Жыл сайын Атыраудағы қалалық орта мектептерді ондаған жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөсіпірімдер бітіріп шығады. Олардың ары қарайғы тағдыр-талайы қалай жалғасын табады? Әдетте жетімдердің өмір жолы маңдайға жазылғандай анық, яғни балалар үйі, одан соң оларды тездеп орта білім беретін кәсіби колледждер мен лицейлерге орналастырып жіберуге тырысады, кейбірі жоғары оқу орындарына түсіп жатады. Әне-міне дегенше жастар ер етіп, 23 –ке келеді. Шынын айтқанда қорғансыз балалар үшін бұл сан құлаққа жазадай естілуі мүмкін. Өйткені, осы жасқа дейін ғана олар мемлекеттен бөлінетін пәтерге ие бола алады. Ал 23-тен кейін олар ешкімге керек емес...
МЕМЛЕКЕТТІК ПӘТЕР АЛУ ҮШІН ЖЕТІМДІГІҢДІ ДӘЛЕЛДЕ
21 жасар Армангүл Қошанова Атырау мұнай және газ институтының 1 курс студенті. Әкесі жоқ, ал анасы психологиялық ауытқуларына байланысты бес жылдан бері із-түзсіз жоғалған. Алайда Армангүлді туыстарының бірі паналатып, қамқорлық жасағанмен, оны толық қамтамасыз ететін күйлері жоқ көрінеді. Бұл мәселені қараған қаланың бұрынғы әкімі С.Нақпаев пен қазіргі әкім Мереке Есмұратовтар «кезекті күтіңіз, жуырда аласыз» деп үміттендірген екен.
«...шынымды айтсам тағдыр тәлкегін бала жастан көріп келе жатырмын. Баспанамның жоқтығы, болашағымның қалай болатыны алаңдатады» деп жазады ол редакцияға жолдаған хатында.
Атырау облыстық балалар құқын қорғау департаментінің балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімі бастығы Фатима БАЙМҰХАНОВАНЫҢайтуынша Армангүлге мемлекеттен берілетін пәтерге қол жеткізу үшін сот шешімі қажет көрінеді.
- Шешесі із-түссіз жоғалып кеткенімен ол тірі адам ғой, оның үстіне асырап-сақтаушысы бар. Сондықтан бұл жерде ол адамның жоғалып кеткенідігі мен аурулығы турады сот шешімі қажет. Тек соның негізінде ғана оған асыраушысыз қалған бала ретінде артықшылық беріледі,-деп түсінідіреді Фатима Баймұханова.
Шындығына келгенде Қазақстан Республикасының заңдары жетім және қорғансыз қалған балалардың тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етілетіндіктеріне кепілдік бергенімен, бюрократия шұлғауынан шыға алмай, үйсіздер қатарын толықтырып жүргендер аз емес. Армангүл Қошанова соның бірі ғана.
23 ЖАСТАН СОҢ...
Редакция қоржынына келіп түскен бір хат мың сауалды қозғап, бірталай құзырлы орындармен хабарластық. Қалалық білім бөлімінің балалар құқын қорғау жөніндегі бас маманы қызметкері Гүлдана ТҮСІПҚАЛИЕВАНЫҢ баяндауынша қалада 144 жетім және 158 ата-анасының қарауынсыз қалған бала бар екен. Бұдан бөлек Атыраудағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар үйінде -39, «Ақ бота» балалар үйінде- 93, №1 С.Қазыбаев атындағы балалар мектеп-интернатында -70 бала тәрбиеленіп жатыр. Биылғы жылы желтоқсанға дейін 80 баланы асырап алған. Ал 2009-2010 оқу жылында мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқандар саны -48, олардың 17-сі 11 сынып бітіргендер. Оның алдындағы, яғни 2008-2009 оқу жылдарында 20 жетім бала мектеп бітірсе, 33 бала 9 сыныптан кейін колледждерге оқуға түскен.
Гүлдана Түсіпқалиеваның берген мәліметіне сүйеніп өзімізше шамаласақ жыл сайын орташа есеппен Атырау қаласының өзінде 50 шақты жетім бала мектеп бітіреді деген сөз. Оларды ары қарай не күтіп тұр?
Атырау облыстық балалар құқын қорғау департаментінің балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімі бастығы Фатима БАЙМҰХАНОВАбалалар үйінен кейін олардың институт пен колледждерге түсетінін және мемлекет оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыратынын айтады. Ал оқу орындары тиісті жатақханамен қамтамасыз етеді. Одан кейін 23 жасқа дейін жасөспірімдер үйінде тұрақтауға құқылы.
Одан кейін үкіметке үміт артудың қажеті шамалы.
-23 жастан кейін балалар өз жолдарын тауып кетіп жатады. Яғни қыздар тұрмысқа шығады немесе 3-4 баладан бірігіп пәтер жалдайды, әйтеуір тығырықтан шығатын жол табады Бірақ олардың барлығын пәтермен қамту мүмкін емес, ондай әлеует мемлекеттік тұрғын үй қорында жоқ. Өйткені, үйді салатындар мен тапсырыс берушілер капиталистер,-деп түсіндіреді Фатима Баймұханова.
Алайда жасөспірімдер үйіне тек балар үйі мен балалар ауылдары түлектері ғана орналаса алатыны белгілі. Сонда басқалар қайтпек? Көшеде түней ме?
Дегенмен қала әкімшілігіндегілер өз цифрларын тізбелейді. Қала әкімі Мереке Есмұратовтың атына жолдаған сауалымызға оның орынбасары Ә.Нұрлығожиев жауап берген. Оның екі аптадан астам уақыттан соң зорға берген жауабына сүйенсек бүгінде қала бойынша ата-ананың қамқорынсыз қалған балалар мен олардың отбасының саны -318. Бұл қаншалықты нақты мәлімет? Дегенмен өндірісті қала үшін ол қомақты проблема болмаса керек-ті.
«2000-2009 жылдар аралығында 32 ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңадан пайдалануға берілген үйлерден пәтерлер, жатақханадан босаған бөлмелер берілген» дейді Ә.Нұрлығожиев.
Яғни әр жылда 3 жетім баспаналы болған.
« 2010 жылы жетімдер үйінің 13 тәрбиеленушісі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 25-сі уақытша кезегі келгенше босаған үй, жатақхана бөлмелеріне қоныстанды».
Бұл аз ба көп пе? Әрине, шенеуніктердің айтуынша бұны үлкен жетістікке балауға болады.
ЖЕТІМДЕР МЕН ӘКІМДЕР
Былтырдан бері «Тұрғын үй қатынастары жөніндегі» заңына өзгеріс енгізу жөніндегі жоба Мәжіліс қарауында жатыр. Ал жетім балалардың үй кезегінде тұру мүмкіндігін 29 жасқа дейін ұзарту жөнінде ұсыныс жасап жүрген мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтың айтуынша мәселе биылғы жылы шешілуі тиіс.
- ПИК, подъездерді қызмет көрсетуге байланысты бірқатар туындаған мәселелер үкімет талқылауында жатыр. Бірақ норма ретінде заңға енді. 2011 жылдың екінші жартысында қол қойылады деп ойлаймыз,-дейді депутаттың өзі.
Әрине заңдық тұрғыдан бұл мәселеге қолдаудың қажеттілігіне сөз жоқ. Дегенмен 29 жасқа дейін үйге ие бола алмаған панасыздар не істейді? Шамасы жетімдерді үймен қамту мәселесін әкімдердің жұмыс көрсеткіші санатына енгізу дұрыс шығар. Сонда көштен қалғысы келмейтін әкімдер жетімдерді үймен қарық қылар ма еді, қайтер еді?
Сәния Тойкен