Атырау, 5 қазан 01:03
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қос кандидат үшін Жаңаөзен тосқауыл болды ма?

2 070 просмотра

Мәслихат депутаттығына дауысқа түспекші болған Атырауға танымал «Арлан» ҮЕҰ төрағасы Макс БОҚАЕВ пен «Заман» ҚБ жетекшісі Әсел НҰРҒАЗИЕВА сайлауға түсушілер тізімінен түсіп қалды.

Ресми себеп – «салық декларациясына сәйкес келмеуі». «Мен декларацияда «Арлан» қоғамдық қорының және «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы боп табылмайтынымды көрсетпеппін-міс. Бірақ мен мұны формальды себеп деп есептеймін. Мені тіркеуден Жаңаөзенге қатысты пікір білдіруіме байланысты алып тастаған болуы керек».

Макс Боқаев 11-округ бойынша округтік сайлау комиссиясына облыстық мәслихат депутаттығына өз кандидатурасын ұсынуға өтінішті 10 желтоқсанда берген. Ол жерде, оның айтуынша, барлық мәліметтерді тексеріп, кандидат ретінде тіркеген.

«Ал 23 желтоқсанда БИМҰХАМБЕТОВ төрағалық еткен №11 округтік сайлау комиссиясы маған тіркеу күшінің жойылғандығы туралы шешімді қолыма ұстатты, - дейді ол. – Атырау қаласы бойынша салық басқармасынан ҚИЯЛБЕКОВТІҢ қолы қойылған хат келді. Онда декларацияда мені қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы боп табылатындығым көрсетілмегендігі және мұның заң бұзушылық екендігі айтылған. Алайда салық декларациясында менің коммерциялық емес ұйымның құрылтайшысы боп табылатындығымды көрсететін бірде-бір баған болған жоқ. Егер әңгіме коммерциялық ұйым туралы болған болса, мен онымен келіскен болар едім, сонда ол шынымен де заң бұзушылық болар еді».

23 желтоқсанда М. Боқаев қалалық сотқа талап арыз берген. «Сол күні кешкі сағат 7-де судья Ізтелеуова маған заңды айқынсыздықтарды түзетуім үшін ұйғарым берді. Сенбі күні мен барлық көрсетілген қателіктерді түзетіп, электронды үкімет порталы арқылы он-лайн форматында өтініш жолдадым. Дүйсенбі күні түске дейін маған судья көмекшісі қоңырау шалып, сағат 2-ге сотқа шақырды. Мен сот болады деп ойладым, бірақ сағат 14.30-да судья көмекшісі тағы да әлдебір олқылықтар туралы айтылған ұйғарымды берді. Мен оларға электронды түрде өтініш берген екенмін, сіздер де электронды үкімет сайты арқылы жауап берсеңіздер деп айттым».

Әсел Нұрғазиева да тіркеу күшінің жойылғандығын Жаңаөзендегі оқиғалармен байланыстырады.

«Менің кандидатурамды қабылдағандығы туралы шешім 20 желтоқсанда шықты, - дейді ол. - №2 округтік сайлау комиссиясы төрағасы Ж. МҰРАТУЛЛИННІҢ айтуынша, маған тіпті депутаттыққа кандидат куәлігін де жазып беріпті. Ал 22 желтоқсанда кешкісін (бұл күні мен Жеңіс саябағында Жаңаөзендегі қаза болғандарды еске алуды ұсынған едім) мені тіркеуден алып тастағандығын білдім. Тікелей болмаса да, жанамалай байланысы бар деп есептеймін». 26 желтоқсанда Ә. Нұрғазиева да М. Боқаев секілді қалалық сотқа талап арыз беріпті.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

4 қаңтар 2012, 20:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.