КҮРЕС
Дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен Жұмыскердегі И.Тайманов атындағы мектепте 2000-04 ж.т.мектеп оқушылары арасында грек-рим күресінен қаланың ашық біріншілігі өтті.
Жарысқа Орал, Ақтөбе, Атыраудан командалар қатысты. Атырау құрамасында өз салмақ дәрежелері бойынша Темірлан Серікбай, Дамир Мұханбетов, Әділ Нұрғалиев, Исламбек Хамидуллаев, Диас Ихсанов, Арман Орынғалиев және Есім Нұрмолдаевтар жеңімпаз болды.
***
БОКС
Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында 1999-2000 ж.т. жастар арасында бокстан «Достық кубогі» үшін халықаралық турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның көптеген облыстарынан жас былғары қолғап шеберлері қатысты.
Атырау облысы құрамасының сегіз боксшысының үшеуі жүлдемен оралды. «Қолаға» 46 келіге дейінгі салмақта Мұрат Тәжиев, 91 келіге дейінгі салмақта Асхат Амангелдиев «күміске» ие болса, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділхан Сағидолла турнир жеңімпазы атанды. Ол сонымен қатар, арнаулы «Ең үздік техникасы үшін» жүлдесіне де ие болды. Спортшыларды №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Б. Көшенов, Е. Бисекенов, А. Қалиев және К. Есқалиев дайындады.
- Әлемде олимпиадаларда екі рет төрешілік ету құқығына ие бар-жоғы жеті төреші бар. Қазақстанда мұндай дәрежеге ие төреші Рахымжан РЫСБАЕВ (Лондон-2012, Рио-2016) болып табылады.Әділханның осы арнаулы жүлдемен марапатталуына дәл осы Рахымжанның өзі қолдау танытты, - дейді Ә.Сағидолланың бапкері Болат Көшенов.
- Әділхан бірінші жекпе-жегін алаң иелері командасының өкілімен өткізіп, жеңіске жетті, екінші жекпе-жекте Ресей құрамасының өкілінен басым түсті. Ал финалда Өзбекстанның чемпионы Дауронбек Шомуродовпен кездесті. Жекпе-жек өте ауыр болды. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылданған шешімімен Әділхан жеңімпаз деп танылды.
***
КИКБОКСИНГ
Алматы қаласындағы «Абылайxан» спорт кешенінде кикбоксингтен «мықтылар турнирі» өтті.
Атырау құрамасы өз құрамындағы бес қатысушысымен ақтық мәреге дейін жетті. 51 келіге дейінгі салмақта «алтын» медальға ҚР спорт шебері Жанәлі Сәлімгерей ие болса, 60 келіге дейінгі салмақта әлем және Азия чемпионы Абзал Жүсіпов қарсыласын нокаутпен құлатып, жеңіске жетті. 57 келіге дейінгі салмақта кикбоксингтің К1 тартысты бөлімінде бітіспес қарсыластар Жандос Назарбеков және қарағандылық Сафар Аxмадов кездесті. Олардың алдыңғы жекпе-жектері тең түскен болатын. Павлодардан келген спортшымен болған жартылай финалдағы ауыр өткен кездесуде Жандос ауыр жарақат алды. Соған қарамастан 3:0 есеппен біздің спортшымыз жеңіске жетті. Даурен Керимов және Аллаберген Қайса өз финалдарында ұтылып, «күмісті» місе тұтты.
КАРАТЕ
Атырауда қараша айында киокушинкай-кан каратеден өтетін Қазақстан кубогіне іріктеу үшін ашық қала біріншілігі өтті.
Артем Ли, Айару Жоламан, Эмир Садықов, Матвей Гущин, Ислам Қуанышев, Ибрагим Бақтығали, Азим Мусаев, Аян Ибрагим, Нарымбек Құдайберген, Ильяс Амангельдиев, Кирилл Джабраилов, Альфия Әдебиетова, Рауан Әбілхаиров, Нұрмұхамед Маттигулин және Кирсан Құлмағамбетовтер жеңімпаз деп танылды. Екі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Александр Тен мен Ринат Наукебаевтардың екі кездесуде де алтын жүлдеге ие болғандарын айта кету керек.
***
ВОЛЕЙБОЛ
Дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен №1 С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернатта мүмкіндігі шектеулі балалар арасында волейболдан облыс біріншілігі өтті.
Жарысқа №1 мектеп-интернат, Б. Нсанбаев және Ә. Жангельдин атындағы мектеп, сондай-ақ, Махамбеттегі қосалқы интернат командалары қатысты. Ойналған матчтардың нәтижесі бойынша 1-ші орынды №1 мектеп-интернат, 2-ші орынды – Ә. Жангельдин, 3-ші орынды – Б. Нсанбаев атындағы мектеп командалары иеленді.
***
ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС
Атыраулық екі полиция қызметкері Ақтауда қоян-қолтық ұрыстан өткен «Динамо» спорт қоғамының V Спартакиадасында екі медальды жеңіп алды.
90 келіден жоғары салмақта Арғын Сабыров «алтынға» қол жеткізсе, осы салмақ дәрежесінде Санат Нағимов «қоланы» иемденді.
***
ЗІЛТЕМІР
Оралда 1999-2005 ж.т. жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өтті.
Турнирге Батыс Қазақстан облысының барлық аумағынан атлеттер командасы қатысты. Атыраулық зілтеміршілер жақсы нәтиже көрсетті. 57 келіге дейінгі салмақта Айсұлтан Имашев қоссайыс (жұлқи +серпу) бойынша 112 келіге дейін жеткізіп, үшінші орынды жеңді. 77 келі салмақта Аман Сейнабиев те 157 келіге жеткізді. Спортшыларды №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Арман Өбиев және Әлібек Баймұханов дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ