11 маусымда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» мен «Оқжетпес» (Көкшетау) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 15-турының матчы өтті.
Екі команда да алаңға «Ұлан, біз сенімен біргеміз!» деп жазылған ақ футболкамен шықты. Естеріңізге салсақ, алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев таяуда қазақстандық және қытайлық құрамалар арасында өткен матчта ауыр жарақат алған еді.
Стадион Ақтөбедегі лаңкестік салдарынан қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бірінші тайм қожайындардың шабуылымен өтіп, 30-минутта «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Павел ШАБАЛИН гол салды. Екінші таймның басында меймандар бұрыштан доп соққаннан кейін есеп теңесті. Бірақ 57-таймда Пшемыслав ТРЫТКО көпжүрісті комбинациядан кейін тағы да қожайындарды алға шығарып, мәрелік ысқырыққа дейін есеп өзгермеді. Есеп «Атырау» пайдасына 2:1 болды.
Матчтан кейінгі баспасөз конференциясында «Атыраудың» бас бапкері Стойчо МЛАДЕНОВ (болгар маманы акцентпен орысша сөйледі) өз қамқорлығындағылардың ойынына риза екенін айтып, команда «стратегиялық жеңіске» жеткенін атап өтті. Тур қорытындысы бойынша «Атырау» турнирлік кестеде 8-орынға ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН