Қаңтардың 3-інен 4-не қараған түні Азаттық даңғылы мен Әлипов көшесінің қиылысында автоинспектор БМВ-730 автокөлігін тоқтатқан.
Автокөлік Жамбыл облысында тіркелген, ал, оның жүргізушісі Атырау қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шыққан. Көлікті мас күйінде жүргізген ол инспекторға жүргізушілік куәлігінің орнына ІІМ майорының куәлігін тықпалай берген. Алайда, ол куәлік жалған болып шығады. «Майор» мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды, оның үстінен ҚР ҚК 325-ші – «Жалған құжаттарды дайындау немесе сату» бабы бойынша қылмыстық іс көтеру мәселесі шешілуде.
Мерекеде уланып қалды
4 қаңтарға қараған түні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына Геолог поселкесінен бірнеше ересектер мен балалар келіп түскен.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараты бойынша, шамамен сағат 5.20-да ауруханаға орташа ауырлықтағы жағдайда 2005 жылы туылған М. А., 2006 жылы туылған М. А., 1995 жылғы Ш. Е., 1987 жылғы А. Б., 1953 жылғы К. Б. түсіпті.
«Үш ересек пен екі бала өздерін нашар сезініп түскен. Оларға не болғанын әзір айту қиын, бак-зертхана анализдері әлі дайын болған жоқ, - дейді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Шыбынтай ШЕРМАХАНОВ. – Олардың барлығы Геолог поселкесіндегі бір үйден жеткізілді. Балалар Жаңа жылды қарсылауға Ақтөбеден келген екен. Қазіргі кезде пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық күйде».
Жаңа жыл жайсыз болды
«Фольксваген-Пассат» көлігінің 55 жастағы қожайыны үшін жаңа жыл қуанышты болмады.
Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оның көлігі 31 желтоқсанда сағат 12.32-де «Прима» мейрамханасының жанында өртеніп кеткен. Оның себебі мен зиян мөлшері анықталуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА