Атырау, 22 желтоқсан 15:53
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 791 просмотра

МУАЙ-ТАЙ

Image 31 маусымда Атырау қаласының теміржол вокзалында Швецияда муай-тайдан өткен әлем чемпионатына қатысып қайтқан спортшыларды салтанатты түрде қарсылады.

Доссордағы «Алан» спорт клубының тәрбиеленушілері Еламан Саясатов, ағайынды Әбіл және Ищан Ғалиевтер еліміздің чемпиондары және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары. Сондықтан да оларға әлем чемпиондары мен мықты деген тай спортшылары қатысатын әлемдік чемпионаттың «А» класы бойынша өнер көрсетуге құқық берілді.

60 келіге дейінгі салмақта Әбіл турнирдің ең мықтысымен кездесіп, тартысты айқаста есесін жіберіп алды. 57 келіге дейінгі салмақта Ищан Ғалиев алғашқы жекпе-жегінде-ақ австралиялық спортшыны нокаутқа құлатты. Алайда, жартылай финалда Украина құрамасының танымал өкіліне есесін жіберіп алды. 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Еламан Саясатов бірінші кездесуде Түркия құрамасының өкілін нокаутқа құлатты. Одан кейін ресейлік спортшымен белдесіп, бірінші раундта өзі нокдаунға түсіп қалды, бірақ, үшінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңіп кетті. Финалда ол Таиланд құрамасының мықты деген спортшысымен кездесіп, балл бойынша өткен тартысты жекпе-жекте ұтылып қалды. Турнирдің жоғары деңгейін ескерер болсақ, біздің спортшыларымыздың осы турнирде өнер көрсетуінің өзін үлкен жетістік деп атауымызға болады. Атыраулық төреші Бағытжан Мұхамбетәлиев чемпионаттың қорытындысы бойынша таңдаулы деген төрешілердің ондығына кірді.

- Бұл салмақ дәрежесі бойынша атыраулық оғландар еліміз деңгейіндегі бастапқы позицияны бекем ұстап келеді. Олардың әлем чемпионатының «А» класына ілігуі – біздің облысымыз, әсіресе Мақат ауданы үшін үлкен салмақты көрсеткіш, - дейді «Қайсар» дәстүрлі және спорттық карате, муай-тай спорт клубының жетекшісі Айбат РАХМАН.Басқа аудандарда ондай мықты спортшылар жоқ. Жаттықтырушы Мейрам Ғалиевтің еңбегін атап өту керек. Ол МГӨБ жүргізіші болып жұмыс істегеніне қарамастан балалармен жаттығуға уақыт таба біледі. Бұл жетістікке «Қайсар» және «Алан» спорт клубтары мен облыстық муай-тай федерациясы жаттықтырушылары ұжымының ауызбірлігінің арқасында қол жеткіздік.

Суретті түсірген М. Сұлтанғалиев

***

САМБО

Image 11 маусымда Атырау қаласының теміржол вокзалында спорт сүйер қауым салтанатты түрде самбошылар командасын қарсы алды. Олар Ашхабадтағы өткен Азия чемпионатынан төрт алтын, бір күміс және бір қола медальды қанжығаларына байлап оралды.

Чемпионаттың алтын медалін Наурызбек Майлашев (спорттық самбо), Ержан Қабделов (әскери самбо), юниорлар Айдынбай Қайырберды және Асқар Еспусинов жеңіп алды. «Күмісті» Айзада Алмаз, «қоланы» – Айымгүл Махуова иеленді. Наурызбек пен Ержан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігі нормативтерін орындады, ал, Айдынбай мен Асқар – ҚР спорт шебері атанды.

Азия чемпионатында ҚР құрамасының қоржынында 20 алтын, 10 күміс, 13 қола медаль болды. Осы нәтижемен құрама Түркіменстан мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші командалық орынға ие болды. Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат ДОСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, қазір самбоны Олимпиада ойындарының бағдарламасына біртіндеп енгізу мәселесі қаралуда. 19 мамырда Бангкокте Азия елдеріндегі олимпиада комитеттері басшыларының мәжілісінде самбо 2018 жылы Джакартта өтетін Азия ойындары бағдарламасына енгізілді. Жаңа танылған чемпионадар қазан айында Бухаресте (юниорлар мен жастар арасында) өтетін және қарашада София қаласында болатын әлем чемпионаттарына дайындықты бастамақ.

Суретті түсірген М. Такулин

***

ШАХМАТ

Қызылордада шахматтан Қазақстан балалар кубогінің бірінші кезеңі өтті.

Жарысқа 172 жас зияткерлік ойындардың әуесқойлары қатысты. Турнирдің жеңімпазы атыраулық шахматшы, халықаралық шебер Жәнібек Амановтың тәрбиеленушісі Аят Абдуллаев болды. Ол 8 жасқа дейінгі балалар санаты бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, алтын медальді иеленді.

Суретті түсірген М. Сұлтанғалиев

***

ТАЕКВОНДО

Алматыда балалар, кадеттер және юниорлар мен ересектер арасында таеквондодан «А» класы бойынша халықаралық «Барыс кубогі» турнирі өтті.

Турнир Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Монғолия және Қазақстаннан келген үш мыңнан аса спортшының басын қосты. Атыраулық спортшылар 1 алтын (Айгүл Елеубай), 1 күміс (Арайлым Асқарова) және 3 қола (Жұлдыз Бүркітова, Аманжан Бекежан және Диар Набиев) медальды иеленді. Оларды жаттықтырушылар Сәуле Сардарова мен Азамат Нұржанов жаттықтырды.

***

Оралда таеквондодан (GTF нұсқасы) еліміз чемпионатында атыраулық спортшы мен оның жаттықтырушысы жүлдеге ие болды.

12-14 жас аралығында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Денис Ким қола медальды жеңіп алды. Ал оның бапкері Берік Әлжанов ересектер арасында 63 келі салмақ дәрежесі бойынша ҚР чемпионы атанды және шілдеде Қазанда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.

***

КҮРЕС

Image 0Бізге жақсы жаңалық 1996-98 ж.т. жастар арасында грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталған Филиппин астанасы Манила қаласынан жетті.

ҚР құрамасында атыраулық спортшы, №2 БЖСМ тәрбиеленушісі Қахарман Қисметов ерекше көзге түсті. 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан құрамаларының өкілдерін тізе бүктірді. Ал, ақтық сайыста Тәжікстан спортшысымен кездесіп, жеңіске қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды. Осылайша ол халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігі нормативтерін орындады.

Қахарман тоғыз жыл бойына жаттығып келеді. Ол Азия жүлдесіне лайық еді. Биылғы жылы ҚР чемпионы болды және Жақсылық Үшкемпіріов жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды, - деп әңгімелейді чемпионның бапкері Александр Поливадов. – Енді Қахарман қыркүйек айының басында Францияда өтетін әлем чемпионатына дайындалады.

Спортшы мен оның бапкері осы сапарды қаржыландырған облыстық күрес фелерациясының президенті К.Оразбаевқа, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы А.Бекетке алғыстарын білдіреді.

Сурет А.Поливадовтікі.

***

ШАХМАТ

Image 2Қызылордада шахматтан Қазақстан балалар кубогінің бірінші кезеңі өтті.

Жарысқа зияткерлік ойындардың 172 жас әуесқойы қатысты. Турнирдің жеңімпазы болып атыраулық шахматшы, халықаралық шебер Жәнібек Амановтың тәрбиеленушісі Аят Абдуллаев (суретте) атанды. Ол 8 жасқа дейінгі балалар санаты бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, алтын медальды иеленд

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.