Таяуда жаңа хоккей маусымы басталды. «АЖ» «Бейбарыс» ХК баспасөз-атташесі Павел САМОЙЛОҒА (суретте) бірнеше сауалдар қойды.
«ҚҰРАМ ЖАРТЫЛАЙ ЖАҢАРТЫЛДЫ»
– Жақында клуб бюджеті айтарлықтай қысқартылды, сондықтан да жанкүйерлер қазіргі қаржылық жағдайда команда құрамының қалай қалыптасатындығына алаңдаушылық білдіруде. Өткен маусымда «Бейбарысқа» чемпиондық алып берген ойыншыларды сақтап қалудың мүмкіндігі болды ма?
– Құрам шамамен жартылай жаңарды. Жақында ғана екі жақты келісім бойынша Дмитрий ТРУСОВПЕН келісім-шарт бұзылды, сондай-ақ, жанкүйерлерге жақсы таныс Роман ТЕСЛЮК пен Сергей САЛЬНИКОВ командадан кетті. Біз құрамның негізгі ойыншыларын сақтап қалуға тырыстық және онымыз жүзеге асты деуге болады. Қақпашы Артем МИКУШИН қалды. Ол хоккей федерациясының сауалнамасы бойынша екінші кезең чемпионатының ең үздік ойыншысы болып танылды. Бұрынғыша бізбен бірге Денис МАКАРОВ (капитан), словакиялық легионер Мартин ЧАКАИЙК, Дмитрий СТЕПАНОВ, Илья ГУЛЯКОВ қалды. Өткен маусымнан шабуыл жасау аймағынан чехиялық легионер Томаш ВАК, Константин БАРАНОВ, Илья МАЛЮШКИН, Альберт ВИШНЯКОВ бізбен бірге. Элиэзер ЩЕРБАТОВ, Александр ЗУБКОВ, Евгений ДЕРЯБИН, Александр ВОЛОГОДСКИЙ бұрынғыша команда құрамында қалды.
Жаңа келгендерден алдымен Роман СМИРНОВТЫ атауға болады. Ол өткен маусымды жоғары хоккей лигасының «Ермак» (Ангарск қаласы) командасында өткізді. Роман бірден «Бейбарыс» көшбасшыларының бірі атанды. Ол жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Тағы бір жаңадан келген ойыншы - Никита ЦИРУЛЕВ. Ол өткен маусымда ЖХЛ «Зауралье» (Курган қаласы) командасы үшін ойнады.
Команда құрамы қазақстандық хоккей тәрбиеленушілерімен де толықты. 24 жастағы өскемендік Дәулет КЕНБАЕВ бұған дейін «Номад» (Астана) командасы үшін ойнады. 19 жастағы Дамир ДАИРОВ – астаналық хоккей тәрбиеленушісі, біздің командаға осы жазда ғана келіп қосылды, жұмыс жасап жатыр. «Бейбарысқа» танымал қазақстандық хоккейші Андрей ОГОРОДНИКОВ келді. Бір кездері ол Қазақстан құрамасында ойнады, 2006 жылғы қысқы Олимпиадаға қатысты. Алматыдан Павел ПЛОТНИКОВ келді. Ол барынша мықты ойыншы, биылғы өткен чемпионаттың бірінші кезеңінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Жаңадан келгендер қатарынан Максим КОРОБОВ, Александр ЖУРУМДЫ атауға болады. Олар түрлі деңгейде ойнап жүрген тәжірибелі кәсіпқой ойыншылар. Айталық, 32 жастағы Коробов өткен жылғы маусымды ЖХЛ «Буран» (Воронеж) командасында өткізді. Өзін жақсы ойыншы ретінде көрсете білді. Оның үстіне ол - әлем чемпионы. Бірақ, оның есімі сәл кейінірек жарияланатын болады.
…Командадағы жаңа құрамды жақсы-жаман деп айтуға болмас, бәрін де алдағы ойындар көрсетеді.
МИША ПАНОВ БАР, БАСҚАЛАРЫ ДА БОЛАДЫ
– Көптеген жанкүйерлер командада жергілікті ойыншылар жоқ деген өкпе-наздарын айтып жатыр.
– Иә, ондай сын айтылып жатыр. Тек біздің командаға қатысты емес, барлық Қазақстан командалары бойынша айтылуда. Біз қалай болғанда да жергілікті жастарды алудан бас тартпаймыз. Айта кетейін, мәселен осы маусымда команда құрамына біздің атыраулық жігіт Михаил ПАНОВ келді. Ол «Энергетик» командасы үшін әуесқойлар лигасында ойнады, өзін жақсы ойыншы ретінде көрсете білді, оның ойынын көріп байқау ойындарына, кейін жиындарға шақырылды. Болашағынан үміт күттіретін ойыншы.
Жергілікті ойыншылар саны уақыт өте келе көбейетін болады. Біз балаларды бақылап отырамыз. Бұл жерде командаға іріктеу нәтижеге қарап жүргізілетін болады.
– Балалар хоккей командасының жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Онда білікті жаттықтырушылар жұмыс жасайды, біз олармен үнемі тығыз байланыстамыз. Биылғы маусымда балалардың бірнеше түрлі турнирлерге сапары жоспарланып отыр, оның ішінде Қазақстан чемпионаты да бар. Бұл олардың бірінші жарысы болмақ. Жаттығуларда және ресми матчтарда біздің болашақ кадрларымыз бақ сынамақ.
«КЕСТЕДЕ ТӨРТІНШІ БОЛЫП КЕЛЕМІЗ»
- «Бейбарыстың» жаттықтырушылар құрамында өзгеріс бар ма?
– Жоқ. Бас бапкер – Александр ИСТОМИН, оған словакиялық мамандар Владимир КЛИНГА, Олег БОЛЯКИН және Артем АРГОКОВ көмектеседі. Бұлардың бәрі өткен маусымда бізге чемпиондық алып берген мамандар.
- Жаңа маусым біздің команда үшін қалай басталды?
– Маусым 6-шы қыркүйекте басталды және өкінішке қарай біз Атырауда күнтізбе бойынша алаң қожайындары өзіміз бола тұра алғашқы матчтарымызды өткізе алмадық. Оған Атыраудағы аптап ыстық себеп болды, алаңды дайындауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да алғашқы екі матч – көкшетаулық «Арлан» мен «Бейбарыстың» кездесуі Астанада өтті. Еске сала кетейін өткен маусымда «Арлан» чемпиондыққа күресуде біздің негізгі қарсыласымыз болды. Бірінші матчта 2:5 есеппен ұтылсақ, келесі күні 2:1 есеппен алға шықтық.
Екінші кезеңде «Астанамен» екі ойын болды. Атап өтейін, бұл команда өткен маусымда ұпайларды оңды-солды шашқа-нымен, қазір мүлдем өзгерді, ұйымшыл, батыл, бірінші турда олар «Горняк» командасын екі рет жеңіп кетті. Дегенмен біз Астанамен кездескен екі ойында да 5:0 және 2:0 есеппен жеңіп кеттік.
Менің ойымша, «Бейбарыстың» бастамасы лайықты деп есептеймін – 12 ұпайдан 9 ұпай. Қазір бірінші орында «Теміртау» 10 ұпаймен келеді, одан кейін 9 ұпаймен «Арлан», «Номад» және біздің команда. Біз тек шайбалардың айырмашылығы бойынша ғана 4-ші орында келеміз. Демек, күрес әлі алда.
22-23 қыркүйекте Өскеменде «Алтай-Торпедо» командасымен, 27-28-қыркүйекте – Павлодарда «Ертіспен» ойнаймыз, одан кейін Атырауға ораламыз және 10 қазанда жанкүйерлер өз командасын өз алаңында «Номад» командасымен болатын кездесуін көреді.
– Чемпионатта басты қарсыластарыңыз кімдер?
– Бұл маусым қызықты болмақ. «Алтай-Торпедо», «Арлан», «Ертіс», «Теміртау», «Номад» командалары мықты болып тұр. «Алматының» алдында да үлкен міндеттері бар. Жалпы әлсіз қарсылас жоқ секілді.
Биылғы жылы легионерлерге лимит беру қатаңдатылды, енді тек 4 алаң ойыншысы мен қақпашыны ғана алуға болады. Көптеген командаларға құрамдарынан бірқатар шетелдік ойыншыларды шығаруға тура келді. Ал «Арлан» мен «Алматы» олардан мүлдем бас тартты. Сондықтан да қай команда өзін қалай көрсететінін айту оңай емес.
ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІ ЖАҢАРТЫЛҒАН САЙТ КҮТЕДІ
– «Бейбарыс» алдында қандай турнирлік міндеттер тұр?
– Әрине, чемпиондықты сақтап қалу. Бұдан басқа, біз ҚР-дың қазіргі чемпионы болғандықтан бізді Италияда қараша айының соңында өтетін Континентальді Кубок күтіп тұр. Жеребе өткізіліп, бүгінгі күні біздің екі қарсыласымыз белгілі болды, олар – Италия чемпионы «Риттен Спорт» және Белоруссия чемпионы «Шахтер» командалары. Тағы бір Румыниядан немесе Польшадан командалар, бірақ олар кейіннен белгілі болады. Қазір біздің хоккейшілер бұл турнирге қызу дайындалуда. Оған қатысу тәжірибесі бізде бар. 2013 жылы Финляндия бірінші лигасы чемпиондары тобында жеңіп кеттік, бірақ, өкінішке қарай одан әрі ұпай жинай алмадық. Бұл жолы барымызды саламыз ба деген сенімдеміз.
– Жанкүйерлерді тағы да қандай жақсы жаңалықтармен қуанта аласыз?
– Әрбір матчта лық толы трибунаны көру біз үшін үлкен қуаныш. Жанкүйерлеріміз өте белсенді. Біз олармен тікелей байланыста болуға тырысамыз. Қазір хоккей клубының жаңа сайты жасақталуда, онда ең қызықты деген жаңалықтар жарияланады және онлайн-режимде ойындар көрсетілетін болады. Ойындар комментарийлермен ұсынылады, жаңа сайттың тұсаукесерін біз жуық арада жүзеге асырмақпыз. Баршаңызды хоккейде күтеміз!
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттер Марат ТАКУЛИНДІКІ және «Бейбарыс» ХК ұсынған