Атырау, 23 қараша 18:48
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұлттық идеологияны насихаттайтын ұйым құрылды

2 484 просмотра

Таяуда қаламызда тағы бір үкіметтік емес ұйым- «Қоғам болашағы» құрылды. Бірлестік жанынан қазір арнайы қоғамдық қор да құрылған.

Ұйымның жетекшісі Болат ҒАЗЕЗОВТЫҢ айтуынша түпкі мақсат- ұлттық идеологияны қалыптастыру.

- Басты мұратымыз – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, елді имандылыққа, ауызбіршілікке, адалдыққа шақыру, - дейді Болат Ғазезов. –Ойлап тапқан ештеңеміз жоқ. Бәрі қарапайым, бірақ маңызды қағидалар: ата-ананы құрметтеу, отансүйгіштік. Осы мақсатта өзімізше арнайы жобалар әзірлеу үстіндеміз.

Одан бөлек, қоғамдық бірлестік ислам мәдениетін зерттеу үшін мамандарды жұмысқа тартпақшы. Ұлттық нақыштағы киімдер формасын жасау да ойластырылып, болашақта мұсылмандардың мәдени орталығы, мұсылмандар балабақшасы, мұсылмандар неке сарайы салынбақ. Сонымен бірге, басқа ағымдарда адасып жүрген адамдарға психологиялық емдеу орталықтарын құру бар жоспарда. Тағы бір мәселе  – несие жүйесін оңтайландыру. Бұған қатысты Болат Ғазезов былай дейді:

- Ислам даму банкінің несиелендіру жүйесін құптаймын. Бізде қоғамдық қор да сол пайызсыз несие беру үшін арнайы құрылған. Қорға өзімнен басқа ешкім ақша салған жоқ әзірге. Ол үшін көп ешкімге айтыла да қоймады. Бұл жөнінде салық департаментімен, қаржы полициясымен ақылдасамын. Ақшаға мұқтаж болып тұрған жандарға, оны жарату мақсатын біліп алған соң пайызсыз несие беруді ойлап отырмыз. Мәселен, той өткізу үшін сұраса, тек халал той өткізу үшін ғана береміз. Осылайша халықты халал дүниелерге үйір болуға үгіттейміз. Ұлттығымызды насихаттау бағытын да алға қоямыз. 

Айнұр САПАРОВА

6 қаңтар 2012, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.