Атырау, 9 қараша 20:51
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Ұлу жылын баспанасыз қарсы алды

2 815 просмотра

Индербор поселкесі С.Сейфуллин көшесіндегі  өрттің салдарынан үйсіз қалған елу шақты адам туралы бұған дейін де жазғанбыз. Содан бері үш апта өтсе де олар баспанасыз отыр.

 

«БІЗ САЙЛАУҒАҚАТЫСПАЙМЫЗ»

Зардап шеккен тұрғындар осындай пікірде.

- Біз билікке керек болмасақ не деп сайлауға барамыз. Уәдесін орындамайтын депутаттар үшін бе. Бір адам емес, елу адамның тағдыры ешкімді ойлантпауы қалай. Енді келіп үйді өздерің өртедіңдер деген кінә артуда. Қақаған қыста баспанамызды өртеп жын ұрды ма. Жаман болса да өз үйімізге не жетеді, - дейді Нұржамал МАХИ, Гүлшат БАҚСИЫҚОВА.

Сенделген тұрғындар әкім-дікке, «Нұр Отан» партиясына барып арызданбақшы болғандарынан түк шықпапты.

Өрттен кейін әкімдік тұрғындарға “жұмыс жасамайтындарға үйді жалдап береміз, жұмысы барларға өз ұжымы көмектеседі» деген. Қайрат ЕРМҰХАНОВТЫҢ айтуынша, аудан әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов өрттен қатты зардап шеккен Исатай Омаров екеуін кабинетіне шақырып алып әрқайсысына елу мың теңге ақша берген. Қайрат өзіне берген ақшаны тұрғындарға бөліп беріпті. Бұдан басқа көмекті көрмегендер жалдайтын үй іздеп сенделіп жүр.

 Мен поштада жұмыс жасаймын. Мекеме адамдары отыз мың теңге ақша жинады. Бастығым бұдан әрі көмектесе алмайтынын ашып айтты. Қазіргі жалдап отырған пәтерім жиырма мың теңге сұрап отыр. Енді бір айдан кейін пәтерақысын қалай төлеймін деп басым қатуда, себебі алатын еңбекақым 20 мың теңге ғана. Балаларды қалай асыраймыз, күйеуім жұмыссыз. Мекемем үйің өртенді деген анықтама тапсыр дейді, ал өрт сөндірушілер төрт үйден басқасына бермейді, дейді Гүлшат Бақсиықова.

Сағытжан Оразғалиевтің отбасындағы он үш адамның пәтерақысын кім төлейтіні белгісіз. Көзі көрмейтін Жаңабай Тасыбаев өрттен кейін қан қысымы көтеріліп ауруханадан бір шығыпты. Әйелі екінші топтағы мүгедек, демікпемен ауырады. Бұл ғаріп жандарға қызы Гүлзада келіп көмектесуде. Пәтерді өздері жалдапты.

- Үйді өздерің іздеңдер, ақысын мойнымызға аламыз деді әкімдік. Бірақ онысын орындаған жоқ, жылдың аяғы бюджетте қаржы жоқ дейді. Сонда ТЖ қорындағы қаржы қайда кетті, - дейді Гүлзада ТАСЫБАЕВА.

 

ӘКІМДІК ҮНСІЗ

Тұрғындар үйді өздерің өртедіңдер деген желеумен баспана мәселесі шешілмей қала ма деген қауіпте. Ал өрттің шығу себебі әлі анықталар емес, жылу қазандығынан кеткен деген жорамал да бар. Себебі аталмыш баспана бұдан 47 жыл бұрын салынған, қабырғасы қамыс. Индер аудандық ІІБ бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛИННІҢ мәлімдеуінше бұл оқиға бойынша қылмыстық іс көтерілген жоқ. Ал аудандық ТЖ бас маманы Ізбасар САҚЫПҚАЛИЕВ өрттің сараптама қорытындысы Ақтөбеге жіберілгенін айтты.

- Біз сараптамасыз ешкімге акт бере алмаймыз, бұл біздің құзырымызға жатпайды. Оны тұрғындар Атыраудағы ГАСК ден алуы тиіс, - дейді Сақыпқалиев.

Аудандық әкімдіктің төтенше жағдай жөніндегі бөлім бастығы Зулфия НАМАЗҒАЛИЕВАГАСК мамандары келіп үйдің апатты жағдайда екенін, бұдан әрі тұруға келмейді деген қорытындысын бергенін айтады. Онсыз да апаттық жағдайда тұрған үй баспана болуға жарамайтын көрінеді.

Уақытша пәтер жалдау, болашақта баспана мәселесі қалай шешіледі деген маңызды сұрақпен билік басындағылардың жауабын естігіміз келген. Кент әкімі Мақсот ОМАШ Астанаға ісспарға кеткен болып шықты. Ал аудан әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВПЕН жолығудың сәті түспеді. Үнемі жиналыста, қол телефонын қоңырау барғанмен көтермейді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

4 қаңтар 2012, 21:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.