29 маусымда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» футболшылары қостанайлық «Тобылмен» екінші турдың кейінге қалдырылған матчын ойнады.
Бұл күні жанкүйерлер әдеттегіден көп болды. Оларды шыжыған күн де, матчтың әдеттен тыс жұмыс күні өткені де қорқытпады. Себебі, стадионда әлемдік бокс саңлағы, жеңілмейтін Геннадий ГОЛОВКИН қатысып отыр еді. Трибуналар GGG-ді қошаметтеп, ол құттықтау сөзінен кейін VIP орынға жайғасты.
Ал «Атырау» футболшыларына жұлдызды мейманға көңіл бөлуге шамалары жоқ еді, алғашқы алтылықтағы өз позициясын нығайту үшін қалай болғанда да үш ұпай жинау қажет еді. Командалар тең ойын көрсетті. Алайда 70-ші минуттан кейін алаң иелерінің «болдырып қалғаны» байқалды. Меймандар Жасур НАРЗИКУЛОВТЫҢ қақпасына шабуылды күшейткенімен, біздің қақпашы мінсіз болды.
Нәтижесінде атыраулық ұжым өз алаңында қатарынан екі ойынды тең есеппен аяқтады.
Бір таң қаларлығы, матчтан кейінгі баспасөз конференциясында «Атырау» бас бапкері Стойчо МЛАДЕНОВ өз ойыншыларының ойынына оң бағасын берді. «Атырау» 24 ұпай жинап, алтыншы орынын сақтап қалды. «Тобыл» одан екі ұпай төмен тұр.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор