Атырау, 22 желтоқсан 15:24
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 838 просмотра

Бокс

Павлодарда 1998-99 ж. т. жастар арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.

ҚР құрамасында біздің облысымыз атынан 60 келіге дейінгі салмақта мақаттық спортшы Қазбек Сапенов қатысты. Ол рингке үш рет шықты. Алғашқысында Қытай құрамасының өкілін екінші раундта нокаутпен жеңіп кетті. Екінші кездесуде Оңтүстік Кореяның боксшысын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал, жартылай финалда осындай есеппен Үндістандық қарсыласына есе жіберіп алды.

– Бүгінгі күні Қазбек біздің команданың көшбасшысы,– дейді облыстық жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ринат Жұмағалиев. – Бұл жартылай финалда мен оны жеңілді деп есептемеймін. Техника жағынан да, соққылар саны бойынша да ол қарсыласынан басым болды. Бірақ төрешілер өздерінше бағалады, қысқасы, Қазбекке «қола » бұйырды...

Қазбек шілде айында ҚР құрамасымен Ыстықкөл базасында жаттығу өткізетін болады. 20 мамырда облыстық жастар құрамасының оқу-жаттығу жиындары басталады. Олар шілденің ортасында Шымкентте өтетін ел чемпионатына дайындалатын болады.

***

Самбо

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында самбодан Кеңес Одағының батыры Тайымбет Көмекбаевты еске алу құрметіне 21-ші дәстүрлі халықаралық турнир өтті.

Оған Әзірбайжаннан, Грузиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстан мен Қазақстаннан, шамамен, 200-дей спортшы қатысты. Облыс құрамасында өз салмақ дәрежелері бойынша Қайырберді Айдынбай, Жұмабай Парасат және Артур Әлдешев жеңімпаз деп танылды. Олардың үшеуі де самбодан ҚР спорт шебері атанды. «Қоланы» Әбу Аманжан (57 келіге дейінгі), Жандос Иманбаев (74 келіге дейінгі) және Ұлан Ысқақов (90 келіге дейінгі салмақта) жеңіп алды. Спортшыларды Қайрат Досқалиев, Болат Жұмабаев және Ербол Төлеген дайындады.

***

Панкратион

Алматыда панкратионнан Азия чемпионаты өтті. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде атыраулық спортшы Талғат Жұмағалиев чемпион атанды.

Ол үш жекпе-жек өткізіп, оның барлығында уақытынан бұрын жеңіске жетті. Жұмағалиев жекпе-жектің осы түрі бойынша 2015 жылы әлем чемпионы болды. Ал, Астанада джиу-джитсудан ел чемпионаты болды. Бұл турнирде 71 келіге дейінгі салмақта атыраулық Айбек Бөлекбаев қола жүлдеге ие болды.

***

Карате

«Атырау» ДСК-де балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында кекушинкай-кан каратеден Атырау қаласының ашық чемпионаты өтті.

Жарысқа Астрахан, Ақтау, Жаңаөзеннен келген және кекушинкай-кан, шинкиокушинкай және KWF федерациясының 300-ден аса спортшысы қатысты.

Облыстық кекушинкай-кан карате федерациясының құрамында Глеб Пан (3 жыл), Мадияр Досмұхамбетов, Кәрімжан Игенов, Арман Нұрсұлтан, Ыбырай Бекешев, Әли Махметов, Ярослав Гончаров, Әліби Мұрзағалиев, Алексей Боровиков, Глеб Повстянко, Аллаберген Сақауов, Ахмеджан Мақсотов, Айару Жоламан және Валентина Боос жеңімпаз деп танылды.

***

Дзюдо

Қазақ-түрік лицейінің түлегі, атыраулық Талғат ЕГІЗБАЕВ (суретте) дзюдодан Техас штатының Ирвинг қаласында өткен АҚШ жастар чемпионатында алтын медальға ие болды.

Талғат 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзі оқып жатқан Солтүстік Америка университетінің командасы атынан шықты. Ол бес жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске етті. Марапаттау салтанатында ол Қазақстан Республикасының ұлттық жалауын алып шықты. Біздің жерлесіміздің бұрынғы жаттықтырушысы Жандос Қияновтың айтуынша, Талғат дзюдомен 2010-2011 жылдары қазақ-түрік лицейіне түскенге дейін айналысқан. Ол облыстық жарыстарға қатысты, бірақ жүлделі орындарды иеленген жоқ. Талғат өзінің арықтығына қарамастан қол күшінің қуаттылығымен ерекшеленді, бапкерлері оны болашағы зор спортшы ретінде көре білді, алайда, ол ғылымды таңдады. Бұл салада да оның бағы жанды. 2014 жылы қарашада интернетте қазақстандық мектеп оқушысы Талғат Егізбаевтың жетістігі туралы хабар баршаны елең еткізді. Ол Бразилияда жалпы білім беретін MOSTRATEC пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттердің халықаралық олимпиадасында екінші орынды жеңіп алды. Ирвингтегі жеңісінен соң Ж.Қиянов алғашқылардың бірі болып Талғатқа қоңырау шалып, оны жеңісімен құттықтады. Риза болған оқушысы оған бұл жеңісін барлық қазақстандықтарға және өзінің алғашқы бапкеріне арнағанын айтты. Айта кету керек, Ж.Қиянов зағип спортшылар арасынан дзюдо бойынша 2016 жылы Риода өтетіні паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған Атырау облысы бойынша жалғыз спортшы Әнуар Сариевтің, сондай-ақ, дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Назгүл Құбашеваның жеке бапкері болып табылады.

Ж.Қияновтың суреті.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.