. Бірінші сынып оқып жүрген кезімде мені әкем аудандық спорт мектебінің дзюдо секциясына – бапкер Мейрамбек Әжіғалиевке алып келді. Сол уақытта ол секцияда қазір әлемдік татами төрінде танымал болған дзюдошылар Наурызбек Майлашев, Асхат Тельманов және басқалары жаттыққан болатын. Бір жылдан соң мен аудандық жарыста өзімнің алғашқы медалімді алдым да секциядан кетіп қалдым. Мен ол кезде әлі де ойын баласы едім.

Спортқа 2009 жылы Атырауға келген кезде қайта оралдым. Привокзальныйдағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо секциясына жазылдым. Бұл уақытта менің достарым халықаралық жарыстарға барып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Ал, маған күрестің қыр-сырын қайтадан үйренуге тура келді. Мектепте жүрген кезімде танымал жаттықтырушы Аманбай Қыздарбаевтың назарына іліктім. Ол өте қатал, бірақ білікті де озық тәлімгер болды. Жаттығу нәтижесінде мен екі жылдан соң Таразда болған ҚР жастар чемпионатында «қоланы» иемдендім. Тағы да екі жыл өткен соң Оралда өткен Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған шеберлік турнирінде жүлдегер атандым. 2014-2015 жылдары ҚР чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда дзюдодан менде тек күміс және қола медальдар болды.

- Алайда, қазақ күресінен жетістігің табысты болды ғой?

- Иә. 2014 жылы мен ҚР халықтық ойындарында «алтын» және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен ҚР чемпионатында 2015 жылы ҚР ұлттық ойын түрлерінің фестивалінде «алтын» медальды жеңіп алдым. Сол жылы тағы да бағым жанып Атырауда өткен ҚР кубогінің «алтын» медаліне ие болдым. Тағы да ҚР құрамасымен мен «Еуразия барысы» командалық чемпионатының жеңімпазы болдым. Біз Польша және Ресей құрамаларын жеңіп, финалға жеттік, ал, шешуші матчтық кездесуде Өзбекстан құрамасын 5:2 есебімен тізе бүктірдік.

- Көшпенділер ойынында қалай күрестің?

- Бастапқыда мен қазақ күресінен өткен сайысқа қатыстым. Бірінші жекпе-жегімде Ресей құрамасының өкілімен белдестім Жекпе-жекті сылбыр өткізген қарсыласым ақыр соңында төрешілерден ескерту алып, бір ұпай айырмашылықпен жеңіліп қалды. Одан кейін Түркіменстан құрамасы өкілімен күресіп, таза жеңіске жеттім. Ал, финалда Әзірбайжан құрамасының өкілін бір ұпай айырмашылықпен жеңіп шықтым. Біздің құрама бес салмақ дәрежесінде төрт алтын, бір күміс медаль жеңіп алды. Бүкіләлемдік көшпенділер ойынында менен басқа Талғат Шегенов, Әділет Сейілханов және Дәулет Пахриденовтер жеңімпаз атанса, ал, өте ауыр салмақта Еламан Ерғалиев күміс жүлдегер болды. Ойын бағдарламасына әр түрлі елдердің ұлттық күрес түрлері бойынша жарыстар енгізілген. ҚР құрамасының бапкерлік штабы мені қырғыз күресі бойынша жарысқа шығарды. Ережесі бәрі бірдей, тек спортшылар алаңға беліне дейін жалаңаштанған күйде шығады. Мен Пәкістан, Үндістан, Моңғолия өкілдерінен басым түстім, ал, финалда алаң иелеріне есе жіберіп алдым. Нәтижесінде ойыннан алтын және күміс медальмен оралдым.

- Алдағы спорттық жоспарларың қандай?

- 15 қарашада Қызылордада ересектер арасында дзюдодан ҚР чемпионаты өтеді. Барынша дайындалып жатырмын. Дзюдо мен қазақ күресінің айырмашылығы жоқ: спорттың бұл екі түрі де ақыл мен күшті, ептілікті және тәжірибені талап етеді. Дзюдо – бұл спорттың олимпиадалық түрі, онда белдесу қызықты және жүлделері де салмақты.


Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.