Атырау, 22 желтоқсан 15:59
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Карате олимпиада ойындарына енді - бұл үлкен қуаныш!»

3 739 просмотра

Халықаралық Олимпиада комитеті Рио Олимпиадасының қарсаңында өткен өз отырысында каратені 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада бағдарламасына енгізді. Бұл жаңалық біздің облыстық спорттық және дәстүрлі карате-до федерациясының құрметті президенті Марат МУРЗИЕВПЕН (суретте) болған сұхбатымызға арқау болды.

- Каратенің олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілгендігі туралы хабар көңілге қуаныш ұялатты, - деп бастады М.Мурзиев. – Каратенің әлемдік қауымдастығы бұған көп жылдардан бері қол жеткізуді армандап келген еді, енді міне, ол ақыры жүзеге асты! Бұрын мемлекет тарапынан көмек аз болды, енді каратені елімізде, оның ішінде біздің өңірде барынша қарқынды дамытуға мүмкіндіктер ашылады. Менің өзімді және федерация жаттықтырушыларын 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада барша Қазақстанның және Атырау атынан шығатын спортшыларды дайындау мүмкіндігінің туғандығы қатты жігерлендірді. Енді еселеп жұмыс істейтін боламыз.

- Атырауда карате спорты қашан қолға алына бастады?

- Біздің қалада каратенің дамуы сонау 1989 жылдан басталды. 1990 жылдың 10 қарашасында алғаш рет қала чемпионаты өтті, ол Атырауда әскери өнердің дамуына түрткі болды. Сол кездегі энтузиаст-бапкерлер - Сағитжан Жігітеков, Арман Абдрахимов, Шарифолла Сайфулин, Мирамғали Итбаев, Айбат Рахман, Сағындық Мекеев, Сансызбай Торғаев. «Қайсар» спорт клубының базасында спорттық және дәстүрлі карате бойынша облыстық федерация құрылды. Ол Қазақстан карате федерациясының құрамына енді, ал, оның өзі Бүкіләлемдік Карате (WKF) (болашақ олимпиада ойындары бағдарламасына енген сайыс нұсқасы) федерациясының құрамында.

- Мықты деген атыраулық каратешілерді атасаңыз?

- WKF нұсқасы бойынша мықты деген каратешілерді атайтын болсам, олар Сансызбай Торғаев, Жеңіс Шалағұлов, Бауыржан Берғалиев, Саламат Қайырғалиев, Ольга Айтжанова, Алексей Любин, Сүлдебай Бахтияр, Дина Баймаханова, Тимур Назаров, Болат Ізбасқанов, Ағатай Өтепов және басқалар. Бүгінгі күні ең атақтылар қатарынан ҚР және Азия чемпиондары Марат Жаңбыр және Әсел Серікованы атауға болады. Болашақ жас спорт шеберлері де өсіп келеді: Бейбарыс Жаңбыр, Нұрсұлтан Жүсіпәлі, Айнұр Боқашева, Мансур Батырғали, Злата Гончарова.

- WKF каратемен қай спорт залдарында жаттығу жүргізіліп жүр және оларды кімдер жаттықтырады?

- Біздің өңірде спорттық WKF карате жаттығулары «Қайсар» спорт клубында, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және Доссор поселкесіндегі «Алан» спорт мектебінде жүргізіліп келеді. Облыстың аға жаттықтырушысы Б.Ізбасқанов. Әлем және Азия чемпионаттарында финалдық жекпе-жектердің төрешілік тәжірибесі бар WKF карате бойынша халықаралық санаттағы төреші – С.Торғаев. Жаттықтырушылар құрамы: С.Торғаев, А.Рахман, А.Любин, Мейрам Ғалиев, Әнуар Рахманов, О.Айтжанова, Ә.Серікова, Жасұлан Төлегенов, Анна Абдирова, Сұлтанбек Мамаев, Жанаргүл Мархабақызы және Ж.Шалағұлов.

- Спорттық және дәстүрлі карате қалай қаржыландырылады?

- Спорттық WKF карате бүкіл әлемде мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Дәстүрлі карате – бұл қоғамдық бірлестік, олар мүшелік жарна негізінде жұмыс жасайды. Жоғары деңгейдегі спортшыны дайындау үшін оларды екі бағыт бойынша дайындау керек. Айталық, WKF каратеден әлем чемпиондарының көпшілігі жапондық дәстүрлі карате шеберлерінен қосымша сабақтар алады. Спорттық каратенің түп-тамыры дәстүрлі каратеден бастау алады, жауынгерлік карате деп аталатын карате Бүкіләлемдік карате федерациясының ережесінде жазылған. Ол өзіне төрт дәстүрлі стильді біріктіреді: годзю-рю, шито-рю, вадо-рю, шотокан-рю. Біздің облыстық федерация жаттықтырушылары вадо-рю-ден басқа дәстүрлік каратенің үш стилі бойынша аттестациялаудан өткен. Киокушинкай карате жеке федерация болып табылады және WKF нұсқасына кірмейді.

- Басқа стильді меңгерген каратешілер WKF карате нұсқасы бойынша жарыстарға шыға ала ма, өйткені, қазір оған ниет білдірушілер табылады ғой?

- Егер каратенің басқа түрлерімен айналысатын спортшылар WKF карате бойынша жарысқа қатысқысы келсе, онда оларға біздің федерацияға кіріп, мүшелік жарна төлеп, Қазақстан карате федерациясынан аттестациялаудан өтуі тиіс Ал, ең бастысы олар бір командада жұмыла, тату-тәтті жұмыс істеуге ниетті болуы керек. Әрбір үміткерді федерация кеңесінде қарайтын боламыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді ұсынған М.Мурзиев

18 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.