Атырау, 11 қазан 21:26
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Спорт жаңалықтары

3 149 просмотра

ДЗЮДО

Дзюдодан Еуропа кубогі өтіп жатқан Будапешттен жағымды жаңалық жетті.

Жарыстың алтын жүлдесін атыраулық спортшы Қанат Сейілхан жеңіп алды. Қанаттың бапкері Қуаныш Сүлейменов.

Ал, Якутияда халықаралық «Азия балалары» спорт ойындары жалғасуда.

Дзюдошылар арасында өткен сайыстың жеңімпазы деп Жәнібек Тельмановты атауға болады. Ол төрт рет жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Нәтижесінде қанжығасына қола медальды байлады.

***

КАРАТЕ

«Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі Әсел Серікова Сеулде WKF каратеден (олимпиадалық нұсқа) өткен халықаралық «Корея Опен» турнирінде алтын медальды жеңіп алды.

Әсел 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, ерекше көзге түсе білді. Барлық жекпе-жекте жеңіске жетті. Спортшыны Айбат Рахман жаттықтырады.

***

ДОЙБЫ

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Кенбаш селосында қазақ жігіттері арасынан тұңғыш дойбыдан КСРО спорт шебері болған – Бақ Қуанышбайұлы Иманәлиевті еске алу құрметіне дойбыдан ірі республикалық турнир болды.

Атырау намысын төрт спортшы қорғады. Балалар арасында 2016 жылы ҚР чемпионы атанған тоғыз жастағы Бекарыс Жұмалиев 9-шы орынды иеленді. Тағы бір атыраулық ойыншы, ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Ерзат Кенжеғали турнирде екінші орынды жеңіп алды. Спортшыларды жаттықтырушы Еркін Үсенов дайындады.

***

...Бәрі де Нұржігітовтен басталды

20 шілдеде Халықаралық шахмат күні аталып өтеді. Біз облыстық шахмат федерациясының вице-президенті, №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Сабырбай ҒАЙСИННЕН спорттың осы түрінің дамуы туралы әңгімелеп беруін өтінген едік.

- Халықаралық шахмат күні 1966 жылдан бастап аталып келеді. Бұл мерекенің аталып өтуі 1924 жылы 20 шілдеде Парижде құрылған Бүкіләлемдік шахмат федерациясының бастамасымен қолға алынған. Федерацияның мәліметтері бойынша, 2012 жылы әлемде шахматты үнемі ойнайтын 605 миллион ересек адам есепке алынған. Бұл мереке қазір 178 елде аталып өтіледі. 1995 жылдан бастап федерация президенті Ресей мемлекет қайраткері Кирсан Илюмжинов болды.

- Атырау облысындағы шахматтың дамуы туралы айтып өтсеңіз?

- Егер анықтамалық-мұрағат материалдарына үңілетін болсақ, біздегі тұңғыш шахматшы жерлесіміз Нұржігітов деген (есімі сақталмаған) азамат болған, ол 1935 жылы Алматыда өткен Қазақ КСР екінші чемпионатына қатысып, берілген 13 мүмкіндік барысында 2 ұпай жинап, 12-ші орынды иеленген. 1949 жылдың наурыз айында Қазақ КСР IX чемпионатында біздің жерлесіміз Өтәлі Балғымбаев 5-ші орынды жеңіп алды.

1960-70 жылдары біздің жерлестеріміз республикалық жарыстарда алғашқы медальдарын жеңіп ала бастады. 1962 жылы гурьевтік шахматшы 25 жастағы спорт шеберлігінен үміткер Геннадий Мовшович 11 берілген мүмкіндік бойынша 8,5 ұпай жинап, Қазақ КСР чемпионы атанды. Грозный қаласындағы құрылыс институтын аяқтаған Г.Мовшович жолдамамен біздің өлкеде жұмыс жасады. Студент жылдарында ол бірнеше дүркін Шешен республикасының чемпионы болды. «Спартак» спорттық қоғамының біріншілігінде үшінші орынға ие болған Константин Теннің жетістігі туралы да айта кеткен жөн. 1972 жылы біздің селолық шахматшыларымыз Бөкенбай Ағаша, Мұхамғали Сейітов, Юрий Гучин және Балтабай Жиенғалиев «Қайрат» спорттық қоғамының республикалық біріншілігінде жеңімпаз болды. Біздің шахматшыларымыздың 80-90-2000 жылдардағы жетістіктері көбіне Жилгородоктегі «Дебют» (1981 жылы) клубының, облыстық білім беру басқармасы жанынан №1 БЖСМ шахмат бөлімшесінің (1984 ж.) және АМУ жанынан К.Ш.Шамбилов атындағы клубтың (2015 ж.) ашылуымен байланысты.

1996 жылы АҚШ және Еуропа елдерінде өткен турнирлерде ерекше көрсеткішке қол жеткізген біздің жерлесіміз Салауат Ізмұхамбетовке халықаралық гроссмейстер атағы берілді. Бұл жастар арасында шахматты дамытуға шабыт берді. Салауаттан кейін жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері Серік Кенжеевті, 2009 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жәнібек Аманов, Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Нұрбол Ғалымжанов және оның ағасы еліміздің чемпионы Нұрлан Ғалымжановтардың есімін атауға болады.

2011-2016 жылдары №1 БЖСМ тәрбиеленушілері түрлі республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды иеленіп келді. Атап айтар болсақ: Диляра Ғабитова, Зухра Сарсенби, Жазира Боран, Анар Айтмағамбетова, Сержан Олжасұлы, Нұрәділ Жамбыл, Аят Абдуллаев, Әлимансур Олжа, Нұрбек Хайрошев.

Осынау мереке қарсаңында Атырау облысында шахматтың дамуына үлкен үлес қосқан ұйымдастырушылар мен ардагерлердің есімдерін атап өткеніміз жөн болар, өкінішке орай бүгінгі күні олар ортамызда жоқ. Олар - Ғ. А. Айдаралиев, К. Ж. Шамбилов, С. А. Мазлумян, М. С. Жаменов.

Қазіргі ардагерлеріміз бен барша шахмат сүйер әуесқойларды халықаралық мерекемен құттықтап, оларға өмірде де, спортта да үлкен табыстар тілеймін.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



14 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.