Атырау, 22 желтоқсан 19:01
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 959 просмотра

КҮРЕС

Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде Азия вице-чемпионы Мырзабек Атбаевты еске алу құрметіне орай 2000-02 ж.т. жасөспірмідер арасында грек-рим күресінен дәстүрлі 10-шы халықаралық турнир өтті.

Жарысқа еліміздің 18 қаласынан және шетелден шамамен екі жүздей жас спортшы қатысты. Жүлделі орындар үшін 50, 30 және 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақылар тағайындалды. Сондай-ақ, медальдардан басқа ұйымдастырушылар «Үздік техникасы үшін» және «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы жүлделерді де ұсынды.

Біздің облысымыздың құрамасы 6 медальды еншіледі: Қайырбек Дүйсембаев (54 келіге дейінгі салмақта) пен Әділет Сисенбаев (58 келіге дейінгі) «алтынды» иеленсе, «күміске» – Тұрлан Хайроллаұлы (50 келіге дейінгі салмақта) және Бурхан Алданов (85 келіге дейінгі), «қолаға» – Артур Әліпқалиев (42 келіге дейінгі салмақта) және Артур Серіков (76 келіге дейінгі салмақта) ие болды.

Турнирдің құрметті қонағы ретінде грек-рим күресі стиліндегі аты аңызға айналған спортшы, 1984-85 жылдардағы КСРО чемпионы, 1985 жылғы Әлем кубогінің жеңімпазы, 55 жастағы украиналық бапкер Анатолий ТАИНКИН (суретте) қатысты.

Мен Атырауға Атбаевты еске алуға арналған турнирге алғаш рет келіп тұрмын. Турнир мәртебесінің өсіп келе жатқандығы және оған қатысушылардың жылдан - жылға көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мен кеңестік «классикалық» күрес мектебінің тәрбиеленушісімін. Сол кезеңдегі күрес тәжірибесінде көптеген қызықтар орын алды. Жастарға өзімнің бар білгенімді, нені үйрендім соны бергім келеді.

Күрес шебері сөзінің дәлелі ретінде «Барыс» балалар мен жасөсіпірмдер клубының (директоры Рашид МУСИН) спорт залында екі күндік шеберлік дәрісін өткізді.

Спортшылар мен жаттықтырушылар аталмыш турнирдің өтуіне қолдау танытқан кәсіпкер Асқар Құловқа алғыстарын білдіреді.

Дойбы және шахмат

Қазақ саңыраулар қоғамының кеңсесінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған зағип және есту қабілеті бойынша мүгедек жандар арасында матчтық кездесу өтті.

Шахмат бойынша саңыраулар қоғамының командасы (Асылбек Сағынғалиев, Тілеужан Бахтияров, Марат Ермұханов, Зульфия Мұханбетова және Жанар Құрғанбаева) мықты болып шықты. Дойбы бойынша соқырлар қоғамының командасы (Бекболат Ибрашев, Нұрберген Дүйсембаев, Жұпар Сәрсекенова, Мөлдір Қажымова және Бибігүл Жақыпова) жеңіске жетті.

БОКС

Атырауда Кеңес одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы еске алу құрметіне орай әйелдер арасында бокстан дәстүрлі халықаралық турнир өткізілді. Бұл жарыста Тәжікстаннан, Украинадан келген және қазақстандық спортшылар бақ сынады.

60 келіге дейінгі салмақта «алтынды» қанжығасына байлаған атыраулық боксшы қыз Назым Ищанова көрермен көзайымына айналды. Финалда Назым украиналық боксшы қыз Анастасия Молочкомен жұдырықтасты. 75 келіге дейінгі салмақта «күміс» жүлдеге Шынар Юлдашева ие болды.

- Осы турнирді ұйымдастырушыларға зор алғысымызды білдіргіміз келеді, өйткені бұл жарыс біз үшін өте маңызды болды, өйткені, әлем чемпионаты мен Олимпиададан соң боксшы қыздарымызға тәжірибе жинақтау аса қажет. Міне, олар осы турнирде өздерін сынап көрді. Алға қарай қандай бағытта дамуымыз керек, кемшілігіміз неде, міне, осының бәрін саралауға мүмкіндік берді, - дейді Қазақстан әйелдер құрамасының аға бапкері Вадим Пристяжнюк. – Биылғы жылы Қазақстан құрамасы мұнайлы елдер арасында өтетін әлем кубогіне қатысуы тиіс, онда біз 5 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасатын боламыз. Сондай-ақ, Ғалым Жарылғаповты еске елуға арналған халықаралық турнир және жаңа жылдың басында Сербияда жарыс өтеді, онда біз барлық құраммен қатысуды жоспарлап отырмыз.

САМБО

Оралда әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері Асқар Шайхиевті еске алу құрметіне орай спорттық және жауынгерлік самбодан халықаралық турнир өтті.

Жарысқа Ресейден, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның көптеген облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысты. Біздің облысымыздың құрамасындағы Қанағат Батыршиев жауынгерлік бөлімде «алтын» медальді жеңіп алды, ал, спорттық бөлімде Дәурен Болатбекұлы үздік болды. Қола медальға Рамазан Нұрышев, Еркебұлан Қуанғалиев, Қайырберды Айдынбай және Парасат Жұмабай ие болды.

Атырауда «Жас қыран» (Привокзальный) №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2003-05 ж.т. балалар арасында самбодан ашық біріншілігі өтті.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Асылхан Кереев, Нариман Мұқан, Серікбол Лұкпанов, Байболсын Қарасаев, Алдияр Кәрімжанов, Оралбек Бақтыбай, Мади Оразов, Әбілмансұр Ғалым (суретте), Әлихан Өтегенов және Данияр Қуанжановтар жеңімпаз атанды. Жарысқа Аслан Жұмағалиев төрешілік етті.


ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ

Спорт және дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен №25 мектепте спорттың әскери-қолданбалы түрінен облыстық біріншілік өтті.

Пневматикалық винтовкадан атудан - Расул Исағалиев және Малика Есенова, кеудені жерден көтеру - Эдуард Щелоков және Лаура Болатқызы, белтемірге тартылу – Э.Щелоков, Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру бойынша - Нұрлыбек Темірбеков және Мөлдір Махамбетова, газтұтқышты кию - Махмуд Хаиров және Радха Орынбай, жалпы қорғайтын киімдерді кию бойынша - Ербол Өтепқалиев және Әдемі Мигидуллина, ұзындыққа секіру - Ерназ Қахарман, алғашқы медициналық көмек көрсету – Ақбөбек Ғилманова және Арайгүл Құмарғалиевалар жеңімпаз деп танылды. Командалық жарыс бойынша: 1-ші орынды – Атырау қаласы мектептерінің құрамасы, 2-ші орынды – Кіші өнер академиясы, 3-ші орынды – Құрманғазы ауданының құрамасы иеленді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.