2 маусым күні сағат кешкі 8-де Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-нің «Жайық» спорт кешенінде Атырау және Қарағанды облысы құрамалары арасында кикбоксингтен матчтық жолдастық кездесу өтеді.
Алдымен рингте бес салмақ санаты бойынша әйгілі файтерлер кездеседі, артынша әлем чемпиондары атыраулық Абзал ДҮСІПОВ пен әзірбайжандық Зухраб АЗИМОВ арасындағы рейтингтік жекпе-жек басталады. Барлық айқастар – 2 минуттан 5 раунд деп белгіленіп отыр.
Алаңда бақ сынайтын жұптардың құрамы мынадай (бірінші болып атыраулық спортшылар көрсетілген): 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша – Жанәлі СӘЛІМГЕРЕЙ және Данияр ОРАЛ, 57 келіге дейінгі салмақта – Жандос НАЗАРБЕКОВ және Сафар АХМАДОВ, 60 келіге дейінгі салмақта – Азамат ӨТЕМІСОВ және Арслан МАЙШЫБАЕВ, 67 келіге дейінгі салмақта – Аллаберген ҚАЙСА және Мұрат ИБРАГИМОВ, 70 келіге дейінгі салмақта – Мейірлан ӘСЕТ және Бахытбек ШЫНТЕМІРОВ.
Спортшыларға сыйақылар тағайындалды: жеңімпазға 500 доллар және ұтылған спортшыға 300 доллар (жекпе-жек кешінде – жеңімпазға 1000 доллар, ұтылғанға 500).
Турнир барысында эстрада жұлдыздары да өнер көрсетеді. Бүгін күндіз «Ренессанс» қонақ үйінде құрметті қонақтар: ҚР кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек ЕСЕНТАЕВТЫҢ, ҚР WAKO-PRO (кәсіпқойлар арасындағы кикбоксинг) Федерациясының президенті Ерлан ДОСМАҒАМБЕТОВТІҢ, грек-рим күресінің олимпиада чемпионы Юрий МЕЛЬНИЧЕНКО мен ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Қазақстандағы кикбоксингтің негізін қалаушы Сансызбай ИБРАЕВТЫҢ қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Еске сала кетейік, наурыз айында Қарағандыда екі облыстың құрамасы арасында бірінші матчтық кездесу болған еді. Онда алаң иелері 4:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Біздің оғландар үшін есепті қайтарар сәт туды. Көрермендер үшін кіру тегін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор