Прагада аяқ-қолдары кем және арбаға таңылғандардың халықаралық ассоциацияның бастамасымен бүкіләлемдік жасөспірімдер ойындары өтті. Онда Қазақстан құрамасының параолимпиадалық құрамындағы атыраулық теннисшілер табысты өнер көрсетті. Бізге бұл туралы облыстық мүгедектер спорт клубының үстел теннисінен жаттықтырушы Гүлнәр ИМАНӘЛИЕВА әңгімелейді.
- Алғашқы алтынымызды жұптық разрядта Раушан Орынбаева мен Жұлдыз Ерубаева алып берді. Раушан Геолог поселкесінде тұрады. Ол бұл жарысқа бір жыл бойына дайындалды. Аязды, жаңбырлы, балшықты күндерге қарамастан «Балықшы» ДСК-не бапкерінен бұрын келіп отырады. Оның жасы 21-де. Балалар церебральды сал ауруының салдарынан сырқат. Раушан біздің спорт клубымызда екі жылдан бері жаттығып келеді. Ол осы уақыт ішінде юниорлар арасында екі рет еліміздің чемпионы атанып үлгерді. Өткен жылы Қазақстан параолимпиада ойындарында үшінші орынды жеңіп алды. Оның құрбысы Жұлдыз Ерубаева (суретте) – Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Олар Прагада жұптық сайыста өнер көрсетіп барлық спортшылардан басым түсіп, алтын медальды иеленді. Жеке есеп борйынша Раушан «күмісті» еншіледі. Ал, абсолюттік есеп бойынша құрама қоржынына қола медальды әперген де осы Раушан.
- Жеке біріншілікте бақ сынау қалай болғанда да қиындау соғатын сияқты...
- Бұл жарыстардағы спортшылардың тірек қозғалыс аппаратының зақымдану дәрежесі бойынша нақты бір топтарда өнер көрсетпеуінен мәселе туындады. Қатысушылар аз болды, сондықтан да оларды бір топқа біріктіретін болып шешті. Бар жоғы жеті қатысушы жарысқа түсті. Оларды екі топқа бөлді. Сол себепті олар алдымен топта жарысты. Одан кейін әрбір топтан финалға шыққан екі мықты спортшы өзара айналма жүйе бойынша ойынды жалғастырды. Спортшылар әбден қалжырады.
Финалдық кездесуде Румыния мен Хорватиядан бір-бірден өкіл шықса, Атыраудан екі спортшы қыз Раушан және Әсел Ғазизова шықты. Раушан алдымен Әселден басым түсіп жеңіске жетті, одан кейін хорватиялық спортшы қызды шаң қаптырды, ал румындық спортшыдан ұтылып қалды. Осылайша Раушан күміс жүлдегер атанды. Әсел финалда барлық матчта жеңіліп, осылайша төртінші орынды місе тұтты.
Абсолюттік есепте бұл жағдай тағы да қайталанды – барлығы бірдей қатысты: арбаға таңылғандардан бастап церебральды сал сырқаты барлар мен аяқ-қолы кем ойыншыларға дейін қатысты. «Алтын» сол баяғы румындық спортшыға бұйырды, «күміс» Бүкіләлемдік ойын иелерінің өкіліне, яғни, чех спортшысына берілді, «қоланы» Раушан иеленді. Әсел тағы да төртінші орынға ие болса, Жұлдыз Ерубаева бесінші орынды иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша атыраулық үш қыздың үшеуі де халықаралық сыныптамадан өтті. Енді олардың барлығының да халықаралық турнирлерге қатысуына құқығы бар.
Суретте: Асылхан Саясатов
Жұптық разряд бойынша Раушан мен Жұлдыз «алтын», «күмісті» хорватиялық Анна Лоуспен жұпта өнер көрсеткен Әсел жеңіп алды.
- Біздің жасөспірімдер Прагада қалай өнер көрсетті?
- Қазақстанның екі дүркін чемпионы Насихан Махамбет жеке есеп бойынша қола жүлдегер атанды. Асылхан Саясатовпен (суретте) болған жұпта олар төртінші орынды иеленді. Асылхан болса жеке есеп бойынша күміске ие болды. Осылайша Бүкіләлемдік ойында Атырау құрамасының әрбір мүшесі елге медальмен оралды. 2014 жылы Лондонда өткен Бүкіләлемдік ойында бізде тек бір ғана қола болды. Оны Шынар Кенжебаева жеңіп алған еді. Сол жылы Насихан төртінші орынды, ал, Асылхан бесінші орынды иеленіп қайтқан еді. Биыл олар өз деңгейлерінің қаншалықты өскендігін көрсете білді.
Материалдық жағынан демеушілік танытқан «АМӨЗ» ЖШС директоры Қ.Қ.Оразбаевқа, «Казстрой Рекрут» ЖСШ директоры Р.К.Нұрмқхановқа, «Отрар Тревел» директоры А.Т.Досмұхамбетоваға, «PSI Services» ЖШС директоры А.С.Абдрақовқа, жеке кәсіпкерлер Р.Т.Кунушева мен В.Т.Есееваға алғыс білдіргіміз келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді ұсынған Г. Иманәлиева