Ш.Сариев атындағы облыстық өнер мұражайында №1 интернат, «Ақбота» балалар үйі мен «Шаңырақ» отбасылық ауылы балалары қолынан шыққан жұмыстарының көрмесі болды.
Балалар өздерінің алғашқы көрмесіне таңдаулы деген жұмыстарын ұсынды. Олардың қолдарынан шыққан суреттер орындау шеберліктерімен ғана таңдандырып қойған жоқ, олар өздерін толғандыратын ойлары, асқақ армандары туралы, болашақты қалай елестететіндіктерін әңгімеледі. Олардың достары мен құрбыларының портреттері, түрлі-түсті натюрморттар, лирикалық пейзаждар, қаланың күнделікті өмірі мен мұнай өндіру – бұл балалар қозғаған барлық тақырып емес. Көрмеге келушілер «Ақбота» балалар үйінің тәрбиеленушісі Жансая САҒЫНДЫҚОВАНЫҢ өз жұмыстарында түрлі-түсті қалай араластыра қолданатындығын атап өтті. Оның пейзаждары сондай жанды да әрлі болып шыққан. Ал, осы балалар үйінің тағы бір тәрбиеленушісі Қуандық КЕНЖЕБАЕВТЫҢ қолынан шыққан портреттерімен қатар «Күз» және «Менің арманымдағы үй» деп аталған пейзаждары да көзге жылы ұшырайды. №1 интернаттың 9 жасар тәрбиленушісі Шынар ЖИЕНДЕНОВАНЫҢ «Құрбы» деп аталатын суретінде қызғылт түсті ертегі ханшайымы талғаммен салынса, оның «Түнгі қала» суреті де нақышына келтіре салынған. «Ақбота» балалар үйінің тәрбиленушілері Айсағали НАСИРОВ және Диляра СЕЙТІМОВА өз суреттеріне мұнай тақырыбын арқау еткен.
Қолданбалы өнер арқылы балалардың өз ойын білдіруге үйрету – бұл «Теңізшевройл» қолдау танытып отырған «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҮЕҰ әлеуметтік жастар жобасының көздеген бір бағыты. Жоба пайдалы болып қана қойған жоқ, балалар үшін қызықты да болды. «Көпшілігі бастапқыда ашыла қоймады, қандай сурет салуды білмеді, көмек сұрады. Ал, кейбірі жұмыс істеп отырған кезде өздерін мазаламауды сұрады. Дегенмен, оларға біртіндеп сенім ұялады, өздерінің аяқталмаған жұмыстарын көрсетіп, құптау немесе кеңес алуға үйрене бастады»,- деп әңгімелейді оқытушы Мәриямгүл ӨТЕГЕНОВА.
Бұл тек көрме болып қойған жоқ, байқау болды. Бірінші орынды Жансая Сағындықова иеленді, екінші орынға №1 интернаттан Бауыржан ӨТЕПОВ ие болды. Айша КАРТАШОВА («Ақбота» балалар үйі), Эльдар БАҚТЫБАЕВ (№1 интернат), Асылбек ҚАБДОЛОВ және Шынар Жиенденовалар («Шаңырақ» отбасылық ауылы) өзара үшінші орынды бөлісті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген В. Истомин