Атырау, 22 желтоқсан 15:43
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Атырау» жартылай финалға өтті

2 359 просмотра

25 мамырда «Мұнайшы» стадионында футболдан еліміз кубогінің ширек финалының матчы өтті.

Жанкүйерлер бұл ойыннан өз қалауларын алды деуге болады: алаңдағы екіжақты тартысты футболдың куәсі болды. Шабуылдар бірде жерлестер қақпасына қарай, енді бір сәт қонақтар қақпасына кезек-кезек ойысып отырды, дегенмен, алаң иелерінің мүмкіндігі мол болды. Ойынның 75-ші минутында «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Владимир АРЖАНОВ есеп ашты. Алаң қонақтары есені қайтару үшін бүкіл командасымен алға ұмтылды, ақыры 90-шы минутта «Ордабасының» қорғаушысы Ренат АБДУЛИН ойынды теңестірді.

15 минуттан берілген қосымша екі тайм алғашқы қарқындай болған жоқ, футболшылар шаршағандай болды, оның үстіне екі жаттықтырушыға берілетін ойыншы ауыстыру лимиті де бітіп кетті. Таблодағы есеп өзгермеді, матчтан кейінгі пенальти тебу уақыты да келді. Көбіне бұл тәсіл жеңімпазды анықтау баққа байланысты: бірінші кезекте спортшының шеберлігі, шаршағанды жеңіп, бойын жинақтап, соққыны тура соғуы маңызды.

Жанкүйерлердің бағына қарай алаң иелері мықтылық танытты. Соққылардың біріне «Атырау» қақпашысы Жасур НАРЗИКУЛОВ тойтарыс бере білді. Пенальти есебі – 4:1, біздің команда жартылай финалға шықты!

Міне, Еуропа лигасында бақ сынаудың чемпионат арқылы емес, кубок арқылы мүмкіндігі туғандай болды. Алайда, ол үшін әлі екі матчта – жартылай финалда және финалда жеңіске жету керек. Қарсыластар да осал емес: ширек финалды «Астана», «Қайрат» және «Ертіс» командалары жеңіспен аяқтады. Жартылай финалдың матчтары күзде өтеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 мамыр 2016, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.