17 қыркүйекте «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Ақжайық» (Орал) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 27-ші кезеңінің матчы болып өтті.
Жергілікті жанкүйерлер жеңіссіз өткен 4 матчтағы сәтсіздік ақыры бір жеңіс әкелер деген үмітте еді. Бірақ, матч қонақтардың шабуылынан басталды. «Ақжайықтың» шабуылшысы Константин ДУДЧЕНКО қауіпті соққы берді, ол соққыдан алаң иелерінің қақпашысы Жасур НАРЗЫҚҰЛОВ қорғап қалды. Бірінші таймның ортасына қарай жерлестеріміз ойынды теңестіре білді, ал 33-ші минутта есепті ашты (Александру КУРТЕАН).
Екінші таймда есепті арттыру немесе ең болмағанда жеңісті сақтап қалу керек еді. Алайда, алаң иелері сол баяғы қорғанудың қамымен «малтудан» әрі аспады. Ойынның 61-ші минутында сол баяғы Дудченко бұрыштан доп берген сәтте сол жерден табылып, есепті 1:1 етіп теңестірді, ал, 78-ші минутта біздің қақпашыны қапы қалдырды.
«Ақжайықтың» екінші голы алаң иелерін есеңгіретіп тастады ма, қалған уақыт ішінде олар нақты шабуылдар жасай алмай қалды. Есеп 1:2 – бұл «Атыраудың» қатарынан екінші жеңілісі.
Марат ТАКУЛИН