Футбол
«Атырау» (U-17) жастар командасы футболдан ел біріншілігінің ақтық кезеңіне өтті. Бұл туралы «Атырау» ФК баспасөз қызметі хабарлады.
Петропавлда өткен кезекті турда «Атырау U-17» командасына жергілікті «Қызылжар», сондай-ақ, шымкенттік «Ордабасы» және талдықорғандық «Жетісу» командалары қарсы тұрды. Бірінші матчта «Ордабасымен» 0:0 есеппен тең түсті, кейін 3:1 есеппен «Қызылжар» командасын (голды біздің ойыншыларымыз Қуанышбек Тыналиев, Ерасыл Аманжол және Владимир Волкогонов салды) жеңді. «Жетісумен» болған кездесуде есеп 1:1 (Әділбек Каримов) болды.
- Бұл турдың қорытындысы бойынша біз қазан айының 16-сы мен 23-і аралығында Талдықорғанда болатын біріншіліктің ақтық кезеңіне өттік, - дейді «Атырау U-17» жастар командасының аға жаттықтырушысы Ренат ҒАЛИМОВ. – Онда сегіз команда екі қосалқы топқа бөлінетін болады. Біздің қосалқы топта - «Ордабасы», қарағандылық «Шахтер» мен талдықорғандық «Жетісу» бар. Бұл кезеңде жай ғана жүлделі орынға емес, чемпиондыққа да мүмкіндік бар.
Күрес
Қарағанды облысында Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровті еске алу құрметіне орай еркін күрестен республикалық турнир өтті.
Атыраулық палуандар арасынан қола медальға Азамат Өміржанов (70 келіге дейінгі салмақта) және Әділет Қалтаев (86 келіге дейінгі салмақта) ие болды. Спортшыларды жаттықтырушылар - М.Жанғалиев, А.Жаманбаев және А.Нұрәділов.
***
Джиу-джитсу
Ақтауда джиу-джитсудан өткен ел чемпионатында облыс құрамасы үздік өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша қараша айында Варшавада өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ҚР құрамасына іріктеу жүргізілді. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шыңғысхан Бозанов чемпион атанды. Ол бес жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. 94 келіге дейінгі салмақта Дулат Айдынов күміс медальға ие болды. «Қола» Қазболат Сатыбалдиев (56 келіге дейінгі салмақта) және Қуандық Жаңбырбаевқа (69 келіге дейінгі салмақта) бұйырды. Команданы жаттықтырушылар Айбар Есенғалиев және Мейрамбек Есмағамбетов дайындады.
***
Дзюдо
Ақтау қаласында Маңғыстау облысының құрметті азаматы Тұрар Жолдыбаевты еске алу құрметіне арналған дзюдодан халықаралық турнир өткізілді. Оған Жапония, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Әзірбайжаннан келген дзюдошылар қатысты.
Атырау облысы құрамасының белдесуін табысты деуге болады. 81 келіге дейінгі салмақта Табиғат Мағауияұлы «алтын» жүлдесімен қуантты. Ол әзірбайжандық қарсыласы Али Сафарлиді финалда «иппон» әдісімен жеңіп кетті. 78 келіге дейінгі салмақта «күмісті» Эльмира Самиғоллаева Оңтүстік Қазақстан облысының атынан шыққан Альбина Амангелдиеваға финалда есе жіберіп, иеленді. «Қоланы» Сайда Қапсалықова (78 келіге дейінгі салмақта) және Арман Қалиев (100 келіге дейінгі салмақта) еншіледі.