Атырау, 25 желтоқсан 18:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

«Мейірімнің» мүмкіндігі мол

4 254 просмотра

Мақат ауданындағы мүгедектерден құрылған «Мейірім» тігін цехы жұмысшысын да, тұтынушысын да қуантып отыр.

Тігін цехы бұдан үш жыл бұрын құрылған еді. Бастапқыда әкімдіктің қолдауымен құрылған цех жұмысын жандандырып кете алмады, қиындықтар адымын аштырмай қойған. Бір жағынан тәжірибенің аздығы да себеп болғанын бүгінгілер жасырмайды.

Қазір мұнда оннан астам адам жұмыс жасауда. Үш кәсіби шеберден басқасы ақылы қоғамдық жұмыстан қосылғандар. Және көбі екінші, үшінші топтағы мүгедектер. Бір адам айына 25 мың теңгенің жұмысын жасауы тиіс. Бұл жоспарлы жұмысты орындамайтындар кемде-кем.

 - Цехтың құрылуы мүгедектерге қуаныш сыйлағаны рас. Қазір сап-сау адамның жұмыс табуы оңай емес қой. Ал мүгедектер бұл жұмыстарын ықыластана істейді. Арасында үзіліс жасап демалып алады. Еркіндік берілген. Ғимаратты әкімдік тауып берген, шикізатпен Аджип үнемі көмектеседі. Қалғаны өз тірлігімізбен жасалады, - дейді цех бастығы Сандуғаш НҰРБАЕВА.

Тігіншілер кез-келген сұранысты тез орындауға тырысады. Мектеп формасы, жеке адамдарға көйлек-көншек тігу, мейрамханалардың үстел жабдықтары, көрпелер жасау, қалай еткенде де сұраныс талғамайды. Тіпті шалбарды қысқарту болса да қарап отырмайды. Жұмыс жоқ емес, бар. Егер жоспарды орындаса, сыйақы да алады.

 Мен жұмысқа қуанып келемін, өйткені мені мұнда жұмысым және ұжымым күтіп отырады, - дейді  екінші топтағы мүгедек Жұмағыз НЫҒМЕТОВА.

Мұндағы он бір адам жұмыспен қамту орталығынан жіберілген. Келісім-шартты үш ай сайын ұзартып отырады. Тіпті мұнда екі жылдан бері де жұмыс жасап жатқандар бар. Тек бір өкініштісі, жылына бір рет демалыс беріледі. Бірақ еңбекақысыз.

Жуырда «Мейірім» тігін цехы «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесіне қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Және тауарларын басқа да қалаларға жіберуге мүмкіндік алған. Шағын ұжымдағы тігіншілер еңбегін басқалар да бағалайтын болғанына қуанып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 желтоқсан 2011, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.