Атырау, 19 сәуір 14:53
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

3 228 просмотра

Жүзу

Оралда «Спешл Олимпик» ҚБ бастамасымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында жүзуден республикалық турнир өтті.

Турнирде біздің облысымыздың намысын төрт спортшы қорғады. Олардың барлығы да жақсы нәтиже көрсетті. Алексей Алимбаров «күміс» (50 метрге арқамен жүзу), Андрей Безношенко және Лидия Завозникова 50 метрге еркін жүзу бойынша – «қола» жүлделерге ие болды. Осы еркін жүзу бойынша Айша Әбішева 5-ші орынды иеленді. Бұдан басқа, 4х25 метр эстафетасында біздің балалар 2-ші орынды жеңіп алды. Спортшыларды Елтай Бисенғалиев («Мұнайшы» бассейні) жаттықтырады.

Муайтай

Атырауда ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған муай-тайдан облыс чемпионаты өтті.

Жарысқа Атырау қаласынан, қала маңындағы Еркінқала поселкесінен және Мақат ауданынан 75 спортшы қатысты. Жас ерекшеліктері бойынша бақ сынаған мына спортшылар чемпион атанды: 6-7 жас - Қайрат Айдынғали, Әлимансур Шаймарданов, Мұрат Исмаил; 8-9 жас - Әділет Құбайдолла, Юсуп Мұхтасип, Ділдә Жұмалиева, Вячеслав Ким, Алан Юсупов; 10-11 жас - Әлихан Амантай, Нұрасыл Рысқали, Дәулет Мұратов, Дамир Нармағанбетов, Ерасыл Қайролла, Сағынбек Хасанов; 12-13 жас - Әділжан Амангелдиев, Дамир Әліп, Шыңғыс Елеубаев, Абдурайым Тұрдиев; 14-15 жас - Данил Демьяненко, Мұхамедәли Мақсот; 16-17 жас - Жұмабек Орынғалиев және Темірлан Амантаев.

Шахмат

Шахмат федерациясы облыс біріншілігінің қорытындысы туралы хабарлады.

Жарысқа Атырау қаласы, Исатай, Махамбет, Жылыой, Қызылқоға аудандарынан 74 зияткерлік ойынның әуесқойлары және қалаға сырттан келуші инженер-мұнайшылар қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан өткізілді. Ардагерлер арасынан Қызыл балық ауылының 69 жастағы ақсақалы Аман Құмаров, ерлер арасынан Басир Дауылбаев (Махамбет), әйелдер арасынан – Жұлдыз Елеусін (АИГИ), жасөспірімдер арасынан – Нұрбек Қайрошев (ПСК), қыздар арасынан – Айгүл Есниязова (№17 мектеп-лицей) жеңімпаз деп танылды.

Бас төреші, облыстың аға жаттықтырушысы Сабырбай Ғайсиннің айтуынша, турнир тартысты да қызықты өткен. Бірқатар тартысты, комбинациялы партиялар ойналды. Бұл біздің аймақта келешегі зор көптеген шахматшылардың бар екендігінің дәлелі.

Жүгіру

Астраханда дәстүрлі 1000, 2000 және 3000 метр қашықтыққа жеңіл атлетикалық жүгіруден жарыс болды.

Жарыс Астрахан қаласының орталық стадионында өтті. 2000 метр қашықтыққа жүгіруге Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Асқар Қазиев қатысты. Ересектер тобы – 50-59 жастағы жеңіл атлеттер арасында ол 3-ші орынға ие болды.

Армрестлинг

Болгарияның Благоевград қаласында ерлер, әйелдер, юниорлар мен жастар арасында армрестлингтен әлем чемпионаты өтті. Оған 72 елден бір жарым мың атлеттер қатысты.

Чемпионатта Қазақстанның және Атырау облысының намысын «Ариадна» компаниясының қызметкері Вали Фараджов қорғады. 38 спортшы бақ сынаған 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Вали АҚШ, Польша, Франция, Армения, Германия, Украинадан келген қарсыластарын бірінен соң бірін тізе бүктірді. Жартылай финалда Канададан келген спортшыдан басым түсті, ал финалда қазіргі әлем чемпионы Грузиядан келген қарсыласын жеңіп кетті. Вали Фараджов (суретте) – әлем чемпионы!

Бұл оның әлем чемпионаттарындағы төртінші алтыны. 2010 жылы ол АҚШ-та өткен әлем чемпионатында «алтынды» иеленді, 2012 жылы Бразилияда, 2014 жылы Литвада да жеңімпаз болды. Вали өзінің 24 жасында ҚР еңбегі сіңген спорт шебері болып табылады. Отбасылы, қызы өсіп келеді. Спортшыны Сергей Передистый жаттықтырады. Спортшы мен оның бапкері «Ариадна» компаниясына, жекелей алғанда компанияның бас директоры Алан Әгубейұлы Қайтұқовқа жарысқа баруға қаржылай қолдау танытқаны үшін алғыстарын білдіреді.

Турнир

№36 мектептің спорт залында «Барыс» балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубының (директоры Р.Мусин) жүлдесі үшін әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша ақтық сайыстар өтті.

Жарыс бағдарламасына 100 метрге жүгіру, кермеге тартылу, Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау, газтұтқыш кию, кеудені жерден көтеру, пневматикалық винтовкадан ату енгізілген. Бекарыс Сағынбаев, Махмуд Қайыров, Сайда Бозбаева және Әлішер Тұманбаев жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Нәтижесінде 1-ші орынды Жұмыскер ауылдық округінің мектеп құрамасы, 2-ші орынды Балықшы мектептерінің оқушылары, 3-ші орынды Дамбы мектебінің оқушылары иеленді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.