Жүзу
Атырау жүзу мектебінің жас тәрбиеленушісі Виолетта Шильман ҚР үш дүркін чемпионы атанды.
Таяуда ғана біздің жүзгіш спортшыларымыз Шымкентте өткен 2004 ж.т. және одан да кіші жастағы балалар арасында жүзуден ел чемпионатынан оралды. Турнир 360 спортшының басын қосты. Атырау облысынан Виолетта Шильман, Біржан Халенов, Тамирберген Жұбанов, Дамир Алтайұлы, Ерасыл Берегенов, Диар Ғизатов, Дмитрий Десятков, Ғазиз Есқалиев және Александр Зыков қатысты. Жиналған ұпай саны бойынша біздің команда 23 команда ішінен 9-шы орынды иеленді. Виолетта 50, 100 және 200 метр қашықтықта еркін жүзу бойынша ең үздік деп танылды. Дамир Алтайұлы 200 метр қашықтықта кешенді жүзу бойынша «күміс» медальді жеңіп алды. Балаларды Атырау облысының жүзуден аға жаттықтырушысы Иван Галкин жаттықтырады.
Волейбол
«Нұрсая» ДСК-нде волейболдан облыс біріншілігі өтті.
Турнирді облыстық волейбол федерациясы ұйымдастырды, оған алты команда қатысты: «АМӨЗ», «Мұнайшы», «Мақат-Локомотив», «НКОК», «Волейбол академиясы» және «Атырау-Ардагерлер».
Жарыс қорытындысында бірінші орынды мұнай өңдеушілер жеңіп алды, екінші орынға Мақат теміржолшылары ие болды, ал, үшінші орын волейбол ардагерлеріне бұйырды. Турнирдің ең үздік ойыншылары: байланыстырушы – Ернар Матеуов («Мақат-Локомотив»), шабуылшы – Бауыржан Жандауов («АМӨЗ»), Серікболсын Рахметов («Атырау-Ардагерлер»), Халидолла Қабиров («Волейбол академиясы»), либеро – Диас Смағұл («Волейбол академиясы»).
***
ММА
АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен (ММА) ҚР чемпионаты өтті.
Облыстық «Динамо» қоғамының өкілдері үздік өнер көрсетті. Спортшы-полицейлердің қоржынында екі медаль: 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Арғын Жұмабайұлы «алтынға», ал, 84 келіге дейінгі салмақ бойынша Санат Нағимов «күміске» ие болды.
***
Баскетбол
«Атырау» ДСК-нде «Isker» облыстық баскетбол лигасының финалы өтті. Бұл туралы «Атырау барыстары» БК баспасөз хатшысы Галина Пилипчук хабарлады.
Облыстық мектеп баскетбол лигасының тұрақты чемионаты жыл сайын қазан айынан мамырға дейін өткізіліп отырады. Үстіміздегі жылғы ойынға жас ерекшеліктеріне қарай екі топтан (2001-02 және 2003-04 ж.т.) құралған 24 команда қатысты. Финалда 8 команда бақ сынады. Жүлделі орындар былайша тағайындалды. Алтын медальдар: кіші топ - №16 мектеп, жаттықтырушысы Александр Литвинов; ересектер тобы –№19 мектеп, бапкері Александр Лысяк. Күміс медальдар: кіші топ - №19 мектеп, бапкері Анатолий Лысяк; ересектер тобы – №34 мектеп, бапкері Жасұлан Тәжібаев. Қола медальдар: кіші топ – Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы спорт мектебі, бапкері Нұрлан Әлжанов; ересектер тобы – №2 мектеп, жаттықтырушысы Бақтығали Айжігітов. Төртінші орын: кіші топ –№18 мектеп, бапкері Жвинклис Жидрунас; ересектер тобы –Н.Назарбаев зияткерлік мектебі, бапкері Бақтығали Айжігітов.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша жүлдегер команданың әрбір ойыншысына мақтау қағазы, медаль және мектеп лигасының логотипі салынған футболка берілді. Төртінші орын алған команданың ойыншыларына қатысуға сертификат және ынталандыру сыйлықтары ретінде тәттілер ұсынылды.
Мақтау қағаздары мен кубоктар және баскетбол доптары үздік деген ойыншыларға мына номинациялар бойынша берілді: «орталық шабуылшы» – Махамбет Қазимов және Василий Сафронов; «шабуылшы» – Қуандық Беркінұлы және Әділжан Бақтыгереев; «қорғаушы» – Бексұлтан Тілепберген және Нұртас Телеубаев; «бомбардир» – Ұлықбек Әбдрахман және Нұрасыл Өтеген, MVP (ең пайдалы ойыншы) – Алдияр Кенжебаев және Дамир Нұржанов.
Жүлделерді «Атырау барыстары» БК ойыншылары, осы жылғы еліміз чемпиондары Қадыржан Ғұбашев, Жалғас Нұрғалиев және Рустем Төлеу тапсырды.
Суретті «Атырау барыстары» БК ұсынды
***
Карате
Қытайдың Хэнань қаласында WKF-карате (олимпиадалық нұсқа) бойынша ірі халықаралық турнир өтті. Жарыс алдында Қазақстан мен Қытай құрамалары бірлескен жаттығу жиындарын өткізді.
Турнирде ҚР құрамасының мүшесі, «Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі Әсел Серікова ерекше көзге түсті. 55 келіге дейінгі салмақ бойынша қытай қыздарымен екі рет жекпе-жек өткізіп, қарсыластарын тізе бүктірді.
Біздің еліміздің құрамасы мәдени бағдарлама аясында аты аңызға айналған Шаолинь монастырында болды. Ондағы монахтар спортшыларға ушу техникасын көрсетті. «Қайсар» СК жетекшісі Айбат Рахмановтың айтуынша, қазір Әсел Кореяда өтетін халықаралық турнирге дайындалуда екен. Тамыз айында ол қазан айында Венада өтетін әлем чемпионатына іріктеу үшін болатын ҚР чемпионатына қатысады. Әселдің мақсаты – жеңіспен оралу.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***