26 желтоқсанда полицияға Атыраудағы колледждердің бірінде оқитын студент хабарласқан. Оқу орнының жанында үш жігіт оның ұялы телефоны мен ақшасын тартып алыпты.
Ол тонаушылардың бірін таныпты. Оның да жасы 19-да және бір колледжде оқиды екен. Атырау ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, барлық күдіктілер (олардың үшіншісі ешқайда оқымайды және жұмыс жасамайды) ұсталып, ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылған. Осы факт бойынша «Тонау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Тонаушы подъездетосып тұрған
25 желтоқсанда сағат 18.40-та құқық қорғау орынына Гословская көшесінде тұратын 51 жастағы әйел адам шағымданған. Оның айтуынша, екі сағат бұрын Авангард 4 ықшамауданындағы үйіне кіріп келе жатқанда оған белгісіз бір адам тап беріп, алтын сырғасын күштеп шешіп алыпты.
«Тосқауыл» тобы күдіктіні ұстады. Ол Әліпов көшесінде тұратын 37 жастағы ер адам боп шықты. Ол басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қылмыстық іс қозғалды.
Өзгенің шоланындапышаққа ілінді
Махамбет ауданының АІІБ-не телефон шалған Таңдай селосының тұрғыны 24 желтоқсанда өрістегі сиырының жоғалғанын айтқан.
Жедел-іздеу шарасының нәтижесінде күдікті ұсталып, одан заттай айғақтар алынды. Ол сиырды өрістен алып кетіп, өз шоланында сойып алыпты. Зиян мөлшері 200 мың теңге құрады. «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА