Атырау, 22 желтоқсан 19:21
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Міне, мен өмірге қайта келдім»

4 037 просмотра

Мүгедектер спортын дамыту туралы «Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» КМК филиалының Индер ауданы бойынша нұсқаушысы Жасұлан БИСЕНОВ (суретте) әңгімелейді.

– Сіз мүгедектердің спорт клубына қалай тап болдыңыз?

– 2010 жылы қайғылы жағдайдан соң менің сегіз саусағымды кесіп алып тастаған болатын, екі қолымда да тек шынашақ ғана қалды. Мен күйзеліске түсіп, үйден төрт жыл шыққаным жоқ. Кейін Индер ауданының спорт бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаевпен кездестім. Ол менің жас күнімде спортшы болғанымды білетін, содан да болар, маған облыстық мүгедектер спорт клубына баруыма ұсыныс жасады. Және мекенжайын берді. Мен Атырауға келдім, Балықшыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қобалжи кірдім. Менің ол жердегі көргенім мені есенгіретіп тастады. Қол-аяғы жоқ ондаған мүгедек спортпен айналысып, өмірдің қуанышын сезінуде, өздерін толық дені сау, қоғамға қажетті адамдай сезініп жүр. Мен өз қолымның саусақтарына қарадым да, өзімнің әлсіздігім үшін ұялдым. Сол кезде-ақ мен спортпен айналысып, жетістіктерге жетем деген шешімге келдім. Аудан орталығына келген соң мен бірден жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне (БЖСМ) бардым. Кіргенім сол еді, дені сау спортшылар үстел теннисін ойнап жатты, мен де барып қолыма теннис ракеткасын алдым.

Image 1Жас күнімде мен пинг-понгты жақсы ойнадым. Бірақ қазір бәрі басқаша болды. Ракетканы қолымнан жүз рет түсіріп ала бердім, сосын өзімнің бұл шешімге келуім бекер ме деген көңілге күмән кірді. Алайда, шынтағым жайлап ракеткаға үйрене бастады, мен сөйтіп, ойнап кеттім.

2015 жылдың наурызында Атырауда спортшы мүгедектер арасында өткен облыс чемпионатында мен бірінші медалім - «қоланы» жеңіп алдым. Одан кейін екі күміс болды, мен оларды Махамбет және Жылыой аудандарының ашық біріншіліктерінде алдым. Әсіресе, маған Махамбетте бұйырған медаль қымбат. Бұл жерде мүгедектер арасында үстел теннисі қатты дамыған. Бұл ауданда көптеген турнирлердің жеңімпаздары, еліміздің чемпиондары Эльвира Балманова мен Мұхадия Қуангереев тұрады.

Облыс мүгедектерінің спорт клубының филиалы Индерборда қашан ашылды?

– 2015 жылдың сәуір айында «Атырау облысы мүгедектер спорт клубы» КМК директоры Сансызбай Торғаев бізде ауданда клуб филиалын ашу туралы және маған нұсқаушы болуға ұсыныс жасады. Әрине мен бұған келістім. Аудан билігі филиалды ашуға үлкен көмек көрсетті, аудандық БЖСМ ғимаратынан бөлме және спорт құрал-жабдықтарын берді. Үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ және жеңіл атлетика топтарын аштық.

Аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінде маған екі жүзден аса мүгедектер тізімін ұсынды. Біз олардың көпшілігін аралап шықтық. Көпшілігі өз мүгедектіктерінен қысылады да, көбіне үйден шықпауды қалайды. Біз олармен түсінік жұмыстарын әрі қарай да жүргізіп, оларды өзімізге шақыратын боламыз.

Сіздің тәрбиеленушілеріңіз қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Қазір филиалда шамамен 20 спортшы-мүгедек жаттығып жүр. Олар - үстел теннисінен облыстық, аудандық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы 25 жастағы Қуат Жанесеев, үстел теннисінен, дойбы, шахматтан облыстық және аудандық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, 20 жастағы Нұрхан Бергенбай, үстел теннисі, тоғызқұмалақтан облыстық, аудандық турнир-лердің жеңімпазы 16 жастағы Мейрамбек Оқас.

Аудан әкімдігінің қолдауымен біз ауылдық округ әкімдерімен мектептің спорт залдарынан мүгедектерге арналған спорттық секция ашу туралы келісімге келдік. Өйткені, аудан орталығына бару қиын, біздің мүгедектеріміздің көп бөлігі алыс ауылдарда тұрады. Осылайша спортшылар өздерінің тұрғылықты жерлерінде жаттығып, облыстық жарыстарға бір құрама команда болып барады. Біз спортшыларымыздың ішінен индерборлық Эльмира Алауовадан және Бөдене ауылындағы Ерболат Жолдасовтан зор үміт күтеміз. 2016 жылдың сәуірінде біз Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үстел теннисінен ашық біріншілік өткіздік. Жарысқа облыстың барлық аумағынан қырықтан аса адам қатысты. Турнирді ұйымдастыру, жүлделер мен медальдарды алуға аудан әкімі Серік Арыстанов және аудандық спорт бөлімінің басшысы Бисембаев көмек көрсетті. Сондай-ақ, «Атырау облысы мүгедектер спорт клубы» КМК директоры Торғаевқа жеке алғысымызды білдіргіміз келеді. Бізді алда жеңіл атлетикадан, атудан, үстел теннисінен және пауэрлифтингтен облыстық жарыстар күтіп тұр. Енді соған дайындалатын боламыз...

Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, үйде отырып өткенге күйініп, мұңға батқан мүгедектерге мынаны айтқым келеді: сіздер маған қараңыздар, мен өмірге қайта келдім, өмірдегі өз ісімді таптым, сол арқылы өзіме қаншама достар таптым және әлі де таба бермекпін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Ж. Бисеновтің суреттері

15 қыркүйек 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.