Параолимпиадашы-спортшылар арасында жүзуден таяуда ғана Қазақстан чемпионы атанған атыраулық спортшы Ержан СӘЛІМГЕРЕЕВ елге жаңа жеңісімен оралды. Бұл жолы ол Берлинде өткен турнирде Германия Кубогіне ие болды.
Германияның ашық кубогінде 36 елден мықты деген мыңдаған параолимпиадашы-спортшылар бақ сынады. Оның ішінде әлем чемпиондары мен параолимпиадаға қатысушылар бар. 100 метрге дейін еркін жүзіп өткен Ержанға әлемнің мықты спортшыларының ондығына енуге мүмкіндік туды. Сөйтіп ол «В» класты нормативті орындады. 50 метр қашықтыққа ерсін жүзу барысында қоланы иеленуге шамалы секундтар ғана жетпей қалды, дегенмен ол «А» класты нормативті орындады. Баттерфляй стилінде 50 метр қашықтыққа жүзу бойынша Ержан «А» класты нормативін орындады. Өз рекордын 33 секундтан 32 секундқа өзгертті. Дәл осы жүзу оған алтын медаль алып берді. Бұдан басқа ол конкурстан тыс сайысқа да қатысты.
– Мұнда барлық чемпиондар өз кластары бойынша өзара жарысты. Бұл өте қиын сынақ. Айталық, тірек-қозғалыс аппаратында сырқаты бар жүзгіштерге көздері нашар көретін спортшылармен сайысуға тура келді. Дегенмен де маған екінші орынды жеңіп алуға мүмкіндік туды, - дейді Ержан.
Германияда өткен турнир рейтингілік болғанымен Риодағы параолимпиадаға бару сапары орындалмайтын болды. Өйткені онда баратын спортшылар белгіленіп қойылды. Алайда, Ержан оған бола ренжіп жатқан жоқ.
- Бастысы мен өзіме мақсат қойып, соған жеткенімді дәлелдей білдім. Одан әрі жаттығатын боламын.
– Ержанның есімі мықтылар қатарында. Ол жігіттің мүмкіндігі зор, – дейді облыстық «Мүгедектер спорт клубы» директорының орынбасары Бағытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВ. – Бұл жолы ол уақыт жағынан есе жіберіп алды, әйтпесе параолимпиадаға жолдаманы сөзсіз жеңіп алатын еді. Алайда, оның еш өкініші жоқ, қазір біз әлем чемпионатына дайындықпен айналысамыз және 2020 жылы Токиода өтетін параолимпиада ойындарында Қазақстан атынан шығуына жұмыстанатын боламыз.
Тамара СУХОМЛИНОВА