Атырау, 23 қараша 18:52
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Олар «Ақ Жайыққа» жазылды да, ұтысқа ие болды!

3 141 просмотра

Газетке жазылған оқырмандардың 27-сінің жолы болды, олар ақшалай сыйлықты иеленді. 28 желтоқсанда Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде «Ақ Жайық» газетінің жазылушылары арасында өткен дәстүрлі лотерея ойынында екі басты сыйлық – аудан және қала жазылушылары үшін 1 миллион теңге және он ірі – 100 000, 90 000, 80 000, 70 000, 60 000, 50 000, 40 000, 30 000, 20 000, 10 000 теңге, сондай-ақ, 5 000 теңгеден 15 ынталандыру ақшалай сыйлықтары ойналды.  Біз олжалы болған  оқырмандарымыздан өздерінің  сәттілік құпияларымен және керемет көңіл-күйлерімен бөлісулерін  сұраған едік. 

77-жастағы зейнеткер, «Ембімұнайдың» бұрынғы қызметкері  Әнес АҚМОЛДИЕВ 5 мың теңге ынталандыру сыйлығын ұтып алды:  «Газетке бұрын жазылып жүргенмен, лотереяны бірінші рет ойнап отырмын. Жақсы сыйлық болды, немерелеріме сыйлық, өзіме ұстара мен одеколон сатып алатын болдым»-деп күледі Әнес аға.

 

«Облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы» КМК қызметкері  Зинеш ХАМИДУЛЛИНА 10 мың теңгеге ие болды. «Газетті жеті жыл бойына жаздыртып алып жүрмін, бірақ, лотереяға бірінші рет жазылдым,- дейді Зинеш апа. – Газеттен өз фамилиямды көріп қуанып кеттім. Неліктен екенін білмеймін, фамилиямды көргенде тіпті, күдіктенгенім де жоқ. Бұл жыл мен үшін жақсы жыл болды, шаруашылық басқармасында жұмыс істегеніме 43 жыл болды, биылғы жылы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы медаліне де ие болдым».

Пошташы Жаңылсын ЗАИТОВА 20 мың теңге ұтты. Ол өзінің жұмысы барысында барша жұртты біздің газетке жазады, оның біздің газетке жазылып, лотереяға қатысып отырғаны бірінші рет емес, ал, биылғы жылы оның жолы болды. «Мен бұл жаңалықты газет-журналдарға жазу бөліміндегі өз әріптестерімнен білдім. Мен оған сене қоймадым, оларға: «бірінші сәуірдегідей алдап отырған боларсыңдар»,-деп қоямын. Олар болса, «қайдағы 1 сәуір, қазір қыс емес пе?!»,- деседі.  Бәрібір газетті өз көзіммен көрмей сенгенім жоқ. Барлығы құттықтап жатыр, кеше оны атап та өттік. Мен өзім адамдарды газетке жазамын. 2009 жылы менің абонентім сіздерден автокөлік ұтқан еді. Жаңа жыл қарсаңында 20 мың теңге артықтық етпейді. Үйге радиотелефон сатып алғым келеді. Білесіз бе, жалпы менің жолым болғыш, осыдан бірнеше жыл бұрын сусындардың қақпағын жинауға қатысты түрлі лотереялар ойналатын, сол кездерде мен пластикалық бөтелкелердің қақпақтарын жинап, тапсырып, «Нокиа» ұялы телефонын ұтып алғаным бар. Ол кезде ондай телефондар бірлі-жарым адамдар да ғана болатын».

Насәлима СҮГІРӘЛИЕВА 70 мың  теңге ұтысына ие болды. «Кешке газетті оқып отырып, өз фамилиямды көріп қалдым, 70 теңге ұтты делінген, өтірік пе, рас па, білмеймін?!- деп күледі апай. Редакцияда оның ұтысын растаған кезде ол қатты қуанды. «Жаңа жылда жақсы бір тосын сый болды. Зейнетақыға да үстеме болды. Өмірімде бірінші рет ұтып отырғаным. Ол ақшаны қайда жұмсайды дейсіз бе, немерелеріме сыйлық аламын. Үш немерем бар. Сіздерге үлкен рахмет, Жаңа жылдарыңызбен!».

 

100 000 теңге ұтыс «Болашақ-Атырау» кеңсе-менеджері  Айнұр БАЙТУҒАНОВА үшін нағыз тосын сый болды. «Мен үлкен қызыма сыйлық жасағым келді, газетке жазылдым да түбіртек пен лотереяны тығып қойдым, -дейді олжалы болған Айнұрдың анасы Атайша апай. – 3 қаңтарда қызымның туған күні, әрине, миллион ұтқым келген, бірақ, 100 мың да жаман емес қой!». Ұтысы туралы Атайша апа қызына телефон арқылы хабарлаған. «Мен жұмыста отырсам анам кенет телефон соғып, менің 100 мың теңге ұтқанымды айтады. Анам бірінші рет мен үшін газетке жазылған, міне, көріп отырсыздар, оның қолы жеңіл екен»,-деп қуанады Айнұр.

Жаңа жыл қарсаңында ие болған олжасын не істейтіндігін ол әзірге шеше қойған жоқ. «Қазір жұмыста қуанып жүрмін, ол ақшаны қайда жұмсайтындығымды білмеймін. Барлығы қоңырау шалып, құттықтауда, ақшаның жартысын ендігі сүйіншіге таратып тастағанмын.

Камали СЕЙІТОВ  90 мың теңге ұтты. Мақат ауданында  50 жыл ұстаз болып еңбек еткен, бүгінгі күні зайыбымен бірге немерелерін тәрбиелеп отырған 72 жастағы зейнеткер үшін бұл ұтыс нағыз отбасылық мереке болды.  «Туысқандар мен таныстарымыздан қаншама қоңырау келді десеңізші! Барлығы да құттықтап жатыр. Лотереяға қызық үшін қатыстым, бұған дейін бірде-бір рет қатысып көргенім жоқ. Әрине, ұтысқа ие болам деп ойлағаным да жоқ, қатты қуанып қалдым,-дейді Камали аға.  – Келесі жылы сіздердің лотереяларыңызға тағы да қатысамын, ұтпасам да, бәрібір ештеңе жоғалтпаймын ғой. Газетті аламын, тағы да лотереядан ұтуға мүмкіндік болады».

Басты сыйлық – бір миллион теңге Атырау қаласының тұрғыны 71 жастағы зейнеткер Қайыржан АЙТУАРОВҚА  және аққыстаулық Темірболат ҚАЛИДУЛЛИНГЕ бұйырды. 

Олар редакцияға жаңа жылдық мерекелерден соң 4 қаңтарда келді. Ұтыс қорытындысы 29 желтоқсанда белгілі болса да жолы болған екі оқырманымыз өз олжаларын алуға асықпаған, міне, сәттіліктің өзі дәл осындай сабырлы жандарға бұйырып тұрған ғой!

«Сіздердің лотереяларыңыз ойналатын күні мен Жаңаөзенге садақаға кеткен едім, үйге қайтып келе жатқан жолда, Құлсарыға келгенде маған туысқандар сүйінші сұрап қоңырау шала бастады,- дейді Қайыржан аға. – Үйге келген соң, балаларым маған: «Папа, сен миллион ұттың!» - деді. Мен сіздің газеттеріңізге он жыл қатарынан жазылып келемін, сол жылдардың барлығында да лотереяға өзім аяқтай барып қатысатынмын. Міне, ақыры басты жүлдеге ие болдым,- деп күледі 11 немеренің атасы.  – Демек, шыдамды бола білсек, қашан болса да жолымыздың болатыны анық!».

Өзінің миллион ұтқанын «Жайықмұнайгаз» МГӨБ қызметкері Темірболат Қалидуллин өз достарынан естіпті.  «29 желтоқсан күні Аққыстаудан қалаға кетіп бара жатқанымда достарым қоңырау шылып, құттықтап жатыр, -деп әңгімелейді ол. – Қарасам жазылған түбіртегім мен билетімді үйде қалдырып кетіппін, сол себепті сіздерге соға алмадым. Өз басым үйге келіп газеттен көргеннен соң ғана сендім. Менің отбасымда қос мереке болды десем болады, үй салып, жаңа қонысқа көшкеніміз сол, 30 желтоқсанда қоныс тойын тойладық. Енді міне, жолай кетіп бара жатып, өзімнің миллион ұтқанымды біліп жатырмын.  Сіздерге үлкен рахмет!»

Оқырмандарымыздың баршасына рахмет. Жаңа жылдарыңызбен!

Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген В. ИСТОМИН

5 қаңтар 2012, 18:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.