Қазақстан Премьер-Лигасының «Атырау» және «Ақтөбе» командалары арасындағы 20-шы турдың матчынан кейін Атырауда өткен баспасөз конференциясында жағымсыз оқиға орын алды.
Бастапқыда матчтан соңғы талқылаудың арты дауға ұласады деп ешкім де ойламады. «Ақтөбе» командасының бас бапкері Юрий ӨТКЕЛБАЕВ өз ойыншылары туралы айтып жатқанда оған өзін Ғазиз деп таныстырған жанкүйер сұрақ қоя бастады. Орта жастағы азамат тәлімгерден алаңдағы арбитрдің әрекетіне қатысты бапкердің пікірін білмек болды.
- Сізде төрешілер үшінші команда үшін ойынға кедергі келтірді деген әсер қалған жоқ па? - деп сұрады. Өткелбаев қысқаша ғана жауап қайтарды:
- Мен ойынға және футболшыларға қатысты ғана түсінік беремін.Осыған қатысты сұрақтарыңыз болса қоя беріңіз.
– Сіз кәсіби мамансыз, төрешілердің қайта-қайта ысқырып ойынауға мүмкіндік бермегенін өзіңіз көрдіңіз ғой, -деп бастырмалатты жанкүйер.
Ұзаққа созылған сөзтартысқа араласқан «Ақтөбе» ФК бас директоры Дмитрий ВАСИЛЬЕВ беймаза жанкүйерден қай басылымнан келгенін сұрады. Айқай-ұйқайға ұласқан дау барысында Ғазиз тағы Юрий Өткелбаевқа қарай сөйлей бастады:
- Міне, сондықтан да Ақтөбеде футбол жоқ, міне содан да Қазақстанда осындай директорлар бар.
Васильев полицейлерден бұл адамды залдан алып кетуді өтінді де артынша:
- Міне, осындай ұйым – колхоз, Атырау деп аталатын үлкен колхоз,- деп мәлімдеді.
Бұдан соң залдағы көрініс баспасөз конференциясына ұқсамады, жұрттың бәрі шығар есікке ағылды. Егер тәртіп сақшылары болмағанда мұның бәрі жұдырықтасумен аяқталған болар еді.
Марат ТАКУЛИН
Сурет және бейнежазба автордікі