Атырау, 22 желтоқсан 15:57
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ниджат Рахимов - Олимпиада чемпионы!

2 743 просмотра

Риодағы Олимпиадада Атырау облысының намысын қорғап жүрген 23 жастағы қазақстандық ауыр атлет Ниджат РАХИМОВ алтын медальды жеңіп алды!

Ниджат - әзірбайжандық ауыр атлеттер мектебінің тәрбиеленушісі, алайда ол кейінірек ҚР азаматтығын алып, біздің еліміздің құрамасы атынан шыға бастады. Өткен жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында алтын медальды иеленіп, 2016 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Олимпиадада 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шыққан Ниджат алдымен 160 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірді жұлқи көтеруден бастады. Кейін бұл салмаққа тағы бес келі қосып көтерді. Алайда, 168 келілік зілтемірді үшінші рет көтергенде де спортшының жолы болмады. Серпе көтеруде Рахимов алдымен 202 келі зілтемірді көтерді. Одан кейін құрама бапкерлері нартәуекел - салмағы 214 келі зілтемірге тапсырыс берді. Біздің батырымыз бұл сынақтан да сүрінбей өтті. Ниджат зілтемірді үшінші рет көтеруден бас тартты, өйткені, жиналған салмақ есебі қытайлық Ляо Сядзуннан басым түсуге жеткілікті еді. Қытайлық ауыр атлет те 379 келі жинады, бірақ салмағы Ниджаттың салмағынан артық. Нәтижесінде біздің спортшымыз бірінші, Сядзунь – екінші, ал, египеттік ауыр атлет Мухаммед Махмуд үшінші болды.

Н.Рахимов Қазақстанның ұлттық құрамасы атынан 2013-ші жылдан бері шығып жүр. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басшысы Омар Мұстафин берген сұхбатында атлеттің Әзірбайжан құрамасындағы ахуалға, бапкерлердің қызметі мен тәртіптің жоқтығына байланысты ауысу жөнінде өтініш бергендігін мәлімдеді.

Дегенмен, Ниджаттың әкесі Әли Рахимов өзінің сұхбатында баласының Әзірбайжан құрамасына қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармай отыр.

Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы Н.Рахимовқа елдер ішінен Атырау жалауын таңдағаны үшін пәтердің кілті табыс етілді деген қауесетті теріске шығарды. Облыстық басқарма Ниджатқа Хьюстондағы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін тек ірі көлемдегі ақшалай сыйақы (мөлшері айтылмайды) берілгендігін ғана растады.

Олимпиада алтынын алғаны үшін берілетін сыйақы ретінде Ниджатқа 250 мың доллар көлемінде сыйақы ұсынылады. Бұдан басқа, ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының 47-ші бабына сәйкес, Олимпиада, Параолимпиада және Сурдоолимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне республикалық бюджет қаржысы есебінен пәтерлер меншік құқығымен беріледі:

«алтын» – 3-бөлмелі, «күміс» - 2-бөлмелі, «қола» - 1-бөлмелі.

Еске сала кетелік, Атыраудан Риоға үш спортшы аттанды: Олимпиадаға – ауыр атлет Н.Рахимов және таеквондошы Жансель Дениз, параолимпиадаға – дзюдошы Әнуар Сариев.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.