Самбо
Румынияда жастар арасында самбодан әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирде атыраулық спортшылар шеберліктерін танытты.
Эльмира Самиғоллаева (суретте) (72 келіге дейінгі салмақта) және Сайда Қапсалықова (80 келіден жоғары салмақта) «алтын» медальды жеңіп алды. Әлем чемпиондарын М. Есмағамбетов жаттықтырады. 44 келіге дейінгі салмақта күмісті Айзада Алмаз еншіледі. Ол финалда ресейлік Наталья Мягковаға есе жіберіп алды. Бұдан басқа 52 келіге дейінгі салмақта қола медальға Әбу Аманжан ие болды.
***
Футзал
Ақтөбеде 1966 жылы Қазақ КСРО чемпионатындағы «Ақтөбе» командасының жеңісінің 50 жылдығына арналған ардагерлер арасында шағын футболдан халықаралық турнир өтті.
Турнирге 80-90-шы жылдары Ресей және Қазақстанның жетекші клубтарында ойнаған футбол ардагерлері қатысты. Атыраулық «Санжар» командасы турнирге еліміздің қазіргі чемпионы ретінде сынға түсті. Сегіз команда екі топқа бөлініп ойнады. «Санжар» Ақтау (1:1), Хромтау (3:0), Орынбор (3:1) командаларымен үш матчты өткізді. Және топтағы бірінші орыннан плейофқа шықты. Бірінші орын үшін болған матчта атыраулық футболшылар Қызылорданың «Қайсар» командасымен кездесті. Негізгі ойын уақыты тең түскенімен, матчтан кейінгі пенальтиде «Санжар» ойыншылары басымдық көрсетті.
– Турнир осал болған жоқ, командалар құрамында Ресей және Қазақстан Жоғары лигаларының бұрынғы футболшылары – Әбілдаев, Жуковский, Сәрсенов, Юрист, Санжариков және басқалар болды, – деді жеңіске жеткен финалдық матчтан соң «Санжар» капитаны Жексенбай Құсайынов. – «Санжар» командасының да халықаралық жарыстарда ойнау тәжірибесі айтарлықтай, оның үстіне бізде жеңіске жетеміз деген мақсат болды және ол біздің қолымыздан келді.
***
Бокс
Тайландта студенттер арасында бокстан өткен әлем чемпионатында атыраулық боксшы қыз Назым Ищанова (суретте) қола медальды жеңіп алды.
Егер төрешілердің қателігі болмағанда нәтиже одан да жоғары болатын еді. Бірінші кездесуде Назым польшалық Огнетой Ригельден басым түсті. Жартылай финалда ол тай спортшысы Сауто Рачадаруммен жұдырықтасты. Назым жекпе-жекті лайықты өткізді, бірақ, төрешілер жеңісті 2:1 есебімен алаң иесіне берді.
***
«Мұнайшы» спорт кешенінде 2001-02 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан аймақтық Қазақстан біріншілігіне іріктеу мақсатында облыс чемпионаты өтті.
42 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған – Бейбарыс Жеткербаев (Құлсары), 44 келіге дейінгі салмақта – Айхан Жұмагереев (ОРМБЖМ), 46 келіге дейінгі салмақта – Аманжол Бекболатұлы (Аққыстау), 48 келіге дейінгі салмақта – Ернар Сисенғалиев (бокс клубы), 50 келіге дейінгі салмақта – Әділхан Тілеушов (ОРМБЖМ), 52 келіге дейінгі салмақта – Назарбек Якуб (бокс клубы), 54 келіге дейінгі салмақта – Әлихан Сенбай (ОРМБЖМ), 57 келіге дейінгі салмақта – Сабыржан Салахаддинов (Ганюшкин), 60 келіге дейінгі салмақта – Батырлан Тоқтаров (бокс клубы), 63 келіге дейінгі салмақта – Сәлімжан Сәлімгереев (бокс клубы), 70 келіге дейінгі салмақта – Рахат Дарханов (ОРМБЖМ), 75 келіге дейінгі салмақта – Бекарыс Еролин (Махамбет), 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде – Аманат Сабырғали (бокс клубы) облыс чемпиондары атанды.
***
Дзюдо
Өскеменде Талғат Ақтаевты еске алуға орай дзюдодан халықаралық турнир өткізілді.
2015 жылғы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған біздің жерлесіміз Айболат Ыстыбай 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды. Айболаттың салмағында 51 спортшының бақ сынағанын айта кету керек. Ол осы жарыстағы ең жас спортшы болды.
***
Оқ ату
Павлодарда тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектер арасында оқпен атудан Қазақстан чемпионаты болды. Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубының командасы екінші орынды жеңіп алды.
Атыраулық мергендер бір алтын және екі күміс медальды еншіледі. Пневматикалық тапаншадан ату бойынша Ганюшкиннен келген Биғайша Махаева чемпион атанды. Ал «күміске» Дмитрий Винаттулин ие болды. Ол өзінің жинаған ұпайының арқасында спорт шебері атағын иеленді. Тағы бір «күмісті» винтовкадан ату бойынша Манас Қожасов алды. Спортшыларды клуб жаттықтырушысы Азат Шектібаев дайындады.