28 желтоқсанда Құлсары қаласында су сорғы стансасы пайдалануға берілді. Нысан «ТШО» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасының шеңберінде салынған.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ҚОНДЫБАЕВ жаңа сорғы стансасының өткізу қабілеті тәулігіне 24 мың текше құрайтынын, оның Құлсарыдағы тәуліктік ауыз су қажеттілігінен 5 есе асып түсетінін хабарлады. «Игілік» бағдарламасының аясында 70 км тозығы жеткен ескі сумен қамту желісі ауыстырылды. Енді стансаны қаламен 140 км жаңа пластик желі жалғап тұр. Ал келер жылы тағы 108 кварталішілік желілерді ауыстыру жоспарланған.
– Судың мұндай көлемін ескі станса көтере алмаған болар еді. Жаңа станса тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы балансында болады, ал қызмет көрсетумен «Жылыой Су» КМК айналысады. «Игілік» бағдарламасының аясында қалқанды орынжайда орналасқан КМК үшін жаңа ғимарат салынды, - деді Қондыбаев.
Бас мердігер – жергілікті «Косска» ЖШС компаниясының атқарушы директоры Жарылғасын ШОРАЕВ жоба құны 1 млрд 600 млн теңге құрайтынын хабарлады. Нысан 2009 жылдың мамыр айынан бастап 2011 жылдың желтоқсаны аралығында салынған. Стансада әрбіреуі 5 мың текше болатын екі резервуар бар. Стансада тот баспайтын болаттан жасалған жабдық пен 6 қуатты сорғы орнатылған. Станса үшін жабдықты венгерлік компания жеткізген. Шораевтың айтуынша, стансаны басқару жүйесі толықтай автоматтандырылған және компьютерлер арқылы жүзеге асырылады екен. Соған байланысты болашақта стансада тек 2 оператор ғана қызмет көрсететін болады.
– Стансаға кірер ауыздағы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Құлсары мұнай құбыры басқармасының су тазарту қондырғысының су құбыры ультрадыбысты есептегішпен жарақталған. Стансадағы резервуарда су тазарту қуатты айналыс арқылы жүзеге асырылады. Онда тұнба су ағатын кранның түбіне шөгіп қалады. Суды тазарту үшін гипохлорид мөлшерін салу да автоматты түрде жүзеге асырылады. Резервуарлардан құйылған су жеке резервуарда жиналып, стансаның ішкі қажеттілігі үшін, атап айтқанда, аумақты көгалдандыру үшін пайдаланылады.
Станса пайдалануға толықтай дайын, қазір резервуарлар толтырылып жатыр. Ол магистральды және кварталішілік желілер жалғанғаннан кейін іске қосылатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА