Атырау, 23 қараша 19:07
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

2011 жылы «Ақ Жайық» не туралы жазды?

3 540 просмотра

ҚАҢТАР.Белгісіз біреулер Атыраудағы және Махамбет ауданындағы 30 шақты мұсылмандар зиратын қорлады. Бір аптадан кейін қылмыскерлер ұсталды. Олардың барлығы толыққанды дұрыс отбасынан шыққан жастар. Жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері мұнай төгіндісіне әрекет ету базасы жобасы бойынша қоғамдық экологиялық сараптама жүргізді. Экологтардың пікірінше, базаны «Ақжайық» қорығының жанындағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа салу Қазақстанның экологиялық заңнамасының бірден 20 тармағын бұзу боп табылады.

 

АҚПАН.Корейлік ғалымдар Алекс Хон мен Чу Ён әуежай, АМӨЗ, Жилгородок, Балықшы аудандарындағы және Ақжар маңындағы саяжайлардың топырақтары мен өсімдік-терін зерттеп, орайын тапса Атырауды жасыл желекке орауға болады деген байлам жасады. D аралында CAPE Industrial Services – NCOC консорциумының мердігер компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты. Олар еңбек жағдайын жақсартып, еңбекақыларын көтеруді талап етті. Теңіз кенішінің аумағында қуаттылығы 4,1 баллдық жер сілкінісі орын алды. Жер дүмпуін Теңізде жұмыс жасайтын ТШО қызметкерлері сезінген.

 

НАУРЫЗ.Исатай ауданының Жанбай поселкесінде балық инспекторлары мен полицейлер біріккен рейд барысында екі браконьерді ұстады. Алайда жергілікті тұрғындар өз адамдарын құтқарып, бір полицейді «тұтқынға алып», оған намысына тиетін жауап алу жүргізген. Теңіз кенішіндегі «Шаңырақ» вахталық поселкесінде «Юрест Саппорт Сервисез» компаниясының 60 жастағы автобус жүргізушісі өз өзіне қол жұмсады. Соның алдында ғана оны жұмыстан кету туралы өтініш жазуға мәжбүрлеген. Атырау қалалық ауруханасының кардиохирургиялық бөлімшесінде қосарланған ерекше операция жасалды. 30 жастағы Марина Бердіғалиеваға кесарь тілігі жасалып, қолқаның деформацияланған бөлігін синтетикалық протезбен алмастырған. Жергілікті дәрігерлерге Ұлттық медицина орталығының кардиохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Серік Меңдіқұлов басшылық еткен астаналық мамандар бригадасы қол ұшын берді.

 

СӘУІР.Құрманғазы ауданының аумағына Астрахан облысының Ашулук полигонынан жіберілген «Рейс» ұшқыш аппараты құлады. Бұл оқиғаға РФ әскери әуе күштері ұрыста қолдану 185-орталығының бастығы генерал-майор Владимир Градусов түсінік бергендей, «зымыран бағытынан ауытқып, Қазақстанмен шекаралас маңда парашютпен жерге түскен». Кәсіпкер, сондай-ақ, Атырауда алғашқы «бейресми» мешіттің негізін қалаған Шариполла Сайфуллин қамауға алынды. Оған есірткі мен оқпен атылатын қару сақтады деген айып тағылды. Кейінірек сот оны жалпы режимдегі колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

 

МАМЫР.Доссор поселкесінің тұрғындары «Доссор процессинг компани» ЖШС-нің теміржол тұйығына Теңіз күкірті тиелген 16 вагонның әкелінуіне наразылық белгісі ретінде бірнеше сағатқа пойыздар қозғалысын тоқтатып тастады. Маңғыстау облысының «Қаражамбасмұнай» кәсіпшілігінде және кешікпей оны Жаңаөзен мұнайшылары қолдаған ереуіл басталды. Ереуілге шығушылардың басты талаптары – еңбек ақыны көбейту. «АЖ» соғыстан кейінгі сталиндік лагерьлерде қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевпен бірге отырған және 1951 жылдың қаңтарында оның аштықтан ажал құшқанына куә болған Құлсары қаласының 90 жастағы тұрғыны Абдолла Әбдірахмановты тапты. Оған дейін ақын 38-жылы атылды деп есептеліп келген еді. Кейінірек «АЖ» ақсақалмен бірге колымалық маршрутпен сапарға шығып келді. Ірі жемқорлық жанжалы: атыраулық колониядан 21 млрд теңге жымқырғаны үшін сотталған молдавиялық бизнесмен Сергей Корнегруца құпия жағдайда ғайып болды. Ал астаналық комиссияны алдау үшін жергілікті түрме басшылары  Корнегруцаның сыңарын көрсеткен. Ақыр аяғында жергілікті пенитенциарлық жүйенің басшылықтағы бірнеше қызметкері істі болды.

 

МАУСЫМ.2007 жылдың қаңтарында жоғалып кеткен «Нұрбанк» топ-менеджерлерінің бірі Жолдас Темірәлиевтің денесі табылып, жер қойнына берілді. Қалалық сот жыл басында «Ноғай» және «Жөнеген» қауымдарындағы 28 мұсылмандар зиратын қиратқан вандалдарға үкім шығарды. 11 адам 6 айға бас бостандығынан айырылып, кәмелетке толмаған екі бозбала шартты мерзімдер алды.

 

ШІЛДЕ.Масалар басқыншылығы: мұндай ірі әрі көп мөлшердегі масаларды атыраулықтар көрген емес. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласының полициясы мұнайшылар садақа өткізіп жатқан шатырларды қиратты. Ақтауда ереуілге шығушылар штрейкбрехерлерге белдемше мен төстартқыштар алып беруді ұсынды. «АЖ» тергеуі: неліктен тағы да Бейбарыс даңғылындағы көгалдандыру сәтсіз аяқталды? 2009 жылдың бірінші тоқсанында 100 миллион бюджет теңгесі бөлінген кезде алғашқы сәтсіздік орын алса, биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен мердігер «МұнайҚұрылысСервис LTD» ЖШС шығындар мөлшерін мұқият жасырып отыр. «АЖ» жарияланымына жауап ретінде облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің көгалдандыру бағдарламасынан әрі жүріңдер дегенді меңзегендей қалалық және облыстық мәслихаттардың 33 депутатынан ашық хат келді. 

 

ТАМЫЗ.Авангардтағы «Көктем» сауда кешенінде өрт болды: 58 бутик өртеніп кетті. Төтенше оқиға себебі ақыры анықталған жоқ. «Болашақ» зауытының құрылысы аяқталып қалған Қарабатанда жұмыс орындарына ауқымды қысқартулар жүргізілді. 7 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды, оның 4 мыңы атыраулықтар. Ал жаңа ірі жобалардың болашағы бұлыңғыр боп қалып отыр. Жұртшылық наразылығы еленбеуде - Дамбы поселкесінің маңынан мұнай төгіндісіне қарсы әрекет ету базасы салына бастады. Базаны пайдалануға беру мерзімі – 2012 жылдың тамыз айы. «Атырау» ықшам ауданында радикальды діни топтың мүшесі деп күдіктелген жергілікті тұрғынды ұстау кезінде ол қаза болды. Сол күндері облыста осындай айыппен 30 шақты адам қамауға алынды.

 

ҚЫРКҮЙЕК.Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Киікбай Жаулин пара алды деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Кейін қалалық сот Қылмыстық Кодекстің «пара алу» деген бабын «қызмет бабын асыра пайдалану» деген бапқа ауыстырып, бұрынғы ректорға 1 млн 512 мың теңге мөлшерінде айыппұл жазасын берді. Индерборда белгісіз біреулер аудан орталығының алты тұрғынының бірдей мал қораларын, сарайлары мен шөп қораларын өртеп кетті. Жергілікті құқық қорғаушылардың пікі-рінше, бұл жерде діни экстремистердің қатысы жоқ.

 

ҚАЗАН.Астрахан облысының Красноярск ауданының Малый Арал ауылында Бөкей хан бейітінің кесенесі ашылды. Салтанатты рәсімге Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин мен Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев қатысты. D аралындағы теңіз мұнай кешенінің орталық нысанына журналистік десант түсірілді. «Қара алтын» кені теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр, ол жоғарғы қысыммен (770 бар) және күкіртсутек құрамының көпті-гімен сипатталады. Кенді бір жылдан кейін игеруді бастамақ. «АтырауБалық» АҚ қызметкерлері еңбекақы бойынша қарыздарды талап етіп әкімшілік ғимаратының алдына жиналды. Мамыр айынан бастап кәсіпорын оларға 40 миллионнан астам теңге бережақ боп қалған. Атырауда бірінен соң бірі қатарынан облыстық әкімдік ғимараты мен прокуратура маңында екі жарылыс орын алды. Бір адам – лаңкестің өзі қолындағы жарылғыш құрал іске қосылып қаза тапты. Лаңкестік топқа қатысушы төрт адам ұсталды. Атыраудағы жарылыс үшін жауапкершілікті пәкістан-ауған шекарасында құрылған әлдебір «Халифат сарбаздары» тобы өз мойнына алды.

 

ҚАРАША.Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері «Казавиаспас» және «Абылай-хан» ЖШС тікұшақтарының көмегімен Каспий теңізінде мұз құрсауында қалған 60-тан астам балықшыларды құтқарып алды. Үш агенттің хаты. Жайық-Каспий балық инспекциясы басқармасының қызметкерлер тобы шаруашылық субъектілерінің қара балықты ауқымды түрде бақылаусыз аулап жатқандығы туралы мәлімдеп, мұны өз басшылықтары қостап отыр деп айыптады.

 

ЖЕЛТОҚСАН.Облыстық соттың жаңа төрағасы Мұхтар Смағұлов тағайындалды. Оған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаровтан қазақ тілін үйрену жөнінде алғашқы тапсырма берілді. Исатай ауданында «Потенциал ойл» компаниясына тиесілі мұнай құбырында апат орын алды. Мұнай Жанбай селосының тұрғындары суын пайдаланып отырған каналға құйылды. Теңіз кенішіндегі мұнай дайындайтын зауытта арасына екі апта уақыт салынған екі өрт оқиғасы болды. Екі жағдайда да өртке газдың кетуі себеп болған. 22 жастағы атыраулық жігіт «идеялық» түсінікпен Сары ата бейітін балтамен қиратқан. 2011 жылдың қанды желтоқсаны – тілшіміз Сәния Тойкеннің Жаңаөзеннен, Ақтаудан және Шетпеден арнайы репортаждары. Алматыдағы пластикалық хирургия емханасында терінің ерте қартаю синдромына шалдыққан Мұқыр селосының 20 жастағы тұрғыны Нұржан Өркешбаевқа операция жасалды. Жігіт әжептәуір жасарып қалған, болашағынан үміті мол, ол енді осы жылдың көктемінде операцияның екінші кезеңін күтеді. Жыл бойына тілшіміз Ләззат Қаражанова облыс аудандарында әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бөлінген бюджет қаржыларының қайда кетіп жатқанын анықтаумен айналысты. Бұл ұлы құпия боп қалып отыр. Ал жалғыз ғана даусыз факт: әр қыс сайын Мақат суықтан тоңып, Индер мен Құлсары суға жарымай келеді.

5 қаңтар 2012, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.