Осы жылдың ақпан айында қалалық білім беру бөлімі жанынан екі «Ұлан» және «Барыс» балалар мен жасөспірімдер клубы құрылған еді. Жаңа оқу жылынан бастап олар өздерінің қызметіне кіріседі. «Ұлан» клубы туралы бұған дейін бізге клуб директоры Лия Нуркина әңгімелеген болатын («АЖ» №23 10.06.16 ж., «Балаларды компьютерден алыстатуға тырысамыз»). Бүгінгі әңгіме «Барыс» клубының директоры Рашид Мусинмен (суретте) өрбімек.
БҰЛ ИДЕЯ ОСЫДАН 20 ЖЫЛ БҰРЫН ТУЫНДАДЫ
- Балалар мен жасөспірімдер клубын құру идеясы жаңалық емес. Балалар мен жасөспірімдер орталықтарын құру туралы алғашқы ұсынысты 1994 жылы ҚР жастар ісі, туризм және спорт министрінің бірінші орынбасары болған Анатолий Қожекенұлы Құлназаров ұсынған болатын. Елімізде тұңғыш балалар мен жасөспірімдер клубы (БЖК) Солтүстік Қазақстан облысында ашылды және ол өз алдына жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатын қойды. Бұл жоспар ойдағыдай жүзеге асты, қылмыс едәуір азайды.Үкімет басқа да аймақтарда осындай клубтар ашуға ұсыныс бере бастады. Қазір ондай клубтар Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс жасап жатыр. Біздің облыста алғашқы клуб 2013 жылы Махамбет ауданында аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры Садыржан Жекеновтің бастамасымен құрылған болатын. Қазір ол ауданның 17 мектебін біріктіріп отыр. Әрбір мектепте спорттың үштен аса және одан да көп түрлері дамуда. Мұнда пайдалы іспен 54 бапкер және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері айналысады. Егер бұрын облыстық мектеп оқушылары спартакиадасында махамбеттіктер турнирлік кестенің ең төменгі тізімінде болса, өткен жылы олар 4 –ші орынға көтерілді.
– Дегенмен де балалар мен жастар клубы дегеніміз не? Түсіндіріп өтсеңіз?
– Бұл - оқушылардың сабақтан тыс уақытта спортпен айналысуын ұйымдастыру. Балаларды жақсы көретін және олармен жұмыс істей білетін мамандарды тарту арқылы біз балалардың талантын ұштайтын боламыз. Бастысы оларды көшедегі жат әсерлерден қорғай аламыз. Бұл өзінше бір спорттық қосымша сабақ. Біз спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізуді басты міндетіміз деп есептемейміз, мұнымен спорт мектептерінің бапкерлері айналыса берсін, біздің міндетіміз - дене тәрбиесімен айналысуды және басқа да пайдалы істермен көпшіліктің айналысуын қамтамасыз ету.
Біздің БЖК-да мынадай үйірмелерді ашу жоспарланып отыр: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, өлкетану, спорттық бағдарлау, хореография, спорттық би түрлері, әскери-қолданбалы, президенттік көпсайыс. Бұдан басқа біз жол қозғалысының жас инспекторлар, жас өрт сөндірушілер үйірмесін дамытуды қолға алмақпыз. 5-6, 7-8 және 9-10 сынып арасында баскетбол, футбол, волейбол және гандбол бойынша мектеп бірлестіктерін құрып, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Балалардың бойында шығармашылық талаптарды дамытамыз. Балаларды дамыту, әсіресе, қыз балаларға арналған үйірмелер Атырауда санаулы-ақ, ал, балалар орталықтарында ақысы жоғары. Ал, бізде бұлар тегін жұмыс жасайтын болады. Бізде керемет мүмкіндіктер бар, мектептің спорт залдарында біз тегін жаттығатын боламыз. Болашақта біз қала мектептерінде спорт түрлері бойынша арнайы сыныптардың жұмысын қайта жандандыруды және жоғары сыныптарда спорттық дене тәрбиесін (жоғары сынып оқушыларын дене тәрбиесі сабағында біріктіреді, осылайша сабақ саны артады) енгізуді жоспарлап отырмыз.
«БІЗ ОБЛЫСТЫҚ ОРТАЛЫҚ ҮШІН ЖАУАП БЕРЕМІЗ»
– Демек, сіздер мектеп жанынан ашылған мекеме ретінде жұмыс істейсіздер ме?
– Біз қалалық білім бөлімінің басқаруындамыз. Бұрын директорлар жаттықтырушыларға спорт залдарын беруден бас тартқан болатын. Біз барлық қала мектептерінің сыныптан тыс спорттық жұмыстарын өзіне біріктіретін бірыңғай ұйым болып табыламыз. Осы мәселелерге қатысты бізге көбіне қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қасымұлы Қарабаев қолдау танытып отырады. Жоғарыда аталған спорт түрлері бойынша білімдері бар мамандармен жеке өз басым таныспын. Олардың біліктілігі бізге қажет, біз оларға сүйікті істерімен айналысуға мүмкіндік береміз. Егер олардың негізгі жұмыстары болса, біз оларға алған «сағаттары» бойынша төлейтін боламыз.
– БЖК –да жарыстар өткізіле ме?
-Спорттық көпшілік шараларды өткізу біздің жұмысымыздың бөлінбес бір бөлігі. Біздерде селекция жүргізілетін болады. Спорттағы дарынды балаларды спорт мектептеріне жіберетін боламыз. Іріктеу жарыстар арқылы өткізілетін болады. Бірде-бір дарынды бала назардан тыс қалмайды.
– Алайда сіздер осылайша аймақтық дене тәрбиесін дамыту орталығының жұмысын қайталап отырған жоқсыздар ма?
– Аймақтық орталық облыс көлемінде жұмыс жүргізеді, ал біз Атырау қаласы үшін жауап береміз. Біз қаланың құрама командасын жасақтаумен айналысамыз және таңдаулы деген балаларды облыстық жарыстарға дайындайтын боламыз. Біздің басты мақсатымыз – келешек ұрпақты патриоттық рухта және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. 1 қыркүйектен бастап жаттығуларды бастаймыз. Жаттықтырушылар мен ұстаздарды, қоғамдық белсенділерді шақырамыз... Арнайы білімі болмаса да балалармен тіл табыса білуде үлкен тәжірибесі бар адамдар болады, оларды да тестілеуден өтуге шақырамыз! Кеңсеміз: «Жас Батыр» спорттық кешені (облыстық перзентхана үйіне қарсы). Түйіндемені 15 тамызға дейін қабылдаймыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді ұсынған Р. Мусин