Қызық, бірақ бұл сұраққа жауап алу оңай болмады. Қазақстан гидрология және гидрофизика институты мен «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің қызметкерлерімен телефон арқылы болған әңгімемізде анық ештеңе біле алмадық. Көлдердегі сулардың қауіпсіздігін бақылауға тиіс жергілікті деңгейдегі инстанциялар атыраулықтар арасында олардың танымалдылығын ескере отырып, ол жерлерде ешқандай зерттеулер жүргізбейді. Бірақ, соған қарамастан бір нәрсе анықтау мүмкін болды.
КӨЛДЕН КАРЬЕРГЕ ДЕЙІН
Индербор поселкесінен 16 шақырым жердегі тұзды көлдің аумағы - 110 шаршы шақырым, максималды тереңдігі 0,7 м, жағалық сызығының ұзындығы 40 шақырымды құрайды. Жергілікті тұрғындар тұзды көлдің қасиеті Өлі теңіз қасиетімен бірдей деп есептейді. Көл айналасында үңгірден бастау алатын бұлақтар көп, үңгірде жыл бойына қар жатады. Әсіресе аңызға бай «Қыз әулие» бұлағы кеңінен танымал. Оған көп жыл бала көтере алмай жүрген әйелдер келеді. Ел аузында мұнда түнеген әйел көптен күткен ана болу арман-тілегіне жетеді деген әңгіме бар.
Демалушылар Индердегі тұзды көлге әртүрлі мақсатпен келеді. Біреулер көкжиектен менмұндалаған кең далада жарқ-жұрқ еткен көк-жасыл судың әдемі көрінісін тамашалау үшін, енді бірі денсаулығын түзеу үшін келеді. Индер көлінің балшығы мен тұзды суы буын ауруларын, демікпе, бронхит, гинекологиялық аурулардан жазады деп есептеледі.
Көлдің өзі терең емес, онда жүзе алмайсың. Бірақ, жақын жерде терең карьер бар, іші тұзды суға толы. Көлде демалып болған соң адамдар карьерге барады, сонда суға түседі, сүңгиді. Оның қалай пайда болғаны жөнінде ештеңе мәлім емес, оның суына қатысты да ешкім ештеңе білмейді.
- Мұндай демалыс бірнеше жайсыздықтар алып келуі мүмкін, - деп есептейді «Атырау гидрогеология» ЖШС-нің бас директорының кеңесшісі Едіге САБУРОВ (суретте). – Судың және балшықтың емдік қасиеті туралы бальнеологиялық зерттеулер жүргізген соң айтуға болады. Судың және балшықтың химиялық құрамы ұзақ уақыт бойы үнемі зерттеліп отыруы тиіс. Көлдегі және карьердегі судың пайда болу тарихын білу қажет. Кез келген құрамында тұздар мен әр алуан элементтері бар тұзды су мен балшық адам үшін пайдалы бола алмайды. Сондай-ақ, бұл су қоймаларындағы радиациялық фонын зерттеу керек. Менің білуімше, мұндай зерттеулер Индердегі тұзды көлде жүргізілмеген, судың да, балшықтың да емдік қасиеті туралы ешқандай мәліметтер жоқ. Адамдар шомылып жүрген карьердегі судың қауіпсіздігі де үлкен сауал тудырып отыр.
ҚАҒАЗ БАР, БІРАҚ ЕСКІ
Атырау қаласындағы әуежай маңында орналасқан көлдегі су да өте тұзды. Қала тұрғындары оның балшығы да емдік қасиетке бай деп есептейді, олар сонда барып, басынан аяғына дейін балшық жағады. Бұл су қоймасы гидрогеологтардың қызығушылығын баяғыда оятқан.
- 2004 жылы біз әуежай көлінен судың сынамасын алып, кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-нің курортология бөліміне зерттеуге жібергенбіз. Бұл көлдің броммен байытылған жоғары минералданған хлоридті натрий тұздығы екені анықталды, - дейді Е. Сабуров.
Мамандар сол кезде өз қорытындыларында бұл сумен жүрек-қан тамырлары, сүйек-бұлшық ет және жүйке жүйесі аурулары, гинекологиялық және урологиялық аурулар, тері ауруларын емдеуде қолдануға болады деп көрсеткен болатын.
- Бірақ, кез келген қорытындының қолданылу мерзімі болатынын ескеру керек. Және бұл деректер ескірген, - деп сақтандырып қойды бізді Сабуров. – Кезінде біз жергілікті билікке сол көлді зерттеумен айналысуды ұсынған болатынбыз, бірақ одан түк шықпады.
СОНДАЙ ҚЫЗЫҚТЫ ЖЕР БАР...
Едіге аға біздің облысымыздағы тағы бір қызықты жер туралы айтып берді – бұл Қарабатан кен орындарының емдік балшығы. Бұл екі ірі сор: теміржолдың төсеме үймесімен бөлінген Солтүстік Қарабатан (12 га) және Оңтүстік Қарабатан (10 га). Бүгінде балшық қоры мұнда есептелген, қорғалған, жыл сайын бальнеологиялық зерттеулер жүргізіледі. «Атырау гидрогеология» ЖШС бұл кен орнын келісімшарт негізінде пайдаланып отыр, емдік балшықты жөнелтумен айналысады. Мәселен, «Атырау» шипажайына.
Сарапшының қорытындысында балшықты көлдің емдік қасиеті ащы суының құрамында сульфат-хлоридті, натрий-бромды қанық тұздық басым деп жазылған. Құрғақшылық жылдары Қарабатан сорлары құрғайды. Жіңішке диспенсерлік балшықтар тұз қыртысының қалың қабатының астында жатады. Қарабатан кен орнының зерттелген тыртықтары әлсіз және орташа сульфидті балшыққа бай, медициналық көрсетілімдер бойынша балшықпен емдеуге ұсынылған. Қарабатан балшығы тірек-қозғалыс аппараты, жүйке жүйесі ауруы, әйелдер мен ерлердің жыныстық аурулары, тері және басқа ауруларды емдеуге ұсынылған. Бірақ, қарсы көрсетілімдер де бар – мәселен, туберкулез, жүрек қан тамырлары жүйесі аурулары, қан тамырларының варикоздық кеңеюі, қан аурулары, созылмалы демікпе және басқа ауруларға қарсы – тізім үлкен.
БАЛШЫҚТЫ ТАБУ ҚИЫН ЕМЕС
Қарабатан балшығының емдік қасиеті біздің ата-бабаларымызға ежелден белгілі болған және өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін осы балшықпен белсенді түрде емделген.
- Бүгінде өмірден өткен Жолдас САҢҚЫБАЕВ, қаланың белсенді тұрғыны, бір кездері тұзға түскені туралы айтып беріп еді. Ол маған балшыққа бір топ болып баратындарын айтқан болатын, - дейді Е. Сабуров. – Және тек келіп, балшықты жаға салып, оны жуып тастап, кетіп қалмаған. Көлге келген соң арна қазып, өздері соған жатқан. Кейін оған балшық жаққан. Сол жерде ол көп дегенде 15 минут жатқан. Балшық ащы сумен жуылған – бұл көл бетіндегі тұзды су. Осы процедурадан кейін міндетті түрде ылғалды жақсы сіңіретін жылы киім мен ішкі киімін кигізген. Сосын адам терлеген. Киім мен тері арасында парниктік әсер пайда болып, теріде қалған тұз кристаллдарымен бірге емдік әсер берген болар деп топшылаймын. Бұл процедураны үш күн жүргізген, ал үйге оралған соң тұз сіңіп қалған киімді үстінен 7 күн шешпеген. Ал көлде балшықпен емделуге ең қолайлы кезең 1 шілде мен 10 тамыз аралығындағы уақыт, яғни, ең ыстық күндер болып саналған.
Бірақ, тексерілген Қарабатанға бару үшін де алдын-ала дәрігермен кеңесу қажет. Индердегі және әуежай маңындағы тұзды көлдерді айтпағанда.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН