Атырау, 22 желтоқсан 15:26
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Азамат Бекет: «Мен боксты ұнатамын, бірақ бізде спорттың тағы да 50 түрі бар ғой»

5 808 просмотра

Image 0Біздің әңгімеміз облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТПЕН (суретте) өрбімек.

«ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЕСЕПТЕСУГЕ КӨШТІК»

- Мынадай қалыптасқан ескі тәжірибе бар: балалармен бірге жарысқа бара жатқан бапкерлерге іссапар ақшасын бермейді, сол себепті бапкерлер банктерден несие алуға мәжбүрлі...

- Біз бапкерлердің несиелік берешектерін жаптық. Жаттықтырушылар достарынан, туысқандарынан, бизнесмендерді жағалап ақша сұрап жүрмеуі тиіс деп ойлаймын. Оларға тиесілі ақша мерзімінде төленуі тиіс. Облыстық спорт басқармасынан қаржыландыру өз уақытында жүргізілуі керек, өйткені, жол билеттері сатып алынып, қонақ үйлерден орындар брондалуы тиіс. Егер басқарма жолсапарға ақшаны уақытында бөлетін болса, бапкерлер сапардан кейін растайтын құжаттарды уақытында тапсыруға міндетті. Мен іссапар ақшасын төлеудің мына үлгісіне толық көштік деп айта алмаймын, өйткені, біз қарыздарымызды жақында ғана өтедік. Бірақ, біз барынша тырысып жатырмыз...

- Таяуда ғана бокстан, еркін күрес, қазақ күресі бойынша командалар жарысқа өз қаражаттарымен аттанды...

- Мен айтып отырмын ғой, біз әлі толығымен бұған көше қойғанымыз жоқ. Оның себебі маған дейін басқармада жаттықтырушыларға қолма-қол ақшамен төлеп келген. Мен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуді талап еттім. Кейбір жаттықтырушылардың банкомат карточкаларының жоқ болуы да кедергілер туғызды.

Азамат Бауыржанұлы Бекет, 33 жаста, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қаржы полициясы органдарында жұмыс жасаған, Батыс Қазақстан облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасын басқарды.

- Риода өтетін олимпиадаға қатысу құқығын атыраулық спортшылардан кімдер иеленді?

- Қазір облысымызда екі олимпиадалық лицензия бар: ауыр атлетика бойынша Ниджат Рахимов және таеквондодан Жансель Дениз. Әнуар Сариев Параолимпиадада зағиптар арасында дзюдодан бақ сынайтын болады. Тағы бір параолимпиадалық лицензияны жүзгіш Ержан Сәлімгереев жеңіп алуы мүмкін. Ол таяуда ғана Германияда өткен халықаралық турнирде Параолимпиада қатысушысының нормативтерін орындады. Оны ҚР ұлттық қарамасына енгізу мәселесі ҚР дене тәрбиесі және спорт комитетінде шешілетін болады.

- Олимпиадаға облыстан баратын делегация құрамында кімдер бар?

- Ешқандай делегация деген жоқ. Бразилияға спортшылардың өздері мен олардың жеке бапкерлері барады. Облыстық басқармадан мен баруым мүмкін, әзірге анық емес, алайда, ҚР дене тәрбиесі және спорт комитетінен аккредиттелген тұлғалар тізімінде бармын. Ал, қалғандары өз қаржылары есебінен барады.

«“АТЫРАУ" ФК БЮДЖЕТІ ЕШКІМНЕН КЕМ ЕМЕС»

- Командаға барынша шебер ойыншыларды тарту үшін «Атырау» футбол клубының бюджетін көбейту жөніндегі мәселе қарастырылып жатыр ма?

- Клубтың бүгінгі күнгі жылдық бюджеті екі миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржы жеткілікті деп есептеймін. «Қайрат», «Астана» секілді командалардың бюджетімен салыстырғанда әрине, аз, бірақ, Премьер Лиганың басқа клубтарымен салыстырғанда жаман емес. «Атырау» командасы ойыншыларының алдына мынадай міндет қойылды – Премьер Лиганың таңдаулы деген командаларының алтылығына ену, ал кейін екінші кезеңде чемпионат медалі үшін күресу. Еске сала кетейін, «Атырау барыстары» баскетбол клубы, «Бейбарыс» хоккей клубы және Қазақстан жоғары лигасында ойнап жүрген «Атырау-2» волейбол командасы осы жылы еліміздің чемпиондары атанды. Атырауда әрбір спорт түрінен өздерінің керемет көрсеткіштері бар. Біздің міндетіміз бұл жұмысты жалғастырып, спорттағы жақсы жетістіктерімізді жоғалтып алмау. Көпшілігі мені басқармаға боксты көтеру үшін келді деп ойлайды. Бокстың жаттықтырушылары келіп бұл туралы маған айтып та жатыр. Мен оларға Атырауда спорттың 50-ден астам түрі дамып келеді, бокске деген сүйіспеншілігіме қарамастан мен өз жұмысымда спорт түрлерін жақсы көретін немесе жаман көретін деп бөлмеймін.

- Дегенмен, айтыңызшы, бокс қалай дамып келеді?

- Мен өте тез алға жылжып келеді деп айтар едім. Облыс құрамасы Қазақстан спартакиадасында командалық есеп бойынша үшінші орынға ие болды. Осылайша, 18 жасқа толған және тұрақты түрде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген спортшыларды материалдық жағынан қамтамасыз етудің мүмкіндігі пайда болды.

«БІЗ АТЫРаУДАН КЕЙБІР ЛЕГИОНЕРЛЕРДІ КӨРМЕЙ ЖАТАМЫЗ»

- Облыста шорт-тректен кәсіби команда бар, ал, балалар секциясы жоқ. Неге?

- Атырау атынан Кореядан келген легионер және Қостанай облысының бірнеше спортшысы шығып жүр. Олардың ішінде Олимпиада ойындарына қатысушылар да бар. Біз оларды Атыраудан тіпті де көрмейміз. Сондықтан да мен телефон арқылы жаттықтырушымен сөйлесіп, жаңа оқу жылынан бастап бізге келіп балаларды жинап, біздің Мұз сарайында жаттығуды бастауы керек екенін айттым. Алдағы жылдарда біз облыс құрамасына жергілікті спортшыларды тарту арқылы легионерлердің санын азайтуға қол жеткізетін боламыз. Маған көбінесе Атырау мен Оралдағы спорттың дамуында қандай айырмашылық бар деген сауалды көп қояды. Бір қарағанда ешқандай да айырмашылық жоқ. Оларда да көптеген танымал спортшылар бар, алайда олардың бір артықшылығы сол – олар жергілікті спортшылардың жеңісіне үміт артады, өйткені, легионерлерге ақша жоқ.

- Жақында қандай жарыстар бар?

- Хиуаз Доспанованы еске алу құрметіне орай әйелдер боксы және үстел теннисінен ҚР президентінің кубогі бойынша халықаралық турнирлер өтеді. Біз облыста барлық спорт түрінен мықты болмасақ та Атырауда еліміздің және халықаралық турнирлерді барынша көптеп өткізуге тырысатын боламыз. Бізге «алтын» алу міндетті емес, бастысы спортты насихаттасақ болды. Атырауда жарыстар өткізу шығыны мен командаларды басқа өңірлерге жіберу шығындарының үлкен айырмашылығы жоқ. Тағы айтамын, спортты насихаттау үзілмейтін болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

30 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.