Атыраулық мектеп оқушыларының спортта қол жеткізген табыстары туралы аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығы басшысының орынбасары Руслан ЖҰБАНШАЛИЕВ (суретте) әңгімелеп берді.
60 МЫҢ ҚАТЫСУШЫ
- Өткен оқу жылының аяғы Қазақстан мектеп оқушыларының жазғы спартакиадасы деп белгіленді. Спорттың 26 түрінен мектеп оқушыларының облыстық спартакиадасы болды. Барлығы 4 іріктеу кезеңінен тұрды – мектеп, ықшам аудан, қала және аудан, одан кейін ақтық облыстық жарыстар масштабында болды. Оған шамамен 60 мыңдай оқушы қатысты. Самбодан облыс құрамасының республикалық спартакиадада жалпыкомандалық екінші орынды жеңіп алғанын атап өтуге болады. Мектеп оқушылары арасында ҚР спартакиадасында жеке есеп бойынша чемпион болған оқушыларға келер болсақ, олар: каратеден - Бейбарыс Жаңбыр; самбодан – апалы-сіңлілі Айзада және Гүлзада Алмаз, Айымгүл Махуова, Мәдениет Құлманов, Қасым Бауыржан, Асқар Еспосынов; бокстан - Абдулла Бекет; еркін күрес - Абай Лұқпанұлы. Жаттықтырушылар құрамы бойынша ерекше көзге түскендер: самбо - Қайрат Досқалиев, бокстан - Азамат Байдуллиев, дзюдо - Сүлейменов Қуаныш, каратеден - Айбат Рахман. Дене тәрбиесі пәні мұғалімдері арасынан таңдаулы дегендер қатарында Нұрлан Оразбековтің, Елена Зыкова, Ғалымжан Тумышев, Рүстем Төлегеновтердің есімдерін атауға болады.
Облыстық спартакиадағы спорт түрлері бойынша жетістікке жеткен командалардың өнерін де атап өтпеске болмайды: дартс – Махамбет ауданы, карате, таеквондо бойынша – Атырау қаласы, футбол (қыздар) – Мақат ауданы, дойбы – Құрманғазы ауданы, волейбол – Исатай ауданы.
- Өздеріңіздің қолтумаларыңыз – спорттық-зияткерлік эстафеталарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Биыл балабақшалардың ішінен қандай командалар жеңіске жетті?
- Біздің орталық мектеп оқушылары мен балабақшаларда спорттық-зияткерлік эстафеталарды 9 жылдан бері өткізіп келеді. Қазақстанда біздің осы сайысымызға ұқсас жарыстар жоқ. Біз балалардың бойында күш, ептілік, алға ұмтылу мен жинақылықты дамытамыз. Олар секіреді, жүгіреді, домалайды, зияткерлік тапсырмаларды – математикадан есептер шығарады, қазақ тілі және тарихтан берілген тапсырмаларды орындайды. Әділқазылар, көрермендер, қатысушылар үлкен монитордан олардың тапсырмаларды қалай орындап жатқанын көріп отырады және олар үшін жанкүйер болады. Үш жыл қатарынан балабақша тәрбиеленушілері арасында өткен жарыстарда Қызылқоға ауданының құрамасы алда келеді. Екінші орынды Исатай ауданының командасы да осынша жыл алып келеді. Үшінші орын Атырау қаласы балабақшаларының еншісінде. Мектеп оқушылары арасындағы эстафетада бірінші орын үшін Исатай және Жылыой аудандарының командалары таласып келеді. Биылғы жылы Исатай ауданы жеңімпаз болды.
«АЛТЫННЫҢ» ТАҒДЫРЫН ПЕНАЛЬТИ ШЕШТІ
- Облыстық «Былғары доп» турнирінің нәтижелері қандай?
- Ересек топтар арасынан (2001-02 ж.т.) облыс чемпионы Атырау қаласындағы №3 мектеп командасы болды. Ал республикалық турнирде олар төртінші орынды жеңіп алды. Орташа топ (2003-04 ж.т.) ішінен Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп командасы бірінші орынды иеленді. Өкінішке қарай, олар өздерін республикалық турнирде көрсете алмады, 16 команданың ішінен 12-ші орынды ғана місе тұтты. Республикалық турнирде облыс чемпионы болған 2005 ж.т. балалар тобы арасынан Құлсары қаласының №9 мектеп командасы ең табысты өнер көрсетті. Біздің ұлдарымыз қарсыластарын ойсырата келе, финалға шықты. Онда олар қарағандылық қарсыластарымен 2:2 есеппен тең түсті. Бірақ, матчтан соңғы пенальтиде ұтылып қалды, нәтижесінде күміске ие болды. «Былғары доп» турнирінің ең таңдаулы ойыншысы болып біздің Наурызбек Амандықов танылды. Сондай-ақ, аймақтық орталықтың бастамасымен 5-6, 7-8, 9-10 сынып оқушылары арасында футбол, волейбол, баскетбол және гандбол бойынша мектеп оқушылары лигасының жарыстары өткізілді. Ер балалар арасындағы жарыстарда Атырау командасы, қыздар арасында Құлсары және Исатай аудандары командалары мықты болып табылады. «Спешл Олимпикс» ұйымының бастамасымен мүмкіндіктері шектеулі 257 бала қатысқан үстел теннисінен жарыс өтті. Осы жылдың қыркүйек және қазан айларында баскетболдан және волейболдан жарыс өтеді.
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ СПОРТҚА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ
- Биылғы жылы қалалық білім беру бөлімінің базасында екі балалар мен жасөспірімдер клубы құрылды. Олар қандай қызметтер атқаратын болады?
- Бүгінгі күні облыста үш балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі клубы жұмыс жасайды, оның екеуі Атырау қаласында, біреуі Махамбет ауданында. Алға қарай мұндай клубтарды барлық аудандарда ашу жоспарланып отыр. Бұл сөзсіз мектеп оқушылары арасында спорттың дамуына түрткі болады. Барлық көпшілік спорттық, спорттық секциялық сабақтар оқушылардың таңдауы бойынша сабақтан тыс уақытта мектеп базасында клуб бюджетінің есебінен өткізілетін болады.
- Мектептегі дене тәрбиесі сабақтарынан қандай жаңалықтар күтуге болады?
- Жаңа оқу жылынан бастап 10-11 сыныптарда тәжірибе ретінде спорттандырылған дене тәрбиесі сабағын өткізу жоспарланып отыр. Онда мектептің оқу кестесі аясында қыздар мен ұлдарды бөліп оқыту және бір күнгі сабақты екі рет көбейту есебінен (45 мин+45 мин=90 мин) аптасына үш рет өткізу көзделіп отыр.
- Қандай жарыстар болады деп күтілуде?
- Қыркүйек айынан желтоқсанға дейін жазғы президенттік көпсайыс, «Күзгі марафон» жеңіл атлетикалық кросс, спорттық бағдарлау бойынша және мектеп, колледж ұстаздары арасында спорттың алты түрінен жарыстар өткізіледі. Қыркүйекте №2 мектеп базасында мектеп туризмін дамыту бойынша облыстық оқу-тәжірибе семинары болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор